Ата-аналар жаңа қаулыға қарсы ма?
Ата-аналар жаңа қаулыға қарсы ма?

Әлемді әбігерге салған COVID-19 саябырсығандай болып, елімізде карантин шектеулері жеңілдетіле бастағаны кеше еді. Алайда көктем шыға пандемияның қарқыны қайта күшейе бас­тады. Осыған қарамастан Қызылордада оқушылар ІV тоқсанды мектепке барып оқитын болды. Ал ата-аналар баланың қауіп­сіздігіне алаңдап отыр.

Бүгінде Қызылорда өңірінде бір тәулік ішінде 10-15 адамға де­йін қауіпті індеттің белгісі анықталып отыр. Алайда індет­тің қайта ушығуына қарамастан IV тоқсаннан бастап өңірдегі бар­лық сынып оқушылары (55 408 оқушы) мектепке барып оқи­тын болды. Бұл жөнінде өңір­лік коммуникациялар қыз­метінің ұйымдастыруымен өт­кен арнайы брифингте Қызыл­орда облысы Білім басқарма­сының басшысы Ақзира Қасы­мова мәлімдеген болатын. – Қызылорда облысы «жа­сыл аймақ» қатарында болған­дық­тан, облыстың бас мемле­кет­­тік санитар дәрігерінің №5 қау­лысына сәйкес, 1-11-сынып оқу­шылары дәстүрлі форматта оқиды. Оқушылар негізгі пән­дерді дәстүрлі, қалған пәндерді қашықтан оқи береді. Мәселен, музыка, көркем еңбек, инфор­матика, құқық негіздері, гра­фика және жобалау, кәсіпкерлік және бизнес негіздері пәндерін оқу­шы­лар қашықтан оқи алады. Ал денешынықтыру сабақтарын таза ауада өткізу ұсынылды. Айта кетейік, жекелеген пәндер­ді қашықтан оқыту мәселесін әр мектеп өзі дербес айқындайтын болады. Сондай-ақ жаңа қау­лыға сәйкес білім беру ұйымы әкім­шілігі сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқу­шыларды жеке оқытуға мүмкін­дігі бар, – деді басқарма бас­шысы. Мәселен, былтырдан бері әлемді әбігерге салған пандемия салдарынан білім беру ұйым­дары­ның жұмысы белгілі тәр­тіп­­ке бағынып, ауру өршіп тұр­ған алғашқы уақытта, яғни I оқу тоқ­санында оқушылардың 79%-ы қашықтан, 21%-ы дәс­түрлі түрде  оқытылса, II тоқсан­да 68%-ы қашықтан, 32%-ы дәстүр­лі, ал III тоқсанда  58%-ы қа­шық­тан, 42%-ы дәстүрлі оқы­ту­­мен қамтылған. Ал 1 наурыз­дан бас­тап мектептер 30%-ы қашық­тан 70%-ы дәстүрлі оқы­туға көш­кен болатын. Енді соңғы тоқсанда сақ­тық ша­ра­ларын күшейте оты­рып, ай­мақтағы барлық мектеп 100% штаттық режимде жұ­мысқа қосы­латыны белгілі бо­лып отыр. Алайда дәл қазір оқу­шыларды онлайннан оффлайнға жаппай көшіру де қауіпті екені белгілі. Дегенмен басқарма басшысының сөзінше, оқушы­лар мектепке кірер алдында 5 сатыдан тұратын дезинфек­ция­лаудан өтеді. Бұл үшін барлық мектеп талапқа сай толық жаб­дық­талған. Ал осыған дейін ағза­сында ауру белгілері байқал­ған немесе ауырған адамдармен байланыста болған оқушыларға арнайы медициналық тексеру­дің қорытындысымен ғана мек­теп­ке келуге рұқсат етілмек. Егер баланың бойынан індет белгі­сі анықталса, ондай жағ­дай­да қашықтан оқытылады. Со­нымен бірге, оқушылардың клас­сика­лық үлгідегі ыңғайлы киіммен келуіне рұқсат етілген. Яғни, мектеп формасына қа­тысты қатаң талап болмайды. Осы орайда, ата-аналарды алаңдататын бір жайт бар. Ол – баланың қауіпсіздігі. Корона­вирус індеті қайта белең ала бастаған тұста, ата-аналар бала­ларын мектепке жіберуге үрей­ле­ніп отыр. Өйткені ПТР-тест қорытындысына сәйкес соңғы уақытта мектеп мұғалімдерінің өзінен COVID-19 дерегі жиі анық­талып жатқаны жасырын емес. Осыны алға тартқан ата-аналар IV тоқсанды мектепте оқытуға екіұшты ойда отырға­нын айтады. Тіпті, кейбірі дәл қазір балаларын мектеп­те оқы­ту­ға үзілді-кесілді қарсы­лықтарын білдіруде.  Ата-ана­лар­ды алаңдатқан бұл мәселеге қаты­сты жауапты мамандардан: «Қай кезде де ата-ана ұстанымы еске­ру­сіз қалған емес. IV тоқ­сан­ды дәстүрлі түрде бастаймыз деген уақыттан бері індетке алаңдаған әрбір ата-ананың пікі­рін жеке-жеке қарап шық­тық. Алаң­даушылық пікірлер мен ұсыныс­тарды ескере келе, бала­сын жібе­руге дайын емес, ішкі қарсылығы бар ата-ана­лардың балаларына қашықтан оқуға рұқсат берілді» деген жауап алдық. Тағы бір мәселе. Соңғы күн­дері педагогтар арасында «Вак­цина салдыру мәжбүрлі түр­де өтеді», «екпе салмаған мұғалім мектепте сабақ бере алмайды» деген үрейлі жазбалар жиілеп кетті. Расымен де,  мұғалімдерді вакцина егуге мәжбүрлеп жа­тыр ма? Жұрт арасында желдей ескен бұл ақпараттың анық-қаны­ғын жауапты мамандар бы­л­ай жет­кізді. – Екпе салу,  ең алдымен өзі­­ңіз үшін керек. Себебі ден­сау­лық  – сіздікі. Біздің өңірде ұстаз­дарды осы кезге дейін мәжбүрлі түрде ешкім екпеге апарған емес. Алай­да қоғаммен байла­ныс жасап, балалармен қарым-қатынаста болатын мұ­ғалім өз денсаулығына жете мән бергені дұрыс. Екпенің екінші кезеңін педагогтерге ар­нау­дағы себеп  – осы. Мамандар «бір адам­ның өзі 7 адамға дейін ви­рус жұқтыруы мүмкін» деген бол­жамды айтып отыр. Баламен бетпе-бет келетін мұғалім үшін бұл аса маңызды. Ал «екпе сал­дырудан бас тарт­қан мұғалім мек­тепте сабақ бере алмайды» деген – жалған ақ­парат. Қазір ұстаздарды екпеге шақыру жұ­мысы әр мектепте жүр­гізіліп жа­тыр. Мұны күштеу деп ұғын­бау керек. Тек түсін­дір­менің толы­ққанды жетпеуінен біржақ­ты пікірлер қаптады. Бір анығы, педагогтер екпе салдыр­ма­ғаны үшін жұмыстан қудалан­байды. Осыны түсінейік, – деді Қы­зылорда облысы Білім бас­қар­масының баспасөз хатшысы Абай Тағыберген. Осылайша, елімізде панде­мияның үшінші толқыны се­зілсе де, қызылордалық балғын­дар сабақты мектеп қабырға­сында оқитын болды. Қауіпті болса да, жаңа қаулының талабы солай. Ең бастысы, баланы ауыртып алмайықшы!

Нұрсұлтан ҚАЗБЕК, Қызылорда облысы