Шымкент бақылауды күшейтті
Шымкент бақылауды күшейтті
125
оқылды

Шымкент қаласы «сары аймақта».Осы салаға жауапты барлық мекемелер мен қала аумағында са­ни­тарлық-эпидемиологиялық талап­тардың сақталуына мониторинг жүр­гізетін 22 мобильді топ күшей­тілген күн тәртібінде жұмысқа кірісті.

Биыл 659 млн теңге бөлінеді

Өткен жұмада эпидемиологиялық ахуал күшейген соң қаланың бас дәрігері қала тұрғындары мен қонақтарына үндеу жасады. Қаладағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақсыз екенін, инфекция жұқтырған  науқастардың күн санап артып жатқа­нын­ескерткен бас дәрігер сақтық шараларды қа­таң ұстануға шақырды. «Соңғы екі тәулікте шаһарда індет жұқ­тырған 147 науқас тіркелген. Бұл көрсеткіш күн сайын артып отыр. Сондықтан Шым­кент қаласы коронавирустың таралуы бо­йынша «сары аймаққа» енді. Бұл қауіпті індеттен қорғанудың бірден-бір жолы – коронавирусқа қарсы вакцина қабыл­дау. Сондықтан сала мамандары осы ба­ғыт­тағы жұмыстарды күшейтіп, халық ара­сында түсіндіру жұмысын жүргізу і керек», – деді қала әкімі М.Әйтенов. Денсаулық сақтау басқармасының бас­шысы Б.Позилов бүгінде Шымкент қала­сында жалпы коронавирусқа қарсы екпе­нің бірінші компоненті 7 400 адамға, ал екінші компоненті 3 385 адамға егілгенін атап өтті. Инфекцияға қарсы вакцина­циялау жұмыстары қаладағы 26 емдеу мекемесінде демалыс күндері де жүргізіліп жатыр. Бұған қоса қосымша 10 бастапқы медициналық-са­ни­тарлық алғашқы көмек көрсету ұйым­дарында екпе жасау үшін арнайы кабинеттер дайындалған. Кеңес отырысында қала ­басшысы өткен жылғы қателіктерді болдырмауды баса ескертті. «Қазір А сценарийі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Бұл сценарий бойынша 1 380 төсек-орын дайын. B және С сценарийі бойынша 5 мың төсек-орын дайындалады. Бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 117 мобильді топ жұмыс істеуде. Дәрі-дәрмек қорына келер болсақ, өткен жылы коронавирусқа қарсы қолданылатын дәрілерге 180 млн теңге бөлінді. 15 мың адамға жеткілікті дәрі бар. Биыл тағы тұрақ­тандыру қорына 659 млн теңге көлеміндегі қаржы бөлінбек. Осы жұмыстар нәтижесінде дәріхана­лардағы дәрі бағасы 15-30 пайыз төмендеді. 21 КТ, 32 рентгенаппарат, 615 ӨЖЖ ап­параты бар. Демек, 615 реани­мациялық орынға ИВЛ жеткілікті», – деді М.Әйтенов. Ал осы тұста қаланың бас дәрігері коро­на­вирус инфекциясын жұқтырған  нау­қастарды емдеу үшін қаладағы меди­циналық ұйымдарда қажетті жағдайдың бар­лығы жасалғанын атап өтті. Ол меди­циналық ұйым­дарда 900 млн теңгенің дәрі-дәрмек қоры бар екенін, бұл екі айға жететінін мә­лім етті. Сонымен қатар қала тұрғындарына қызмет көрсететін 11 ПТР зертханасы жұмыс істеп тұр. Зертханаларда тәулігіне барлығы 6 270 тест жасау мүмкіндігі бар. Үшінші мегаполисте дәрігерлер тап­шылығы байқалса,  резервке дайындап қойған меди­циналық колледждерінің студенттерін іске қоспақ.

Былтырғы қателіктер қайталанбасын

Шымкент қаласының әкімі өткен жыл­ғыдай олқылықтарды болдырмау үшін биыл қызу жұмысқа кіріскен.Қала бас­шы­сы «сары аймаққа» кірген шаһардың эпи­деми­ологиялық ахуалын бақылау үшін де­малыс күндері де бірқатар ауруханалар мен дәрі-дәрмек сақтау қоймаларын аралап шықты. Асар шағынауданында орналасқан қалалық клиникалық балалар ауруханасы эпидемиологиялық жағдай  ушықса 18 жас­қа дейінгі балаларды қабылдауға дайын. Бұл үшін ауруханада 60 төсек-орынға дайындал­ған жұқпалы аурулар бөлімшесі ашылған. Емдеу мекемесі заманауи техникалық­ құрылғылармен жабдықталған, медицина мамандары да жеткілікті. Мұнда инфекция­лық ауруға шалдыққан бала­ларды аурухана­да қабылдау үшін арнайы жоспар дайын­далыпты. Науқас балалар бөлек бокстарда қабылданып, емдеу шара­лары тиісті тәртіп­пен жүргізілмек. Айта кетейік, Асар шағын­ауданындағы балалар ауруханасында был­тыр көпбейінді про­ви­зорлық орталық ашыл­ған болатын. Мұнда инфекция жұқтырған  100-ден аса бала дертінен сауығып шыққан-ды. Шаһар басшысы балалар ауру­хана­сы­нан соң Нұрсәттегі перинаталды орталыққа ат басын бұрды. Орталықта коронавирус жұқтырған жүкті әйелдерді қабылдайтын 30 орынға лайықталған провизор­лық бөлімше ашылыпты. Орталықтағы про­визорлық бөлімше оттегі нүктесі мен ИВЛ аппараттарымен толықтай жабдықталған. Жалпы, коронавирус жұқтырған жүкті әйелдерді емдеу үшін орталықтағы 200-ден аса медицина ма­маны арнайы оқытудан өтіп, біліктілігін арт­тырыпты. Қабылдау бөлімінің маман­дары эпидемияға бай­ла­нысты науқастарды таза және лас аймақтар бойынша  қабылдап, арнайы тәртіппен медициналық көмек көрсетеді.

Дәрі-дәрмек қорлары бақылауға алынды

Қаладағы бірқатар көтерме сауда қой­малары мен медициналық бұйым шығара­тын «НПО ЗЕРДЕ» ЖШС, «АҚ НИЕТ» ЖШС, «Аптека №5», ATAMIRAS.S ЖШС көтерме қоймаларын аралап шыққан ша­һар басшысы жоспарланған дәрілік зат­тарды жеткізу және жинақтау бойынша резерв қорының қамтылғанына көз жет­кізді. Қоймалардағы ахуалды көрген соң Мұрат Әйтенов бетперде шығаратын Bіzhon жауапкершілігі шектеулі серіктес­тігіне­ барды. Мұнда күніне 20 мың данамен бірреттік үш қабатты бетперде шығады екен. Был­тыр мұнда 78 400 000 теңгені құрайтын 2 240 000  медициналық   бірреттік бетперде өн­дірілген.Ал «Экофарм» меке­месінде көп­реттік бетперде мен бірреттік медициналық киім тігіледі. Өндіріс орны тәулігіне 2 000 медициналық қорғаныс киімін тігіп шы­ғарады. Өткен жылы осынау мекемеде 4,5 млрд  теңгеге  648 876 медициналық бұйым өндірген. Оның ішінде індетке қарсы киім­дер, көп рет қолданылатын дәке таңғыш бар. Бүгінде Шымкент қаласының меди­цина­лық ұйымдарында 900 млн теңгеге дәрі-дәрмек қоры, 46 941 ЖҚҚ жиынтық­тары, 2 миллион медициналық бетперде, 1 014 600 медициналық қолғап дайындал­ған. Сала басшыларының айтуынша, дәрі-дәр­мек қоры жеткілікті. Дәріханалар мен емханаларда 4 млн 144 мың дана дәрілік зат бар. Оның ішінде ыстық түсіретін, анти­биотиктер, глюконат сияқты вирусқа қарсы қолданылатын дәрі-дәрмек түрі кездеседі. Қала әкімі мекемелерді аралап болған соң «Айкөмек 109» орталығында қаладағы фарм компаниялардың және тиісті сала басшыларының қатысуымен онлайн көшпелі жиналыс өткізді. Онда фарма­цевтикалық мекеме өкілдерінің мәселесін тыңдап, ортақ шешім қабылданды. Тұрғындар егер де алыпсатарлықтың немесе дәрі-дәрмекті шекті бағадан асырған жайттың куәгері болса дереу «109» байланыс нөміріне хабарласуы қажет. Айта  кетейік, Шымкент  қаласында 7 400 адамға вирусқа қарсы вакцина  егілген. Оның 4 607-і– медицина қыз­меткері болса, мұғалімдер – 2 244, құқық қорғау органы­ның қызметкері – 188, өзге топтағылар – 361.

22 мобильді топ күн сайын тексеруге шығады

Үшінші мегаполистегі эпидемиология­лық жағдайдың күрделене түсуіне байла­ныс­ты карантин талабын сақтауды бақы­лай­тын мобильді топ күшейтілген күн тәр­тібінде жұмыс істеп жатыр. Бүгінде қала аумағында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына мониторинг жүргізетін 22 мобильді топ жұмыс атқаруда. Олар күн сайын карантин ережелерін бұзға­н нысандарды анықтап, әкімшілік хаттама­лар толтырып жатыр. Соңғы мәліметтерге сүйенсек, Шым­кентте 4 сәуір күні КВИ-дің 48 жағдайы тіркелген. Оның  ішінде белгілері 25 науқас инфекциялық стационарға жатқызылып, 23 адам үй бақылауына алынған. Қазір  қалада 1 380 төсек-орын бар, оның 1 067-і – бос. Жұқпалы және каран­тин ауруханаларында 313 науқас ем қабыл­дап жатыр.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы