Алматыға қатаң карантин көмектеспеді
Алматыға қатаң карантин көмектеспеді
5,092
оқылды

Қатаң карантин шаралары жағдайды тү­зеудің орнына ушықтыра түскен. Бұл туралы Алматы қаласы Cанитариялық-эпиде­­­мио­­логиялық бақылау департаментінің бас­шысы, қаланың бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин айтты. Ол онлайн брифинг барысында карантин шараларының неліктен жеңілдетілгенін түсіндірді.

«Біз зерттей келе мұндай шектеу шараларының кері тұсын анықтадық. Мәселен, шаштараз адамдарды өз үйінде қабылдай бастады. Сол сияқты қосымша білім беретін ұйымдардың мұғалімі де балаларды үйінде қабылдады. Ол жерде ешқандай санитарлық қауіпсіздік шарасы сақталмаған. Сондай-ақ ірі сауда үйлері жабылған соң кварталішілік дүкендерге адамдар көптеп бара бастады. Онда да қауіпсіздік шарасы дұрыс сақталмаған. Ірі сауда орталықтарында сани­­тарлық шаралар сақталады және адамдардың көптеп жиналмауын бақылайтын адамдар бар»,  – деді ол. Сонымен қатар ол қаладағы қоғамдық көліктерді сенбі, жексенбі күндері тоқтату тиімді болмағанын атап өтті. «Эпидемиологиялық зерттеу бойынша, 14-20 наурыз аралығында қоғамдық көлікте вирус жұқтыру деңгейі 18,2% болған, ал жаңа қаулы ен­гізілген соң, яғни автобусты белгілі бір уақытта жүр­гізгенде вирус жұқтыру 21,3%-ға дейін өскен. Бұл жерде қолға алған қатаңдатылған шара өз нәтижесін бермеді, тиімді болмады,  – дейді ол. Еске салайық, Алматыда шектеулі карантин шаралары 3 сәуірден бастап жеңілдетілді. Сауда ор­талығы мен базарларға жұмыс күндері жұмыс істеуге рұқсат берілді. Сонымен қатар қоғамдық көліктер демалыс күндері штаттық режимге сәйкес қа­тынайды.

Исмаил ҚУАНЫШ