Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда 13 арнайы экономикалық аймақ (АЭА) және 23 индустриялық аймақ (ИА) құрылды. Осы уақыт ішінде мемлекет бұл аймақтардың инфрақұрылымы мен дамуына 314 млрд 300 млн теңге қаржы салды. Алайда бұл аймақтардың пайдасы бар ма?
Жеке бизнес тарапынан тартылған инвестиция 910 млрд теңгеге жетті. Сөйтіп, арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымына бюджеттен салынған 1 теңге жеке инвестицияның 2,8 теңгесін әкелді. Индустриялық аймақтарға 183 млрд теңге инвестиция құйылды. Бір айта кетерлігі, мемлекеттен АЭА мен ИА-ның дамуына берген қаржысының жартысы, яғни 150 миллиард теңге бюджетке салық түрінде қайтарылған. Дегенмен ең табысты экономикалық аймақ ретінде Шымкенттегі «Оңтүстік» АЭА-ны ерекше атап өту қажет. Онда бюджеттің 1 теңгесіне 15,5 теңге инвестиция тартылған. Үкімет отырысында Премьер-Министр орынбасары Роман Скляр 2019 жылы АЭА-да 185 жоба, ИА-да 149 жоба іске қосылып, 22 мыңнан аса жұмыс орны ашылғанын айтты. Соның нәтижесінде бұл аймақтарда 136 түрлі өнім шығарылған, 30-дан астамы – жаңа өнімдер. Ал 2020 жылы жаңадан 36 жоба қосылып, 1 200-ге жуық жұмыс орны құрылды. 2021 жылға қарай арнайы экономикалық аймақтарда құны 2 трлн теңгеден асатын 147 жоба іске қосылады деп жоспарланған. Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдық аясында (2015-2019 жж.) өңдеуші кәсіпорындар 45 трлн теңгенің өнімін өндірді. Осы бесжылдықта сектор кәсіпорындарынан түскен салық 3 есе өсіп, 9 трлн теңгеге жетті. Саланың еңбек өнімділігі 4,2%-ға артты. Бүгінде отандық өнім өндірушілер әлемнің 120 еліне 72 млрд АҚШ долларына бара-бар тауар экспорттайды.АЭА артықшылығы неде?
Арнайы экономикалық аймақ интегралды және салалық болып екіге бөлінеді. Интегралды Арнайы экономикалық аймақта аймақ шаруашылығы жиынтық күйінде қаралады. Ал салалық экономикалық Арнайы экономикалық аймақта шаруашылықтың басым саласы жеделдете дамытылады. Арнайы экономикалық аймаққа валюталық-қаржылық және салықтық жеңілдіктер беріледі, шетел капиталын тарту көзделеді. Шетелден әкелінген өнімге кеден салығы салынбайды не салық мөлшері азайтылады, негізгі қорларды пайдалану мерзімі қысқартылады, ресурстарды пайдаланғаны үшін төлем мөлшері кемітіледі. Сонымен бірге Арнайы экономикалық аймақты қазіргі заманғы инфрақұрылыммен (телефон, телефакс т.б.), шикізатпен, еңбек ресурстарымен үздіксіз қамтамасыз ету мәселелері де қарастырылған. Қазақстан Үкіметі арнайы экономикалық аймақтарды құру барысында бірқатар шартты ұстанды: біріншіден, АЭА-қа қатысушылар өнім өңдеудің 3-деңгейінен бастап одан арғы неғұрлым жоғары деңгейіне көшуі тиіс. Екіншіден, бұл аймақ нақты өңірдің транзиттік әлеуетін толықтай пайдалану үшін географиялық тиімді тұста орналасуы керек. Үшіншіден, арнайы экономикалық аймақ өңірдің басқа құрамдас салаларын ілгері жылжытушы локомотив болуы шарт. Төртіншіден, мұнда инновациялық технологиялар мен жаңа жабдықтар келуі қажет. Арнайы экономикалық аймақты құру туралы шешімді Үкіметтің ұсынысы бойынша тек Мемлекет басшысы ғана қабылдайды. АЭА қызметін жергілікті облыстық әкімшілік басқарады. Жоба жемісті жүзеге асуы үшін оның жұмысына жауапты компания-оператор тартылады. Кәсіпорындар инфрақұрылымы дамыған, қоймалары мен өндірісі қолжетімді жерде тұрған АЭА аумағында орналасқандықтан, олардың өз бизнестерін тиімді жағдайда ілгерілетіп әкетуіне жағдай жасалған. Уақыт өте келе, тіпті АЭА мерзімі біткеннің өзінде, олар тұрғылықты жерлерінде қалыпты жұмыс істей беретін болады. Өйткені осы уақыт ішінде орнығып қалған кәсіпорындар барлық көліктік және инфрақұрылымдық байланысын даңғыл жолға қойып үлгереді.Кеудедегі көрікті ойды нарықтағы жағдай бұзады
АЭА кәсіпорындарына мемлекет тарапынан жасалған кедендік, корпоративтік, жер салығы т.б бойынша көптеген жеңілдік инвесторлардың қызығушылығын тудырып, олар соның арқасында еліміздің экономикалық және технологиялық дамуының драйверіне айналуы тиіс еді. Бірақ іс жүзінде бәрі ойдағыдай жүзеге асып жатқан жоқ. Мысалы, зауыттар сол аймақтарда орналасқанына қарамастан өздеріне мемлекеттік тапсырыстар аз түседі деп шағымданады. Мамандар бұл мәслені шешу үшін ұзақмерзімді тапсырыстар өндірісін енгізуді ұсынады. Бұл жерде АЭА кәсіпорындарын тек ұзақмерзімді мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етіп қана қоймай, сонымен қатар ұлттық компаниялармен технологиялық келісімшарттар жасауына, АЭА мен оған қатысушылары арасында желілік байланыстар орнатуға жағдай жасау қажет. Одан бөлек, бұл кәсіпорындардың жабдықтарды тасымалдауына қолдау көрсетілуі тиіс. Кейбір өндірістер шикізат импортының тапшылығынан зардап шегуде. Кәсіпорындардың табыстылығы мен даму деңгейіне қарай мемлекеттік қолдау ісін реттеп тұру қажет. Сондай-ақ облыстық әкімдіктердің экономикалық аймақтарды дамытуға белсенді араласып отырған жоқ. Сырттан инвесторларды шақыруға, көзтартымды жобаларды жасауға, оның жұмысына жергілікті шағын және орта бизнес нысандарын тартуға қатты құлшынысы байқалмайды. Соның салдарынан республикалық бюджеттен жергілікті жерлерге бөлінетін демеуқаржы бұрынғысынша деңгейден еш азайған жоқ.Отандық өндірушілерге не кедергі?
Сенат депутаты Мұрат Бақтиярұлының айтуынша, АЭА қатысушылардың қызметін ынталандыру үшін импорттық өнімдерді алмастыратын ұзақмерзімді мемлекеттік тапсырыстар, ғылыми техникалық тапсырыстар мен бағдарламаларды әзірлеу, аралас және кластерлік өндіріс құру, «бір терезеден» басқару прициптері осы кезге дейін бірде-бір нормативтік құқықтық актілерде қарастырылмаған. Өңдеу секторында мемлекеттік кепілдік берілген ауқымды тапсырыстарға осы кезге дейін тек шетелдік инвесторлар ғана тартылған. Олардың қатарында отандық инвестор жоқ, өйткені жергілікті компаниялар үшін ешқандай ынталандыру тетігі жасалынбаған. Ұлттық компанияларда АЭА-да шығарылатын өнімдерге деген сұраныстар көп бола тұра, олар ең болмаса өндірушілермен бір жылға кепілдік беретін келісімшартқа отырмайды. Өйткені оларға жергілікті өндірілген өнімнен гөрі арзан шетел өнімдерін алу анағұрлым тиімді. Демек, инвесторларды іздегеннен гөрі әрбір АЭА-ға ұзақмерзімді тапсырыстардың тетіктерін енгізу қажет. Осы жайт реттелгенде импорт алмастыру, әртүрлі саладағы шаруашылық байланысын қалпына келтіру, мемлекеттің инвестицияға салатын салмағын төмендету, еліміздің экономикасындағы өңдеу саласының үлесін арттыру сияқты мәселелер де оң шешімін табар еді. Сондай-ақ АЭА кәсіпорындары арасында кластердің жоқтығы үлкен проблемаға айналған. Мысалы, Қазақстанда өндірілген шикізаттар сыртқа кетіп жатыр, ал сөйте тұра, «Оңтүстік» АЭА өз өндірісіне қажетті тауарды сырттан тасымалдайды, «Инновациялық технологиялық парк» АЭА мемлекет тарапынан берілетін ғылыми-техникалық даму және жаңа технология жасау тапсырыстарынан құр алақан қалған. Ал «Сарыарқа» АЭА салалық монополистердің шикізаттық экспортына байланысты өздерін металл өнімдермен қамтамасыз ете алмай отыр. «Тараз» химиялық паркі 2018 жылғы есебі бойынша бірде-бір жобаны жүзеге асырмаған.Түркістанның жаңа тынысы ашылмақ
Түркістан қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гүлжамал Маханованың айтуынша, қалада АЭА құрылысы 2019 жылдың үшінші тоқсанынан бері жүргізіле бастаған. Аумағы 400 гектар болатын жерге болашақта 200 жобаны орналастыру жоспарланған. Қазір арнайы аймақта 20 компания жалпы құны 408 млрд теңге тұратын 23 жобаны жүзеге асырып жатыр. АЭА құрылыс жұмыстарына бүгінге дейін 5 900 адам қамтылған. «TURKISTAN» АЭА жалпы аумағы 3014 га 4 қосалқы аймақтан тұрады: 297-тарихи-мәдени орталықтар, 1350-әкімшілік-іскерлік орталықтар, 400-өндірістік және 967-әуежай аумақтары. Әлеуетті инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін «TURKISTAN» АЭА-ға орналасатын компаниялар 2043 жылға дейін кедендік, корпоративтік кіріс, жер, мүлік, ҚҚС салықтарынан босатылған және жер телімі тегін беріледі. Ал коммуналдық тарифтер құны 35 пайызға дейін жеңілдетілмек. Ал жақында өткен түріктілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев исі түркі жұртын біріктіретін экономикалық аймақ құруды ұсынғанын білесіздер. – Біздің елдеріміз үшін алыс-берісті ұлғайта түсу – басты міндеттің бірі. Осы орайда тоғыз жолдың торабында орналасқан Түркістанның инвестициялық және сауда-экономикалық мүмкіндігі зор. Оның қомақты табиғи ресурсын, адами капиталы мен туристік әлеуетін ескеріп, Түркістан өңірінде түркі елдерінің бірлескен «Арнайы экономикалық аймағын» құруды ұсынамын, – деді Мемлекет басшысы. Бұл ұсынысты өзге ел басшылар құп алып жатса, онда Түркістан аймағының жаңаша зор тынысы ашыла түсері сөзсіз.Дәулет АСАУ