Ақтөбеде колония қызметкерлері шоколадтың ішінен есірткі анықтады
Ақтөбеде колония қызметкерлері шоколадтың ішінен есірткі анықтады
Ақтөбеде колония қызметкерлері тәтті орнына марихуана орап өткізбек болған әйелді анықтаған. Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты КА-168/2 қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінің қызметкерлері мен полицейлер күдік туғызған сәлемдемені тексеріп, оның есірткі екенін анықтаған. Әйел тәтті орнына пластикалық 16 шприц сауытына мұқият жасырылған марихуананы өткізбек болған.
«Сәлемдемені жіберуші өз кінәсін жазбаша түрде толық мойындады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес азаматша Қылмыстық кодекстің 296-бабы 2-бөлігі бойынша есірткі заттарын өткізгені үшін қылмыстық жауапқа тартылады. Сонымен бірге бір жыл бойы күйеуімен кездесе алмайды», – дейді Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев.
Ақтөбе облысында ҚАЖ қызметкерлері  түзеу мекемелеріне кіргізуге тыйым салынған 600 грамға жуық есірткі заттарын, 1,5 литр спирттік ішімдікті, 160-тан астам мобильді құрылғы мен 300 мың теңгеге жуық ақшаны алып өту және пайдалану дерегін тіркеген.