Шымкентте тағы да журналистерге соққы жасалды
Шымкентте тағы да журналистерге соққы жасалды
Естеріңізде болса, осыдан бір ай бұрын Шымкент қаласындағы «Тұлпар» автобөлшектер сататын базардың өртеніп жатқан сәтін түсіріп жатқан республикалық «31» және «Астана» телеарнасының тілшілеріне полицейлер кедергі жасап қана қоймай, оларды соққыға жыққаны туралы жазғанбыз. Ашуға булыққан тілшілер полицейлердің үстінен арызданған. Алайда, Шымкент қалалық Полиция департаментінің басшысы, полиция  генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов тілшілерді өзінің қабылдауына үш мәрте шақырып, қарамағындағы қызметкерлердің оспадарсыз әрекетіне кешірім сұрап, мәселенің оңды шешілетініне уәде бергенімен, шағымданушылар тарапынан істің барысына көңілі толмай отырғанын да жеткізгенбіз. Өкінішке орай, алдыңғы жағдай оң шешімін таппай жатып шымкенттік тәртіп сақшылары тағы да бұқаралық ақпарат құралдарына қол көтеріп, балағаттады. Ашынған журналистер кеше Шымкент қалалық Полиция департаменті ғимаратының  алдына жиналды. Олардың арасында республикалық «КТК», «31» және «Астана» телеарналарының Шымкент қаласы және Түркістан облысындағы меншікті тілшілері бар. «КТК» арнасының тілшісі Бек Әбиевтің айтуынша,  аталған арна тілшілерінен бөлек, Азаттық радиосы мен Отырар телеарналарының түсірілім тобы жексенбі күні Абай ауданына қарасты Алтынтөбе ауылында болып жатқан наразылық оқиғасына барған.
«Алтынтөбеде алтын бұйымдарын өндіретін цех бар. Жуырда арнайы операция кәсіпорын басшысын тұтқындап, цехтың есігіне құлып салып, күзет қойып кеткен. Кеше ауыл тұрғындары мен жұмысшылар цех басшысын босатып, кәсіпорынды ашуды талап етіп, наразылыққа шыққан. Біз оқиға орнына барғанымызда 100 шақты тұрғын мен 100 шақты полиция жасағы жүрді. Наразылыққа шыққандарды түсіріп, оларды сұхбатқа тартып жатқанымызда ар жақта айқай-шу көбейіп кетті. Талаптарына құлақ түрмеген билікке ашуланған тұрғындар көшені жаппақ болып, у-шу болып жатыр екен. Арасында егде жастағы кісілер мен әйелдер де болды. Осы кезде оқиғаны түсірмек болған бізге де қарсылық кедергілер жасала бастады. Өңшең содырқұмар содырлар жиналыпты. Азаттық радиосының тілшісі Дилара Исаны жұлқылап, ұялы телефонын тартып  алмақ болып бірнеше мәрте оқталып, суретке түсіртпеу үшін қолшатырмен көлегейлей берді. «31» арнаның тілшісі Бахромның жаңбырдан қорғау үшін камераның үстіне ұстап тұрған қолшатырын сындырып, қолын жарақаттады.  «Астана» теларнасының тілшісі Бахром сол маңда костюм шалбар киген жігіттен кім болатынын сұрап еді, ол «не шаруаң бар?» деп жекіп бергенімен қоймай, «өлтіріп жіберемін» деп қорқытып кетеді.  Кейін «Отырар» арнасының операторы Давранның арқасынан ұрып, шынтағымен салып қалғанын да видеодан көрдік» дейді ол.
Арна тілшілері осымен екінші мәрте полицейлер тарапынан болған басынушылыққа шыдамай, департаменттің баспасөз қызметіне және қалалық Ішкі саясат басқармасына хабарласады. Журналистерді жәбірлеу әрекеті қайталанып, шектен шығып бара жатқандықтан тәртіп сақшыларының кешірім сұрауын талап етеді.  Алайда алғашында өз кінәларын мойындап, келеміз деген полицейлердің сөзі кейіннен сиырқұйымшықтанып кетеді.
«Таңертең «КТК», «31» және «Астана» телеарнасының тілшілері, яғни, үшеуміз «журналистерді ұрып-соғуды доғарыңдар» деген плакатпен Полиция департаменті ғимаратының алдына бейбіт наразылыққа шықтық.   Полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов кінәлілер жазаланатынын айтып, қызметкерлерінің оспадарсыз әрекеті үшін кешірім сұрап жатыр. Уәдені үйіп-төгіп беріп тұр. Алайда, осының алдындағы полицейлердің әрекеттеріне де оңтайлы шешім шығармаған соң біз бұған сеніп тұрған жоқпыз. Әлгі «өлтіріп жіберемін» деген жігіттің тәртіп сақшысы екенін анықтадық. Ол аяқ астынан денсаулығына байланысты емделуге кетіп қалыпты. Біз нәтиже күтеміз. Полицейлердің мұндай әрекеттеріне жол бермейміз» дейді Бек Әбиев.
Осы оқиғадан соң Қазақстан Журналистер одағының Түркістан облысы бойынша филиалының төрағасы және Меншікті тілшілер клубының жетекшісі Ғалымжан Елшібай өзінің фейсбук әлеуметтік парақшасына әріптестерін қолдауға шақырып, мұны аяқсыз қалдырмай, жүкті бір кісідей жұмыла көтеруге үндеді. Мәселенің  генералдың кешірім сұрауымен тына салатын жәйт еместігін ескертті. Иә, шымкенттік тәртіп сақшыларының бұл әрекеті тілшілердің ашу-ызасын туғызды. Алғашқысына кешіріммен қарағанымен, ендігісіне жайбарақаттық таныта қоймас. Содырларға өткендегі сабақ бола қоймағаны байқалады. Демек, сол кезде тілшілерге қол көтерген полицейлер жазаланбаған. Ал, жазаланбаған қызметкердің тағы да тәртіп бұза беретінін генералдың өзі білмеді ме екен?! Қалай болғанда да генерал өз қызметкерлерінің кінәсін мойнына арқалап, кешірім сұрай бергеннен ұтпайтынын осы жолы ұғатын шығар...

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы.