Коттеджді қалашық көріктене түседі
Коттеджді қалашық көріктене түседі
103
оқылды

Алматы облысы орта­лығын­дағы басынан дау арылмаған жобалардың бірі – соңғы жылдары қалаға Алматыдан қаты­найтын күре жолдың бойында бой көтерген коттеджді қала­шық.

Кейінгі бірнеше жылда мұнда 35 мың шаршы метрден астам баспана салынып, 386 отбасы үйлі болды. Қалай дегенмен, жаңаның аты – жаңа. Үйдің құрылысына, қалашық­тың инфрақұрылымына қатысты сындар да жиілеп кеткені жасырын емес. Тұрғындарды мазалаған мәсе­леге облыс пен қала басшылығы дер кезінде баса назар аударып, оларды біртіндеп шешуге кірісті. Күн жылы­нып жер қарая бастағанда Талды­қорғанның іргесіндегі коттеджді қа­ла­шықта осы  шағынауданның сырт­қы келбетін жақсарту және инфра­құрылымын дамытуға қатысты ау­қымды істер қолға алынды. Қалашықта тұратындардың дені көпбалалы отбасы болғандықтан, мұнда мектепке дейінгі және мектеп жа­сындағы балалар баршылық. Сон­дықтан олардың сапалы білім, саналы тәрбие алуын, уақытын пайдалы өткізуін қамтамасыз ету бірінші кезекте шешілуге тиісті мәселе екені айдан анық. Осына басты назарға алған облыс әкімінің тапсырмасымен қазір қалашықта  900 орынды мектеп салынып жатыр. Сонымен бірге 300 орынды шағын орталық қызметі де жолға қойылатын күн жақын. «Менің балаларым әлі кішкентай. Жұмысқа орналасу үшін оларды балабақшаға беруім керек. Соған алаңдап жүр едім. Үйімнің маңынан мектепке дейінгі мекеменің құры­лысы басталғанда қатты қуандым. Орта­лықта біздің сәбилерге барлық жағдай жасалатынына сенемін. Облыс, қала басшылығының коттедж тұрғындарының талап-тілегіне нақты назар аударып, біртіндеп шешіп отыр­ғаны ертеңгі күнге деген сенім­імізді арттыра түсті», – дейді қалашық тұрғыны Зарина Бауырсақова. Шағынауданда білім нысандары­мен бірге аумағы 312 шаршы метр болатын спорттық стадион құрылысы басталыпты. Бұлардан басқа, таяу уақытта салынуға тиісі жалпы аумағы 3 500 шаршы метр болатын футбол, баскет­бол, волейбол алаңдары мен жүгіру жолағы да тұрғындар көңілінен шы­ғары анық. Ең кішкене балаларға арналған ойын алаңы пайдалануға беріліпті. Ал олардан үлкен балалар мен ересектер үйлерінің жанына орналасқан воркаут-алаңшаларға барып, спортпен шұғылдана алады. Жергілікті билік тұрғындардың өтініші бойынша қалашық орта­лығында саяжол жасауға кірісті. Ша­ғын саябақ іспетті болатын демалыс орнында заманауи талаптарға сай жаңа орындықтар, диодты шамдар орнатылады. Көшеттер, гүлдер отыр­ғызылып, көгалдандырылып, абат­тан­дырылады. Қазір шағынауданда сауда нүк­телері, әлеуметтік тауарлар дүкендері жұмыс істейді. Сонымен бірге тұр­ғын­дар мәселесін жоғарыға жеткізіп, шешуге атсалысатын ПИК құрылған. Алдағы уақытта коттеджді қалашыққа таяу орналасқан жаңа аудандардың бірінде сауда, ойын-сауық орталығы ашылады.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы