Полицияға пара бермек болған жүргізуші ұсталды
Полицияға пара бермек болған жүргізуші ұсталды

Оқиға Түркістанда болған.  Көлік жүргізушісі жол қозғалысы ережелерін бұзып, оны жасыру үшін тәртіп сақшысына пара бермек болған.

Нақтырақ айтсақ, қала тұрғыны «Ваз-2107» маркалы автокөлігімен қос сызықты қиып өтіп, қарама-қарсы бағытқа шығып кеткен. Оны байқаған Түркістан ҚПБ ППР-ның инспекторы, полиция аға лейтенанты Батыр Алимов жүргізушіге заңды шара  қолданып, «Көлiк құралын жолдың жүру бөлiгiнде орналастыру, қарсы жүрiп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу» бойынша хаттама толтырды. Одан әрі көлігін айыптұраққа қойылған.

Сол уақытта жүргізушінің әкесі көлікті айыптұрақтан шығарып, оған әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттаманы толтырмауды өтініп, ақша ұсынған. Тұрғынның бұл заңсыз әрекеті тәртіп сақшыларының бейнежетондарына тіркелген.

Құқықбұзушы өз кінәсін толық мойындап, оған қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабымен хаттама толтырылған. Одан бөлек, пара ұсынған тұрғынға қатысты ҚР ҚК-нің 367-бабы 1-бөлігі «Пара беру» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.