Қазақтың дарабозы соңғы көшіне аттанды
Қазақтың дарабозы соңғы көшіне аттанды
345
оқылды

Дарабоз жазушы Қабдеш Жұмаділов  85 жасқа қараған шағында  дүниеден өтті.  Шеттегі қазақтардың шерін тарқатқан тарихи романымен қазақ әдебиетінің есігін ашты.  Ұлттың намысын найзалаған, кеңестік жүйенің шындығын шыр­қыратқан ірі суреткер еді. Оның қаламынан туған әр шы­ғармасының орны бөлек. «Соңғы көш», «Дарабоз», «Атамекен», «Тағдыр», «Таңғажайып дүние» және тағы басқа көптеген шы­ғармалардың авторы.

Ол 1936 жылы 24 сәуірде Шың­жаң өлкесінің Тарбағатай аймағы Малдыбай ауылында дүниеге кел­ген. 1956 жылы Қытай үкіметінің жолдамасымен Алматыға келіп, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түс­ті. Алайда университеттің екінші курсынан кейін екі ел арасындағы саяси жағдайға байланысты кері ша­қырылып, 1958-1962 жылдар ара­лығында Қытайда қуғын-сүр­гінге ұшырады. 1962 жылы империя шекарасын бұзып өткен қазақ көшімен бірге атамекеніне қайта оралып, ҚазМУ-дегі аяқталмай қалған оқуын қайта жалғап, оны 1965 жылы бітіріп шы­ғады. Жазушы әуелі көркем прозадан  емес, өлеңнен бастаған. Ол туралы өзі де: «Менің ҚазМУ-ға түсуіме ақындығым себепкер болды. Кейін Қажығұмар Шабданұлының кеңесімен ептеп прозалық шығар­малар жаза бастадым. 10-сынып оқып жүргенде жазған «Жамал» атты әңгімем 1956 жылы Шыңжаң­дағы әдеби журнал «Шұғылаға» жарияланды. Бұл да менің ме­рейімді өсіріп, әдебиетші болып шығуыма шабыт, демеу болды. Осы жаққа келгенде де бірнеше өлеңдер жарияладым. Мен көрген шындық­тар, ұлттың басындағы қасіреттер, зорлықтар өлеңге сыймайды екен. Мұқағали Мақатаев «Соңғы көш­тің» бірінші кітабын оқып болған соң арнайы келіп құттықтады. Өлең жазатынымды да білуші еді. Сонда маған: «Бала, өлеңді бізге қалдыр. Сенің жолың кең құлашты прозада екен» дегені әлі есімде» деп жазады. Қабдеш Жұмаділов тек тарихи шығармалармен ғана шектелген жоқ. Шәкәрім туралы  «Аққуды атпас болар»  деп жазса, Алжир азап лагеріндегі әйелдердің аяныш­ты тағдыры туралы «Аранға түскен ақ­қулар» деген шығармасын жаз­ды. Екеуі де тағдыр туралы толғай­ды. Бірінде – қуғындалған, азап көрген, атылған, аштан өлген Абай ұрпақтары жайында сөз қозғаса, екіншісі – Тұрар Рысқұлов, Бейім­бет Майлин, Темірбек Жүргеновтің  азап лагеріндегі қиын күндері ту­ралы баяндалады. «Жазушылықтың азап екені рас. 20 томдай кітап жазыппын. Бұл – тілеп алған ауруың. Мен өмірімді қайта бастасам, тағы да жазушы болу жолын таңдар едім. Бұл кәсіп­тің рақаты – алған сыйлығың, ата­ғың да емес. Әр кітапты бітіріп, соңғы нүктесін қойған кезіңде жү­ре­­гіңді бір қуаныш билейді. Ол сәт­­тегі ләззатты ештеңеге айырбас­тай алмайсың. Қоғамнан мезі бол­ғанда тарихи роман жазудың рақа­тына батамын. Сол кезеңде сен еже­лгі адамдармен сөйлескен­дей бо­ласың. Билермен, хандармен, батырлармен бір табақтан ас ішіп, дәмдес боласың. Осының бәрі ра­қат. Бұл рақатты тек қалам ұстаған жазушы ғана түсінеді» деген екен қаламгер. Бар ғажапты қалам мен қағаз­дан тапты. Соның арқасы болар, оның қаламынан 10 роман туды. 20-дан астам повесть жазды. Одан бөлек, 70-тен астам әңгімесі бар.  Қаламгердің «әр кітабы – бір-бір жартас, оны  уақыт толқыны шая алмайды».   Дулат ИСАБЕКОВ, Мемлекеттік сыйлықтың иегері: – Бұрын қаза дегендер алыста жүретін еді. Қазір бұл ажал біздің буын­ға да жақындап келетін секіл­ді... Әскерде бір термин бар: «Бьет по нашему квадрату» деген. Сол айт­қандай, біздің де буынның ірге­сі сөгіліп, қатары азайып келеді. Соның бірі – Қабдеш Жұмаділов. Қазақ әдебиетінде орны ерекше бөлек, басында талай-талай тағды­ры бар, өте ұлтжанды, шеттегі қазақ­тың атамекеніне оралуына көп үлес қосқан, жан аямай күрес­кен, сол жақта жүріп, қуғындау көр­се де, ағайындарды елге келуге үгіттеп, қазақ көшінің басталуына айрықша қызмет жасаған азамат­тың бірі еді. Қытайдағы талай жазушының көркем шығармаларын елге насихаттап, мұндағы ақын-жазу­шы­лардың да көркем дүние­лерін арғы жақтағы ағайынға жет­кізіп, арасында алтын көпір болды. Қабдештің жазған шығарма­ларының бәрі өлмейтін дүниелер. Өмірінің соңына дейін шындықпен айқасып келді. Көп білетін, сол білетіндерінің  көбін өзімен бірге ала кетті. Жақында ғана қоңырау шалып, сөйлескен едік. Дауысы толымды, жайдары, жарқын  шыққан. Дауы­сына қарап, «Құдайға шүкір, ден­сау­лығы жақсы екен» деп ойлап едім. Бүгін Қабдештің қазасын естіп, айран-асыр болып отырмын. Қай өлім бізді айран-асыр қалдыр­маған?! Өлімнің бәрі де айтпай, ескертпей келеді. Сөйтіп, өлім қазақ әдебиетінің тағы бір үлкен жарық жұлдызын алды да кетті. Артында көптеген шәкірті, қалың оқырманы бар. Мен сол қалың оқыр­манына көңіл айтқым келеді. Кімде-кім қаламгерді сыйласа, кімде-кім Қабдештің талантына бас исе, кімде-кім Қабдештің шығар­ма­ларын қолынан тастамай оқып жатса, сол адамдарға көңіл айтқым келеді. Жалпы, қазақ әдебиеті үлкен бір қазаға ұшырады. Біз оны көзі­міз­дің тірісінде ұмыта қоймаймыз. Өйткені ол қазақ әдебиетінде ұмы­тылмас шығармалар қалдырды.   Қазаққа, қалың оқырманға айта­рым, қазаның арты қайырлы бол­сын! Қабдештің жатқан жері жайлы болсын!   Кәдірбек СЕГІЗБАЕВ, жазушы: – Қабдеш Жұмаділов  – қазақ прозасының қара нарларының бірі. Ол жастық шағында қаншалықты қи­на­лып, шекарадан қиындықпен өтсе, елге келген соң, көптеген көр­кем дүниелер жазды. «Қаздар қайтқанда» дейтін әңгімесінен бастап, үлкен-үлкен романдарды дүни­е­ге әкелді. Жалпы, өнімді жұ­мыс істеген жазушы. Қалай бол­ғанда да Қабдештің қазақ әдебиеті­нен алатын орны ерекше. Оның бір қасиеті – ештеңеден жасқанбайтын, ештеңеден қайтпайтын, өз дегені­мен ғана жүретін адам болатын. Айтысқан-тартысқан кездері де болды, бірақ ол әділдіктің жолында жүрген азамат еді. Әрине, мұндай азаматтан айырылу оңай емес. Қабан­бай туралы жазған «Дарабоз»  оқырманның іздеп жүріп оқитын, сүйікті кітабына айналды. Жаны жәннатта болып, пейіш­те нұры шалқысын!   Заңғар КӘРІМХАН, PhD докторанты: – Қазақ даласының құйқалы өңірі, жазиралы өлкесі саналған Алтайда дүниеге келген Қабдеш ағамыз көшпелі дәуірдің соңғы күндерін, алтын кезеңнің ақырғы арқауын көрді, цивилизацияның ұлы топанына жұтылған өркениет­тің ең соңғы сәттерін кейін қала­мы­на арқау етті. Асқар тау, алтын бұлақ, жасыл құрақ, айдынды дала мен айбынды ерлердің жанына еріп, атасы Күдері би мен әкесі Жұмаділдің өнегесін бойына сіңіріп өсті. Ата дәстүрдің мызғы­мас қалыптары жастайынан дары­ғандықтан, ол ұлттық менталитет­пен біте қайнасып туғандай еді. Заманның кең кезінде, Қытай мен Кеңес өкіметінің арасы жақ­сарып тұрған дәуірде Алматыдай әсем шаһарға жолы түсіп, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға қабылданып, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтен сабақ алып қоймай, тікелей жүзде­сіп, азды-көпті әңгімелескен шә­кірт Қабдештің болашағы сол кезден айқындалғандай болған. Онысы түр ұқсастығынан басқа тіл ұқсастығы, қаламгерлік мақсаты­ның ұштасқандығы. Бұдан кейін қырық құбылатын Қытай саясатының кесірінен «қалпақ киіп», «ұлтшыл» атанып, лагерьге сүргінге айдалып, тозақтай жерден аман шығып, 1962 жылғы көктемгі атақты көшті бастаушы-идеологіне айналады. Ел алдында ердің қандай ісі сіңді дегенде Қабдеш аға да осы көшке мұрындық болғанын мақтанышпен айтып жеткізетін еді. Бір әулетті ғана емес, мұқым елді, көшкен жұртты тарихи Отанға жеткізу миссиясын адал атқарған­нан соң, Қабдеш аға Қазақстанның баспа саласында, Жазушылар ода­ғында қызметтер атқарды. Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылық жолы поэзиядан басталған. 1967 жылы «Жас дәурен» атты алғашқы жыр жинағы жарық көрді. Өзінің ба­сындағы хал менен халық тағдырын шебер байланыстырған бір өлеңде ол: «Аралап көрсең нанасың, Әлемде талай қызық бар. Бақыт пен сордың арасын Бөледі қызыл сызықтар» деп жырлаған. Осылайша, алғашқы қалам қарымынан-ақ Қабдеш Жұмаділов әдебиеттің өз адамы екенін айқын білдірген. Бірыңғай прозалық шығармаға ойысқан соң, «Қаздар қайтып барады»,  «Көкейкесті», «Сәй­гүліктер» сияқты туындыларымен көпке танылды. Жалпы, жазушы қаламынан бір жыр жинақ, көп­теген әңгіме, хикаяттар, он шақты роман дүниеге келген екен. Қабдеш Жұмаділов – тарихи тақырыптарды көркемдеп жазудың қамшы салдырмас хас жүйрігі. Оның «Соңғы көш», «Дарабоз», «Атамекен», «Тағдыр» романдары – әдебиет сыны мен тарих тара­зысына жауап беретін кесек шы­ғармалар. Жазушының өзі жаз­ғандай, мызғымас, мұрты бұзылмас «бір-бір жартас». Қабдеш Жұмаділов халық ал­дындағы азамат парызын адал атқарды. Таза жүрді, ақ сөйледі. Парасатты жан болды, абырой биігінен көрінді. Сол биіктен түс­педі. Әрдайым тарихтың көне қатпарын ақтарды, халық санасын оятты, әдебиетте өлшеусіз тер төк­ті, үнемі халық жағында болды. Ұраны – Алаш, ұстанымы – адал­дық екені анық. Адамның өлшеулі ғұмырында барлық кезеңді толық игерген, өзіне жүктелген қалам­герлік міндетті толық орындаған, халықтың нағыз ақсақалы атанды. Ағамызды өлімге қимаймыз. Шығармаларын қайталап оқыған сайын оның тірі екеніне, сөзінің өлмегеніне, әлі де арамызда жүре­тініне сенеміз. Ағамыздың әуле­тіне, Сәуле апайымызға, Арман ағамыз бастаған ұл-қыздарына, туыс-туғандарына, жалпы қазақ еліне қайғырып көңіл айтамыз. Қош, Аға! Бақұл болыңыз!

Дайындаған Гүлзина БЕКТАС