Партиялық кеңес жұмысы жандана түседі

Партиялық кеңес жұмысы жандана түседі

Күні кеше «Nur Otan» пар­тиясы Саяси кеңесі бюросының шешімімен «Nur Otan» пар­тия­сының «Өзгерістер жолы: әр аза­матқа лайықты өмір!» сай­лауалды бағдарламасын іске асырудың басым бағыттары бойынша 14 партиялық кеңес құрылған. Қазір аталған кеңес­тер­дің құрамын жасақтау бо­йынша қарқынды жұмыс жүр­гі­зіліп жатыр. Олардың құрамына партия депутаттары мен бел­сенді мүшелерінен бөлек, үкі­меттік емес ұйымдардың өкіл­дері, сарапшылар, жалпы қо­ғамдық пікір көшбасшылары және басқа да азаматтар енді.

Атап айтқанда, Саяси кеңес бюро­сының шешімімен аталған ке­ңес­терге Парламент Мәжілісіндегі фракцияның келесі депутаттары тағайындалды: азаматтық қоғам мен мемлекеттік басқаруды дамыту бо­йынша – Айдос Сарым, білім мен ғылым – Жұлдыз Сүлейменова, аграрлық сектор – Берік Оспанов, экономика және кәсіпкерлікті қолдау – Аманжан Жамалов, өңірлік даму – Юлия Кучинская. Жастарды қолдау бойынша – Мәди Ахметов, жұмыспен қамту мен халықтың әлеу­меттік осал топтары жөніндегі қоғамдық кеңеске Елнұр Бейсенбаев төраға болды. Ұлт денсаулығы бо­йынша – Лариса Павловец, ал отбасы, әйелдер және балалардың құқығын қорғау мәселелері жө­ніндегі кеңеске Динара Зәкиева басшылық етеді. Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске Miras, Экологиялық және Құ­қықтық кеңестерге Ерлан Саиров, Жанарбек Әшімжанов, Елдос Абақанов және Қанат Мусин жетекшілік етеді. Осы орайда партиялық кура­торлар институтының орнына құрылған қоғамдық кеңестің жұ­мысына қатысты Мәжіліс депу­таттары пікірін білдіріп, өздеріне жүктелген міндетті лайықты дең­гейде атқаруға уәде етті. Эконо­ми­калық даму және кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы болған Аманжан Жамалов партиялық кеңес жұмысын жандандыруға бар күш-жігерін салатынын айтты. – Қоғамдық кеңестің құрамына Парламент депутаттарынан басқа белгілі сарапшылар, әлеуметтік белсенділер мен кәсіпкерлер де енеді. Юлия Якупбаева, Гүлнәр Құрбанбаева, Ләззат Ибрагимова, Гүлнар Қуанғанова, Руслан Сұлтанов, Берік Бекенов, Азиза Шужеева, Эльдар Мамедов, Гүлмира Уахитова, Аман Аюпов, Айнұр Бақтығалиева және басқалар кеңеске қатысуға келісім білдіріп үлгерді. Біз сайлауалды бағдарламаның «Қолайлы экономикалық орта» (34 балл) және «Мықты кәсіпкерлер» (28 балл) бағыттарын бақылап оты­рамыз. Олар бюджеттік саясат, са­лықтар, несиелеу, инфляция, инвес­тицияларды тарту, ШОБ дамыту мәселелеріне қатысты. Бағдар­ла­маның барлық тармағын іске асыру Қоғамдық кеңестің бақылауында болады деп сендіргім келеді. Қоғам­дық кеңестің жұмысы барынша ашық болады. Біз оның жұмысына сарапшылар мен азаматтық қоғам өкілдерін шақырамыз, – деді халық қалаулысы. Жұмыспен қамтуды және ха­лықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы атанған Елнұр Бейсенбаев өз кезегінде партия Көшбасшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес бірінші кезекте сайлауалды уәделердің орындалуын қамтамасыз етуге жұмыстанатынын жеткізді. – Аталған құрылымдар тиімді жұмыс істеуі үшін біз ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасын іске асыруды ес­кере отырып, қоғамдық кеңестер жұмысындағы тәсілдерді жүйелі түрде қайта форматтадық. Бірінші кезекте, кеңестердің жұмысы қо­ғам­дық пікірді ескере отырып, қо­ғамдық форматта құрылады. Өткір әлеуметтік мәселелерді талқылауға сарапшылар белсенді қатысады. Жұмыс нәтижелі болу үшін азамат­тардың партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жүгінуінің себебі назарға алынып, талданады. Жергілікті мәселелерді жүйелі және уақытылы шешу үшін аймақтық деңгейде де кеңес құрылады. Сондай-ақ қазір біздің «Жұ­мыс­пен қамтуды және халықтың әлеу­меттік осал топтарын қолдау жө­ніндегі қоғамдық кеңесіміздің» құрамын қалыптастыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқа­нын хабарлағым келеді. Сондықтан барлық жанашыр азаматтарды ын­ты­мақтастыққа шақырамыз. Біздің кеңес атынан әріптестерімізді осын­дай жауапты лауазымға сай­лануымен құттықтап, оларға әрбір қазақстандықтың игілігі үшін же­місті жұмыс істеуін тілеймін. Сынақтардан бірге өтіп, жеңіске жетеміз! – деді Елнұр Бейсенбаев. Ал Мәжіліс депутаты Айдос Сарым сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру кезінде мониторингтік жұмыстың қалай атқарылатынын және «Nur Otan» фракциясының ішінен құралған қоғамдық кеңес­тердің бірінде ең алдымен ауыл әкімін сайлау мәселесі қаралатынын тілге тиек етті. – Азаматтық қоғам мен мем­лекеттік басқаруды дамыту қо­ғам­дық кеңесі ең күрделі топтардың бірі деп ойлаймын. Бұл ретте қо­ғамға қажетті ең үлкен екі мәселені талқылаудың өзіндік өзектілігі бар. Бастысы, қоғамға қатысты мем­лекеттік сервистердің тиімді жұмыс істеуін қамтамасыз етуіміз керек, – деді халық қалаулысы. Ол сонымен қатар кеңесте тал­қыланатын басты мәселені атап өтіп, сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру кезінде мониторингтік жұмыстың қалай атқарылатынына да тоқталды. – Қазір ауыл әкімдерін сайлау мәселесін талқылауды бастап кеттік. 2-3 жылдың ішінде осы бастаманың нәтижесін ескеріп, заңнаманы одан әрі жетілдірсек, 2024 жылы аудан әкімдерін сайлау жөніндегі тақы­рыпты қарастырамыз деп ойлай­мын. Оған да үлкен дайындық пен тәжірибе керек. Осындай ірі-ірі мәселелерді талқыға салудамыз. Бағдарламада айтылған әрбір бап бойынша арнайы индикатор бар. Ол индикаторға депутаттар жауапты. Сол бойынша халық қалаулылары апта сайын деректерді сұратып отырады. Яғни, сол көрсеткіштерге сүйене отырып, фракцияның ал­дын­да жауап береміз, – деді Айдос Сарым. Сондай-ақ саясаттанушы қо­ғамдағы мәселелердің барлығы ашық түрде талқыға түсіп, халықтың ойы да партиялықтардың назарынан тыс қалмайтынын айтты. – Партия Төрағасының Бірінші орынбасары атап өткендей, ең бас­тысы қоғамдағы түйіткілді мәсе­ле­нің барлығын осы кеңестердің ішінде талқылауымыз қажет. Біз үшін жабық тақырып жоқ. Осының бәрін атқаруға тырысамыз. Ең бас­тысы мемлекетке қол ұшын созамын деген азаматтарды қатарымызға тартуымыз керек. Әсіресе, елдің дамуына өз үлесін қосып, пайдалы ой айтатын тұлғалар назардан тыс қалмауы керек, – деді ол. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңеске жетекшілік ететін Ерлан Саиров аталған жұмыс ба­рысында ел азаматтарының ұсы­ныстарына құлақ асатынын айтты. – Бұл жоғары, өршіл міндет, оны шешу ел азаматтарының әлеу­меттік әл-ауқатын арттыруға, ел хал­қының барлық тобының әлеу­меттік стандарттарын кеңейтуге ықпал етеді. «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесі бюросының шешімі бойынша маған Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесті басқару тапсырылды. Елбасы, Партия Лидері Нұрсұлтан Назарбаевқа және партияның саяси менеджментіне жоғары сенім біл­діргені үшін зор ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл тапсырма мен үшін үлкен миссия және жауап­кершілік. Кеңес жұмысының фи­лософиясы мен бағыты құқықтық ағартуға және сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерін қоғамдық алдын алу бойынша ақпараттық қызметке ба­рынша бағытталады. Кеңес құрамы өте қызықты болмақ. СЖҚРҚК құ­рамына белсенді өмірлік ұстаны­мы бар адамдар, қоғамдық пікір көш­басшылары, депутаттар мен мем­лекеттік органдардың өкілдері кіреді. Жұмыс көп болмақ, сондай-ақ оның ашық жүргізілетінін айта кеткім келеді, біз өзінің бірбеткей азаматтық ұстанымы бар және Ота­нымыздың дамуы мен құрылуына үлес қосуға ниетті барлық азамат­тармен жұмыс істеуге дайынбыз. Біз үнемі кеңестің қызметі туралы есеп жүргізіп отырамыз және еліміздің барлық азаматтарының ұсы­ныс­тарын қабыл алатын боламыз, – деді Ерлан Саиров. Аграрлық секторды дамыту жөніндегі кеңестің төрағасы болған Берік Оспанов та партиялық ке­ңестің жұмысы үлкен жауап­кер­шілікті қажет ететінін жеткізді. – «Nur Otan» партиясы жа­нындағы аграрлық секторды дамыту жөніндегі республикалық қоғамдық кеңес партия жанындағы консульта­тивтік-кеңесші орган және «Өз­ге­рістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» азаматтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған партияның сайлауалды бағдарламасының «Ауқатты ауылдар» бағыты бойынша шараларды тиімді іске асыруға, сондай-ақ аграрлық секторды да­мытуға жәрдемдесу мақсатында жұ­мыс атқаратын болады. Қазір Аграрлық секторды дамыту жөнін­дегі кеңестің құрамы жасақталуда. Кеңестің құрамына Қазақстан Республикасы Парламенті Мә­жі­лісінің Аграрлық мәселелер коми­те­тінің мүшелері, партия де­путаттары, «Атамекен» ҰКП, Қа­зақстанның Астық одағы, Қазақстан құс өсіру­шілер одағы, Қазақстан Сүт Одағы мүшелері мен үкіметтік емес ұйым­дардың өкілдері, сарап­шылар, жал­пы қоғамдық пікір көшбасшылары және басқа да азаматтар кіреді. Мақ­саты айқын, нақты істер пар­тиясы ретінде «Nur Otan» барлық деңгейде өзінің сайлауалды уәде­ле­рін іске асыруды қамтамасыз етеді, – деді Берік Оспанов. Экологиялық кеңес басшы­лы­ғына тағайындалған Елдос Абақанов өзіне жүктелген міндетті зор қуа­нышпен қабыл алды. – Кеңес консультативтік-кеңес­ші орган және партияның 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасының «Қайырымды қоғам – таза экология» бағытын тиімді іске асыруға, сондай-ақ эко­логиялық проблемаларды шешуге ықпал ету мақсатында құрылды. Құрамына Мәжіліс және мәслихат депутаттары, экология саласының мамандары мен сарапшылар, қоғам өкілдері кірді. Алға қойған мақсат көп. Сіздерге атқарылып жатқан жұ­мыс бойынша ақпаратты қосым­ша жеткізіп отырамын. Ұсыныс­тарыңыз болса бірге жұмыс істеуге дайынмын, – деді Елдос Абақанов. Ең бастысы, сайлауалды бағ­дарламаны жүзеге асыру мақсатында 14 партиялық кеңес құрылды. Оған жетекшілік ететін білікті мамандар тағайындалды. Алдағы уақытта пар­тия Лидерінің алға қойған мін­дет­терін ескере отырып, партияның сай­лауалды уәделерінің орын­да­луына жүйелі бақылау, бюджет қа­ра­жатының тиімді және ашық жұм­са­луына мониторинг жасалады.

Әбілмансұр ЖАСАН