Барды бағаламадық, амалсыз шетелді жағаладық
Барды бағаламадық, амалсыз шетелді жағаладық
141
оқылды

«Қолда бар алтынның қадірі жоқ» бо­лып тұрған заман. Бұл экономикамызды жетілдіре түсетін әр салаға байланысты айтылса керек. Бірақ барымызды ба­ғаламай, шетелге жалтаңдауымыз қын­жылтады. Тұқымы құрып кете жаз­даған ақбас сиыр бір жылдары даламызда өріп жүретін, қазір оны «ана шаруа­шылықта сонша, мына шар­уашылықта мұнша» деп санап кеттік. «Мал өсірсең қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп мыңғырған қойымен мақ­танған қазақ Моңғолияға көз салды, тұ­қымын берші деп сөз салды...

Ақбас сиыр мөңірей ме, қораңда?

Қазақстанда бұл асылтұқымды ақбас сиырдың пайда болғанына да 90 жылдың мұғдары болыпты. Өткен ғасырдың 32-50-жыл­дары Қазақстан мен Ресей бірігіп, қазақ және қалмақ даласында жайылып жүрген сиырмен герефорд бұқасын будандастырып, асылтұқым­ды осы қара малды «жасап» шығар­ды.  Жылдар өте бұл тұқымның жаз аптабы мен қыс қаһа­рына да төзімді әрі етті екеніне куә болды ха­лық. «Қазақтың ақбас сиыры» деген атпен та­ныл­ған бұл асылтұқымды сиырлар белгілі бір ауылдарда өсірілді. Шет ауданына қарасты «Просторненское» асылтұқымды мал зауыты осы ауылдың бірі еді. 1980 жылдары осы зауыт туралы газеттен оқығанбыз. Онда бұл тұқым туралы, яғни ақбас малдың бір жасар бұқасы 1 000 келі тартып, Мәскеуде өткен Ха­лық шаруа­шылығы жетіс­тік­терінің көрмесінде бас жүлде­ні алғаны жа­зылған. Иә, кейін Кеңес Одағы ыдырап, совхоз тарап, шаруашылықтағы мал таран-таражға салынды. Дегенмен ауыл­дарда жеке қожалық ашқандар жетерлік. Қорасында осы асылтұқымды ақбас сиырлар әлі де бар. Бірақ біз оны місе тұтпай, Канададан сиыр әке­луге миллиардтар жұмсадық. Олардың біразы жерсінбей, климат ауыстыруға төзбей, саны азайды. Сонда да қоймаймыз. Сыртқа жәутен­дейміз...

Қораға сыймаған қой қайда?

Бұрын ауылда табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой болатын. Ал бұдан отыз-ақ жыл бұрын ауылдарда қой, сиыр, жылқы фермасы болып бөлінгенін қалай айтасың ұрпаққа? Тұқым сұраймыз деп отырған моңғол елінде 1990 жылдары ірілі-ұсақты малдың саны 25 миллион, ал Қазақстанда тек қойдың басы 35 миллион болған екен. Мына қызықты қа­раңыз. Қазір 3,2 миллион халқы бар Моңғолия­да тек қой – 57 миллион, ал біздегі қой саны 18 мил­лион екен. Біз сонда бұрын мал бағуды бас­қаға үйретуші едік, қазір үйренушіге ай­налдық. Шетелде «қойдың етінен гөрі шикі­затынан көп пайда табамыз» дейді екен.

Айтарым бар, тыңдайсыз ба?

Ауылда тұратын бауырларымыз жетерлік. Мал шаруашылығымен айналысқысы келеді. Кейбірі «Сыбағамен» несие алып, сиыр сатып алған. Бірақ бірлі-жарымы ғана оны тұрақты ұстап қалды. Енді бірі малды қайта сатып, алған несиесін жабуда. Қарағанды облысы Абай ауы­лында тұратын Аян есімді жігіт бұдан үш жыл бұрын дәл осы бағдарламамен он бас сиыр са­тып алыпты. «Әу баста қызықтым. Үйдегілер­мен ақылдасып, он бас мал алдым. Кейін бас­тал­ды. Жайылымға жер жоқ. Қысқы шөпті жи­науға да қаржы қажет. Қиналып қалдым. Сүтті өткізу де басты мә­селеге айналды. Ақыры сатып тындым, түс­кен қаржымен несиемді жап­тым. Негізінде, мен сиыр сатып аларда ұрынып қалдым. Ма­мандар маған қандай мал сатып алу керек екенін айтпады. Оларда түсіндіру жұмысы ақсап тұр. Мысалы, маған қайдан жас мал сатып алуыма болатыны туралы айтса, кәрі сиырларды сатып алмас едім. Жаспын, бұрын мал шаруашылығындағы тәжірибем аз болды, сол менің ұтылғаным» дейді. Бұл бір Аянның ғана басындағы жағдай емес.

Тобықтай түйін

Ауылды көркейту, мал шаруашылығын жетілдіру бір ғана бағдарламамен шектеліп қалмайды. Мысалы, ауылдарда өз шаруа­шылығын дөңгелетіп отырған жеке фермерлер бар. Алды – 500, кемі 100 ақбас сиырды бағып отыр. Солармен келісіп, мал ұстаймын деп талпынған жастарға жерсінген асылтұқымды малды неге сатпасқа? Кейбір ауылда 4-5 түтін ғана бар. Сол ауылдардың жері бос жатыр. Міне, осы төрт-бес үйге мемлекеттің есебінен шо­пан немесе сиыр бақташыларының қо­сынын неге ұйымдастырмасқа? Қайтарымы да бо­лар еді. Өйткені олар жерді еміп, малға бай­ланғандар. Жөн біледі. Сонда ғана ауылымыз жанға, қорамыз малға толады!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы