Жақсылық жасауды әдетке айналдырған нұротандықтар
Жақсылық жасауды әдетке айналдырған нұротандықтар
Өткен Наурыз мейрамы қарсаңында «Nur Otan» партиясы Казталов аудандық мәслихатының VII шақырылым депутаты, "Nur Otan" партиясы фракциясының мүшесі Қуаныш Ермековтың қабылдауына көпбалалы әке көмек сұрап келген болатын. Тұрғынды мазалайтын басты мәселелердің бірі, ол – тұрғын үй мәселесі. Тулешов Серікқали Сәрсенғалиұлы БҚО Жәнібек ауданы Борсы ауылында 1978 жылы 5 мамырда дүниеге келген. 2002 жылы Борсы ауылынан Қараоба ауылына көшіп келген. Отбасында 3 ұл, 1 қыз тәрбиелеп отыр. Жолдасы үй шаруасында. 2011 жылдан  күні бүгінге дейін қожалықта жылқышы болып адал қызмет етіп келеді. Нәтижесінде тұрғынның мәселесіне бей-жай қарамай, «Қайырымдылық істер марафоны» жалпыұлттық жобасы аясында «Ақбота» шаруа қожалығының жетекшісі, Казталов аудандық мәслихатының депутаты Қуаныш Ермеков ауылдағы көпбалалы отбасыға тұрғын үй сыйға тартты. Дәлірек айтсақ, «Ақбота» шаруа қожалығында 10 жылдан бері жылқышы болып қызмет жасап жүрген Серікқали Төлешевтің отбасына баспана алып берді. Кайбушевтер әулетінің отанасы, «Леди Лиза» шағын кәсіпорны жетекшісі Елизавета апамыздың айтуынша,  Мереке Ермекұлы шаруашылық пен кәсіпорындағы жұмысшылардың жағдайын жасауға қатты көңіл бөлуде. Бұған дейін көп жыл қызмет жасаған жұмысшыларға үй, көлік алып беруді дәстүрге айналдырған. Батыс Қазақстан облысының қараобалық Мереке мен Лиза Кайбушевтардың әулетін облыс, аудан халқы жақсы таниды. Ауылда кәсіптерін дөңгелеткен жандар қайырымдылық жасауда алдарына жан салған емес. Олардың бастамасымен шағын ғана ауылда біраз игі істер атқарылып келеді. Олар көп жыл қызмет жасаған жұмысшыларына, қызметкерлеріне үй, көлік алып беруді үрдіске айналдырған. 2020 жылы отбасының тірегі болған Мереке Ермекұлы аяқ асты дүниеден озды. Бірақ артында қалған ұлдары әке орнын жоқтатпай, бастаған ісін жалғап жатыр. Сол ұлдарының бірі Қуаныш Ермекұлы биылғы жылы «Nur Otan» партиясынан аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланып, елге қызмет етіп жүр. Көпбалалы әке қуанышын жасыра алмай, өз ризашылығын білдіріп, Қуаныш Мерекеұлының жұмысына табыс тіледі.