Жәрдемі үшін Жапонияға алғыс айтты
Жәрдемі үшін Жапонияға алғыс айтты
89
оқылды

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Тацухико Касаимен кездесті. Жүздесу барысында екі ел ынтымақтастығын одан әрі нығайту, парламентаралық байланысты арттыру мәселелері сөз болды. Сенат Спикері Қазақстан елде қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыруға баса мән беріп отырғанын атап өтті.

«Біздің еліміз шетелдік ин­весторларды тарту және олардың құқықтарын қорғау бойынша белсенді жұмысты әрі қарай жалғастыруда. Мемлекет басшы­сының тапсырмасымен тиісті заңдарға қажетті түзетулер енгі­зілді. Соған сәйкес, енді инвес­тицияның көлемі мен мерзіміне және жұмыс орнына байланысты инвесторлар корпоративті табыс салығынан, жер салығынан, қо­сым­ша құн салығынан және мүлік салығынан 10 жылға дейін боса­тылады. Мұндай қадам ел эконо­микасына шетелдік, оның ішінде жапон инвесторларын тарту және қазіргідей күрделі уақытта жаңа жобаларды іске асыру үшін қа­жет», – деді М.Әшімбаев. Сондай-ақ ол Қазақстан мен Жапония арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстардың қарқынды дамып келе жатқанына назар аудартты. Бұған Т.Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық университеті мен М.Нәрікбаев атындағы Қазақ мемлекеттік заң университетінде жапон тілін оқы­татын орталықтардың жұмыс істеуі дәлел. Одан бөлек, Сенат Спикері пандемия кезеңінде елі­мізге көмек қолын созған Жа­пония үкіметіне алғысын біл­дірді. «Қазақстандағы меди­ци­налық мекемелерге жапон ме­ди­циналық қондырғыларын алу үшін арнайы грант бөлген Жа­пония үкіметіне алғы­сы­мызды білдіреміз. Бұл кө­мекті қа­зір­гідей күрделі кезеңде дос­тық пен өзара тиімді және се­німді серіктестіктің жарқын көрінісі деп қа­был­даймыз», – деді Сенат Төрағасы. М.Әшімбаев Сенаттың екі­жақты ынтымақтастықты және Қазақстан мен Жапония ара­сындағы парламентаралық қа­рым-қатынасты одан әрі нығайту үшін тиісті жұмысты жалғас­тыратынын жеткізді.

Айхан ШӘРІП