Парламенттің пәрмені – дамудың мықты дәрмені
Парламенттің пәрмені – дамудың мықты дәрмені
287
оқылды

Өткен 30 жылда тәуелсіздіктің төл түлегі – тұтас ұрпақ өсіп-жетілді. Мысалы, 1995 жылға дейін Қазақстанда кәсіби Парламент болмағанын білмеуі де мүмкін. Оның орнына жылына негізінен екі рет қана жиналатын заң шығарушы орган болды. Бұл ретте айғай-шу, қызыл­кеңірдек талас, бірінен-бірі өтер өткір мәлімдемелер кейде заң шығару процесін кейінгі орындарға ығыстыратын. Ол ол ма, шағын ғана республикада 360 депутат болғаны да есте.

Дауды шешен бітірмейді, би бітіреді

ХХ ғасырдың соңына қарай Кеңес Одағындағы, сонымен бірге Қазақстандағы саяси жағдай күрт құбылды. 1988 жылы КСРО Конституциясына өзгерістер ен­гізіліп, атақты 6-бап жойылды: елде Коммунистік партияның монополиясы ресми жойылды. Конституциялық реформа нә­ти­жесінде «КСРО халық депутат­та­рының съезі» мемлекеттік би­лік­тің жоғарғы органына айналды. Ел парламенті – Жоғарғы Кеңес­тің құрамына енді. Осылайша, өкілді биліктің оралымсыз, алып әрі аса күрделі жүйесі қалыптасты. Бұған дейін жалғыз ком­пар­тияның уысында болып келген шынайы билік енді депутаттардың қолына көшті. Олардың кейбірі бұл билікті әртүрлі мақсатқа, со­ның ішінде қара басының қамы үшін пайдаланды. Бүкілодақтық Жоғарғы Кеңестегі сияқты, көп ұлттан құралған Қазақ КСР-нiң Жоғарғы Кеңесi де әртүрлі мүд­делердің тартыс алаңын көзге елес­тететін. Оның аясында қазақ­қа қарсы, халық достығына қай­шы пиғылдар ашық бас көтергені жасырын емес-тін. Әділін айту керек, КСРО-ның және Қазақ КСР-інің Жоғарғы Кеңестері сол тұстағы демокра­тия­лық процестердің ғаламат қар­қын мен тегеурінге ие болуына серпін берді. Тоталитаризм қыс­пағында сөз бостандығын аңса­ған, проблеманы қаймықпай бет­ке айтатын, тілдің майын та­мыза, айызды қандыра сөйлейтін еркін ойлы шешендердің сөзіне шөліркеген халық депутаттардың құрылтайын асыға күтуші еді. Съез бен Жоғарғы Кеңестің оты­рыстары трансляцияланғанда жұрт тегіс теледидарға телміретін. Содан Кеңес Одағының басшысы М.Горбачёв бүкіл ел былайғы жұ­мысты ысырып тастап, бірінші съез­дің отырысын бақылаған­дық­тан, мемлекет еңбек өнім­ді­лігінің бірден 20 пайызын жоғал­тып алғанын мәлімдеп еді. Қынжылтатыны сол, одақтың да, республиканың да Жоғарғы Кеңесі популизмге елігіп, «сөзі – дария, ісі – шөл» жағдайға жетті: «Бұл қарапайым парламенттік сес­сиядан гөрі кең ауқымды саяси ми­­­­­тингіні көбірек елестететін. Он­­­­­­­­да­ған жылдарға созылған мәж­бүрлі үнсіздіктен кейін жариялы­лық­­тың жылы лебін сезген депутаттар микрофон мен мінберге лап қойды. Оның әрқайсысы өз бағдарламасын, экономика мен мемлекетке қатысты төл диагнозын, проб­ле­маны шешудің өзіндік рецепті мен ұйғарымдарын тықпалап, өзгеден дауысын асыра айғайлап қалуға тырысты», – дейді зерт­­­­­теуші ғалым Николай Бирюков. Жоғарғы Кеңеске тәуелді болып қалған атқарушы биліктің барлық деңгейдегі органдары жұмысын әрі қарай жүргізе алмай, дағдарды. Сондықтан кеңестердің монополиясын жою, атқарушы билікті тұрақтандыру және нығайту мақсатында одақ пен республикалар деңгейінде Президент институты енгізілді.

Консерватизм мен жаңашылдық тайталасы

ХХ ғасыр соңындағы заң шығарушы биліктің жағдайына егжей-тегжейлі тоқталуымыздың мәні бар. Себебі осы жүйе Қазақ­стан тәуелсіздік алғаннан кейін де әрекет етті. Шешендігімен, тілі­нің өткірлігімен танылған, тәнті еткен Жоғарғы Кеңес кей жағдайда нақ­ты іске қырсыз екенін көрсетіп ал­ды. Ал азаттыққа қол жеткізген елімізге мемлекеттілікті мығым ете­тін істерге шұғыл кірісу керек еді. Депутаттар Президенттің реформаларына қарсы шығып, барынша бөгеуге тырысты. Мысалы, Жоғарғы Кеңестен қысқа мерзім ішінде тәуелсіз Қазақстанның жаңа Конституциясының жобасын әзірлеу талап етілді. – Дегенмен депутаттар оны жасауға асықпады. Мұны кешіктіруге болмайтын. КСРО-ның ыды­­­­­­­­рауы қарсаңында әлсіреп тұр­ған саяси ахуал істі кідіртуге мүм­кіндік бермейтін. Ол кезде Жоғарғы Кеңестің Үкіметке қысым жасауға мүмкіндік беретін билік ресурстарына ие болғанын және ішкі, сырт­қы саясатқа айтарлықтай ықпал ете алатынын есте ұстау қажет. Ол менің Мемлекет басшысы есебінде ойластырған қайта құруларыма ай­­­­­­­тарлықтай кедергі келтірді, – деп еске алды Елбасы. Жаңа мемлекетіміздің іргетасы қаланып жатқан шақта бос сөзге уақыт шығындау әбестік. Осы жағдайда Қазақстанның Тұңғыш Президенті бар жауапкершілікті өз мойнына алып, іске білекті сыбана кірісті: мемлекеттік билікті қайта ұйымдастырды. Құзыры мен функциясы, міндеті мен мақсаты көнерген меморгандар таратылып, орнына жаңалары құрылды. Шешуші кадрлық өзгерістер жасалды. Сондай-ақ бұған дейін болмаған сырт­қы экономикалық байланыстар, мұнай және газ өнеркәсібі, ғылым мен жаңа технологиялар, экология және биоресурстар министрліктері құрылды. 1991 жылдың соңында Президент шешімімен барлық министрлік ортақ алқалы органға – Министрлер кабинетіне біріктірілді. Осылайша, Қазақстанның алғаш­қы Үкіметі құрылды. парламент Тағы бір дерек: Жоғарғы Кеңес депутаттары ең алдымен елдегі ағым­дағы мәселелерді шешу керек деп санады. Ал Н.Назарбаев күнделікті мәселелермен шектелмей, елдің ұзақмерзімді стратегиялық мүдделерінен туындайтын болашақ қамын жасауға ден қойды. Нәтижесінде, 1992 жылдың басында Тұңғыш Президент «Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуы» атты бағдарлама дайындауға кіріседі, жас экономис­тер тобына негізгі мақсаттар мен даму міндеттерін түсіндіреді. Сан мәрте талқылаудан кейін ақырында құжат жобасы дайын болды. Стра­тегия мәтіні республикалық газеттерде 1992 жылдың 16 мамырында жарияланды. Құжатта Қазақстанның кеңестік жоспарлы экономикадан батыстық нарықтық қатынастарға көшетіні мәлімделген. Оған депутаттар қарсы­лық білдірді. – Көптеген адам бізді жете тү­сінбеді. Жоғарғы Кеңес пен оның басшылығы жекелеген принципті көзқарастарды қайта қарауды талап етті. Халықтың мұндай идеяны қабылдауға әзір емесін алға тартты. Жоғарғы Кеңестегі пікірталастар өте қызу болды, – дейді Елбасы. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Ата Заңын Жоғарғы Кеңес 1993 жылдың 28 қаңтарында қабылдады. Н.Назарбаевтың бағалауынша, бұл Конституция «әлеуметтік-экономикалық және саяси реформалар жүргізуге қарсы топ» пен «Қазақстанды демократиялық өрке­ниет­ті мемлекетке трансформация­лау қажеттігін түсінген топ» арасындағы мәміленің нәтижесі болатын. Оған сәйкес, елде Жоғарғы Кеңес сақталды. Ата Заң қабылданғаннан кейін 1994 жылғы 7 наурызда ХІІІ шақырылымдағы жаңа Жоғарғы Кеңес сайланды. Онда алғаш рет парламентшілер тұрақты негізде жұмыс істей бастады. Депутаттар саны бұрынғы 360-тан 177-ге дейін азайтылды. 135 депутат бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша, тағы 42 депутат мемлекеттік тізім бойынша сайланды. Депутаттардың 52%-ы өзін-өзі ұсынғандар еді. Тағы бір ерекшелігі сол, бұл Жоғарғы Кеңеске алғаш рет саяси партиялар енді: нақтылай кетсек, «Қазақстанның халық бірлігі одағы» – 30, «Қазақстан халық конгресі» – 9, «Социалистік партия» – 8, «Крестьянский союз» – 4, «Лад» славяндардың республикалық қозғалысы – 4, «Республикалық партия» мен «Қазақстанның кәсіпкерлер конгресі» бір-бірден мандатқа ие болды. Сөйтіп, Қазақстан тарихында тұңғыш рет саяси пар­тия­лар мен қоғамдық ұйымдар биліктің пәрменді тетіктеріне қол жеткізді, мемлекеттік ше­шімдер мен бағдарламалардың қабыл­дануына ықпал етуге мүмкіндік алды.

Парламенттік реформаның мәресі

Дегенмен қазақстандық кәсіби парламентаризмнің іргетасы 1995 жылы қаланды: 30 тамызда референдум нәтижесінде жаңа (қазіргі қолданыстағы) Ата Заң қабылданды. Онда алғаш рет «Парламент» ұғымы ресми бекітілді. Парламент – қос палатадан, яғни Сенат пен Мәжілістен тұратын, заң шы­ғару функцияларын жүзеге асы­ратын жоғарғы өкілді орган ретінде айқындалды. –Тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап шын мәніндегі саяси жауапкершілік тек кәсіби Парламентке тән екеніне еш күмәнім болмады. Міне, дәл осындай өкі­летті орган 1995 жылдың аяғында сайланды. Мен 1996 жылдың 30 қаңтарында бірінші парламенттік сессияны аша отырып: «Біз Қазақстанда шынайы, өркениетті парламентаризм құрудың алдында тұрмыз» деп мәлімдедім. Жаңа депутаттық корпус жұмысқа қабілетті екенін бірден көрсетті: Жо­ғарғы Кеңес жылына екі-үш рет шақырылса, жазғы каникулды санамағанда, Мәжіліс пен Сенат үздіксіз қызмет істеді. 1996 жылдың 5 айында Мәжіліс 35 заң қабылдады. Ал Жоғарғы Кеңес 1 жылда 7 заң­ды ғана бекіткен еді, – дейді Тұңғыш Президент. Сенаттың тұңғыш сайлауы 1995 жылғы 5 желтоқсанда ұйымдастырылды: 19 облыстан және астана мәртебесіндегі Алматыдан екі депутаттан (барлығы – 40) сайланды. Тағы 7 сенаторды Мемлекет басшысы тағайындады. І шақырылым­­дағы Парламент Сенатының тө­раға­сы лауазымына Өмірбек Бәйгелді лайық деп танылды. Мәжілістің тұңғыш сайлауы 1995 жылғы 9 желтоқсанда өтті. Мажоритарлық жүйе арқылы 67 депу­­­­тат сайланды. Мәжілістің тұң­ғыш төрағасы Марат Оспанов болды. Кәсіби Парламенттің бірінші шақырылымында саяси партиялар ұсынылмады. Жаңа депутаттық корпус қызметі аса өнімді болды: 1996 жылдың 30 қаңтарынан 1999 жылғы 29 қараша аралығында қос палаталы Парламент шамамен 500 заң қабылдаған. 1999-2004 жылдар аралығында жұмыс істеген ІІ шақырылымдағы Парламент Мәжілісіне бір мандатты округтер бойынша 67 депутат және біртұтас жалпыұлттық округ бойынша партиялардан 10 депутат сайланды. Олар 7% кедергіні ең­сер­­­ген 4 партияның – «Отан», Азаматтық, Аграрлық және Коммунистік партияның өкілдері еді. Салыстыру үшін айтсақ, VII сай­­­­ланған қазіргі Мәжілісте «Nur Otan» партиясынан – 76, «Ақ жол» партия­сынан – 12, «Қазақстан Халық партиясынан» 10 депутат ұсынылған. Тағы 9 депутат Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланды. Сенат – 49 депутаттан тұрады, әр өңірден екі сенатордан сайланады, тағы 15 сенаторды Президент тағайындайды. Қорыта келсек, өз тарихын 1995 жылдан бастайтын Қазақстанның кәсіби Парламенті еліміздің саяси жүйесін жаңғыртуға сүбелі үлес қосты. Кәсіби парламентаризм елдің жаңаша өркендеуіне, атқарушы және заң шығарушы билік тармақтары арасындағы тұрақты тепе-теңдік қамтамасыз етуге ықпал етті. Қос па­лата бірінің ол­қы­­лығын бірі толтырып, дәйекті түрде талқылау жолымен заң жобаларын пысықтаудың тиімді ішкі парламенттік тетігін түзді. Бұл ретте партиялар мен олардың сайлаушыларының атынан әрекет ететін Мәжіліс және жергілікті мәслихат арқылы сайланып, негізінен өңірдің ұстанымын білдіретін Сенат республикалық және аймақтық мүдделердің үйлесуін қам­тамасыз етуге септеседі. Сарапшылардың пайымдауынша, Қазақстанда заманауи стандарттарға және парламентаризм қағидаттарына негізделген заң шы­ғарушы билікті жаңғырту ісі аяқталды. Парламент бүгінде қазақ елінің заманауи сын-тегеуріндерге төтеп беріп, ілгері озуына қатысты міндет-мұраттардың заңнамалық тұғырын бекемдеуге күш жұмылдыруда.

АйханАйхан ШӘРІП