Түркістан декларациясын қабылдау - Түркістанды мойындау
Түркістан декларациясын қабылдау - Түркістанды мойындау
242
оқылды

Түркістанда Түркітілдес мемлекеттер басшыларының бейресми саммиті өтеді деген хабар  кеудесінде намысы бар, рухы биік  барша қазақтың делебесін қоздырғаны анық. Тараптардың өзара келісімдері  саммитке қатысушы елдердің  көліктік транзитті дамыта отырып, сауда-саттық пен инвестиция көлемін  арттыруы  арқасында экономиканы көтеруі - басты  даму мәселесі. Тұран дәлізі арқылы  Ұлы  Жібек жолын қайта түлетуді тиімді  жолға қою - түркітілдес елдерге    пропорционалды берілетін тең    мүмкіндік.

Түркістан
Бұл жөнінде Елбасы, Түркі кеңесінің құрметті төрағасы Н.Назарбаев: «Транскаспий көлік дәлізі   Европа мен Азияны жалғайтын ең қысқа  ең қауіпсіз сауда жолына айналып келеді» деді. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» идеясының түпкі мағынасына үңіліп қарасаң, қытай елінің барлық саласының өркендеуіне бағытталған тармақ-тармақ жол жатқан болса, осы  саммитте айтылған ойлар - болжамы терең, орындалуы өзара ынтымақшылдыққа тірелген  әбден қажет дүниелер. Саммиттің мәні мен маңызы салмағы да  осында жатыр.

«Түркі  әлемінің келешегі - 2040» құжатын әзірлеу -  болашақты нақтылап жоспарлау, мүмкіндіктерді, тәуекелдерді  ескеріп, тараптарға халықаралық  қауіпсіздік пен  тұрақтылық үшін жауапкершілік жүктеу,  қысқасы, түркі әлемінің мүддесін қорғау, асықпай жүріп анық басу. 

Түркістан

Саммитті ұйымдастыруға бітімгер атанып кеткен Елбасы Н.Назарбаевтың еңбегін ерекше атап өтпеске болмас. Болжамы мықты, ұлттық рухпен қаруланған кемеңгер Елбасы тағы да өзінің  даралығын танытты. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төрағалық еткен саммитте Түркістан декларациясы қабылданды, Түркістан – түркі әлемінің астанасы аталды. 

Тарихшылардың жазбаларында «Түркістан – V, VI  ғасырларда іргетасы қаланған» дегенді кездестіреміз. Ислам құндылықтарын насихаттаушы, ойшыл, ғұлама ғалым  Қожа Ахмет Яссауи  әлемге әйгілі «Диуани Хикметін» осында отырып жазған. Қожа Ахмет Яссауи кесенесін айрықша көрегенділікпен Ақсақ Темір салуды бастаған десек,  кесенеге  жақын орналасқан алқалы жиындар, маңызды мәжілістер Күлтөбеде өтетін болған. «Күлтөбеде күнде жиын» деген сөздер осыдан қалса керек. Қожа Ахмет Яссауи  кесенесіне қазақтың 21 ханы, 100-ден аса батырлары мен билері жерленген. Жұртшылықтың екінші Мекке деп атап кетуі, Түркістан жерін қасиетті санауы, Түркітілдес елдердің бейресми  саммитінде  Түркістанның рухани астана аталуы  қазақ  халқының рухын асқақтата түсуде.
Түркістан
Бұл - Тәуелсіздігіміздің  30 жылдығына  арналған ең үлкен тарту. Түркістан декларациясы түркітілдес елдердің  көпжақты ынтымақтастығын нығайтуға қызмет ететіні сөзсіз.  Ал Түркістанның  түбегейлі адам қызығарлықтай гүлденуіне облыс әкімі Өмірзақ Естайұлы Шөкеевтің қосқан үлесі шексіз. Күндіз-түні бір тынбайтын, идеясы мықты, тындырымды, бір сөзді  басшы Өмірзақ Естайұлына кіндік қаны тамған  Түркістанның көркеюіне  маңдайтерін төгу, әлемге Түркістанды таныту  бақыты жазыпты. Осылайша саммиттің қорытындысы құжатына қуанған Түркістан халқы марқайып, мәртебесі көтеріле түсуде. Жаңа  ғимараттар, жаңа жолдар, айналасы көк желең Қожа Ахмет Яссауи кесенесі  ұзақтан қол бұлғайды.
Күнмен шағылысқан көк күмбез Түркістанның түркітілдес елдердің астанасы атануы, Түркістан декларациясының қабылдануы - әлем жұртшылығының Түркістанды мойындауы  деп  көкке қарай  бой түзей түскендей.
Калыйма ЖАНТӨРЕЕВА,
Түркістан облыстық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары.