Омарташылар да шығынға батты
Омарташылар да шығынға батты
312
оқылды

Бал – табиғаттың адам баласына сыйлаған ерекше қасиетті нәрі. Ол жанға – қуат, дертке – дауа. Ендеше дастарқанымызда тұрған осынау шәрбәтті жеңсік тағамның қаншама жолдан өтіп келетінін білеміз бе? Омарташылық елімізде қалай дамып жатыр? Бүгінгі пандемия оларға қандай зиянын тигізді?

Пандемия – 7 млрд теңге шығын

Қазақстанда тіркелгені-тіркелмегені бар, бәрін қосқанда орта есеппен 16 мың омарташы бар. Оларға тиесілі ара үйірінің саны 600 мыңға жуықтайды. Бал жинауды кәсіпшілік еткендердің 95% көшпелі сипатта жұмыс жүргізеді. Яғни, омартаны алыс-алыс егістік алқаптарына барып орналастырады. Болмаса, тиісті көлемде өнім жинай алмай қалуы мүмкін. Тұрақты бір жерде жұмыс істеу үшін өзіңнің егін шаруашылығың болуы қажет. Ол екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ашық ақпарат көздеріндегі мәліметтер бойынша, 2019 жылы еліміздің омарташылары 2 900 тонна бал өндірген. Ал былтыр пандемияға байланысты өнім жинамақ түгілі 7 мил­лиард теңгеге шығынға батыпты. Сұхбат­тасымыз «Бал-Ара» Қазақстан омарташы­лары ұлттық одағының вице-президенті Ғабит Нұрәділұлына қойған сұрағымыз осы туралы болды. «2020 жыл пандемияға байланысты өте күрделі жыл болды. Себебі омарташылық маусымдық кәсіп болғандықтан, оған дайындық жұмыстары оңтүстік өңірлерде ақпан айынан басталады. Наурыз айында алғашқы тозаң шырындары алына бастайды. Наурыз-сәуір айларында алғашқы алма ағашы гүлдейді. Маусым айында ең бірінші балды шайқау кезеңі басталады. Былтыр осы уақыт пандемия кезіне келді де, омарташылық қиындыққа ұшырады. Өткен жылы бірінші шайқауды жіберіп алдық. Оны біздің тілде «мамыр балы» деп атайды. Ең бір тез сіңімді, дәруменге бай, емдік қасиеті жоғары бал. Енді орта есеппен жылына 8 мың тоннадай бал өндірілсе, соның 2 мың тоннасы бірінші шайқаумен кетті деуге болады. Одан бөлек, ішкі нарықта сұраныс 90%-ға дейін төмендеп кетті, шекара жабыл­ғандықтан экспорт 100% тоқтап қалды. Осы және басқа да себептің барлығын орташа есеппен алар болсақ, 100 омартасы бар омарташының осы жылдағы шығыны айына 580 мың теңгені, ал жылына 7 миллион теңгені құрады. Бұл жалпы көлемі 6,9 миллиард теңгеге шығып отыр», – дейді ол. омарташы Пандемияның зияны – көптеген омар­та­шылар шығынға батқандықтан,  осы кә­сіптен бас тартуға мәжбүр болған. Сайттарда омарта сатамын, араларымды сатамын деген хабарландыру көбейіп кетіпті. Биыл індеттің күшеюі бұл жағдайды одан сайын асқынтып отыр. Жағдай ушығатын болса, елімізде онсыз да кенже дамып жатқан сала одан сайын құлдырауы мүмкін.

Баяу дамыған маусымдық кәсіп

Биылғы маусымды табиғи аномалиялық құбылыстар да қиындатып отырғанға ұқсайды. Өйткені күн райының қас-қабағына қарап отырған омарташыларды көктем кезінде әдемі болып жарқырап тұрған ашық күннің аяқ астынан күрт құбылып жаңбыр немесе бұршақ жауып кетіп жатқан жағдайы алаңдатады. Уақы­тында араларды жинап алмаса, мұндай жауын-шашыннан үйірдің 50-60 пайызы қырылып қалуы мүмкін. Ара кәсіпшілігін­дегі тағы бір мәселе, жергілікті омарта­шылар­дың аралар үйірін (пакет) ерте көктемде Өзбекстаннан сатып алатыны. Жыл сайын ол жақтан елімізге 100 мыңға жуық пакет келеді екен. «Мұндағы мәселе – аралардың сапа­сында. Олар ауру аралар ма, оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Ең бастысы, арзан. Оны алатындар көп ретте солтүстік өңірдегі омарташылар. Оларға араны қыстатқаннан гөрі, қыра салған үнемді. Өйткені қыста бағу үшін жиналған балдың жартысын алып қалып, жылы жерде ұстау керек. Онда да көктемге дейін олардың өліп қалмай­тынына кепілдік жоқ. Ал оған кеткен шы­ғыннан, араны жаңадан сатып алған оңай. Бірақ сол өзбектің арасымен елімізге түрлі аурулар кіреді. Егер Түркістан, Тараз сияқты оңтүстік өңірлерге зауыттар салар болсақ, соны біз өзіміз де жасай алар едік. Шындығын айтқанда, осыдан 100 жыл бұрын Өзбекстанға омарташы кәсібін апарған біздің азаматтар еді. Енді олар соны бізге кері сатып отыр. Сондықтан да бәсекелестік бағытында атқаратын жұ­мыстар ұшан-теңіз», – дейді омарташы Төлеген Бекбау.

Пандемияның зияны – көптеген омар­та­шылар шы­ғынға батқандықтан осы кә­сіптен бас тартуға мәжбүр болған. Сайттарда омарта сатамын, араларымды са­тамын деген хабарландыру көбейіп кетіпті. Биыл індеттің күшеюі бұл жағдайды одан сайын асқынтып отыр. Жағдай ушығатын болса, елімізде онсыз да кенже дамып жатқан сала одан сайын құлдырауы мүмкін.

Әзірге, мұндай зауыт тек Шығыс Қа­зақстан облысында бар. Онда омарташылар балды өткізу нарығына ғана жауап береді. Ал ара тұқымын асылдандыру мәселесі әзір­ге әр кәсіпшіліктің жеке мәселесі болып отыр. Осы ретте алғанда, бал ара өнеркәсібі елімізде баяу дамып келеді екен. Қазақстан омарташылар одағы құрылған 2010 жылы өндірілген бал көлемі 800 тонна болған. 10 жылда 10 есе өскен. Жалпы, елімізде содан бері омарташы­лардың 7-8 ұйымы ашылған. Респуб­ликалық палата, Омарташыларды дамыту қоры және тағы басқалардың көздегені – осы саланы барынша дамыту.

Еуропада оқып жүр

Мұндағы проблеманың бірі – омарта­шы мамандарды даярлау. Омарташылардың ұлттық одағы құрылғалы көптеген халық­аралық ұйымдарға мүше болып, Қазақстан­ның жастарын шетелде білім алуына мұрындық болған. «Одақты құрған кезде қай елден тә­жірибе аламыз деп ақылдастық. Түркиялық әріптестеріміз әуелі омарташылар одағын құру керегін айтты. Омарташыларды оқыту керек. Үкімет субсидия және тағы да басқа жеңілдіктер беруі қажет деді. Осының бәрін жасауға біртіндеп мұрындық болып келеміз. Еу­ропада 100 жылдық тарихы бар «Апис­лавия» деген ұйымға мүше болдық. 2013 жылы Бухарест қаласында өткен кезекті жиында кандидатурамды ұсынып, вице-президенті болып сайландым. Қазір осы қызметті қоса атқарып жүрмін. Осы ұйым Еуропаның омарташылар кол­ледж­дерінде тегін оқуға 15 квота береді. Соның арқасында бүгінде Польша мен Словакияда 9-11-сынып бітірген 150-дей бала тегін оқып жатыр. Оқу мерзімі – 4 жыл. Олардың алғашқы легі 25-30 бала елге оралып та үлгерді. Негізі, шығыс, солтүстік, оңтүстік өңірдің балалары», – дейді Ғабит Нұрәділұлы. омарташы Сондай-ақ Ресейдің Рязань облысында Рыбное деген қалада омарташылар ака­демиясы бар. Сол жерде соңғы 10 жылда 300-ге жуық адам білім деңгейін жоғары­лату мақсатында да оқып қайтқан. Одан бөлек, өзімізде де омарташылар дайындау ісіне мұрындық болған одақ басшылығы, бүгінде Батыс, Шығыс, Солтүстік Қазақ­стан, Түркістан облыстарында және Шым­кент қаласында колледждер ашуға, Алма­ты, Түркістан қалаларындағы аграрлық университеттерде омарташылар кафедра­сын құруға бастамашыл болған. Білімді мамандар даярлау бал арасын дамытуды механизация және автоматизация дең­гейіне жеткізуге серпін бермек.

Нұрлан ОРАЗҒАЛИ