«Жастардың мүддесі үшін жұмыс істейміз» – Мәди Ахметов
«Жастардың мүддесі үшін жұмыс істейміз» – Мәди Ахметов

Nur Otan партиясы сайлауалды бағдарламасының нақты бағыттарын іске асырылуын бақылау бойынша 14 республикалық қоғамдық кеңес құрылды. Соның ішінде жастардың мүддесін қорғайтын Жастарды қолдау кеңесінің төрағасы болған Мәжіліс депутаты Мәди Ахметов алдағы жоспарымен бөлісті. 

– Партия Көшбасшысының тапсырмасына сәйкес, Nur Otan партиясы 14 жаңа қоғамдық кеңес құрып, жақында оның төрағалары тағайындалды. Артынша жаңадан сайланған кеңестердің төрағалары «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбекпен онлайн форматта кездестік. Кездесу барысында Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын негізге ала отырып, кеңестің жұмысын талқыладық. Соның ішінде 25 адамнан тұратын Жастарды қолдау кеңесі туралы айтар болсақ, оның құрамына Қазақстан Республикасы Мәжілісінің жас депутаттары, жастар ұйымдарының басшылары, қоғамдық белсенділер мен  праймеризге қатысушылар кірді.

Жалпы, кеңестің алдында негізгі 7 міндет қойылды:

  1. Партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуы мен мониторингін қамтамасыз ету;

  2. 2025 жылға дейін «Жастар – Отанға!» бағдарламасының орындалуын бақылау және Жол картасының жүзеге асыру;

  3. Мемлекеттегі жастар саясатына байланысты мәселелерді заңдық тұрғыда жетілдіруге барынша атсалысу;

  4. Жастардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге көмектесу;

  5. Жастар саясаты саласында, оның ішінде заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

  6. Жастар саясаты саласына қатысты басқа да мәселелерді талқылау;

  7. Жастарға арналған мемлекеттік бағдарламалар мен жобаларды іске асырудағы тиімділігін талдау.

Сонымен қатар осындай кеңестер аймақтық деңгейде де жүргізіледі. Сондықтан біз барлық мүдделі адамдарды ынтымақтастыққа шақыра отырып, олармен бірлесе жұмыс істеуге дайынбыз, – деді депутат Мәди Ахметов.