Денсаулық саласына қатысты екі тапсырма орындалды
Денсаулық саласына қатысты екі тапсырма орындалды
153
оқылды

Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли өзінің Facebook-тегі парақшасына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақс­тан халқына арнаған Жол­дауында айтқан тап­сыр­ма­­ла­рының біртіндеп орын­дала бастағанын жазды.

Еске сала кетсек, Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент пала­таларының бірлескен отырысын­да жасаған Жолдауы барысында Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аң­саған сәби» арнайы бағдар­ламасын бастауды тапсырған еді. «Отбасы-демографиялық жағдай алаңдатып отыр. Өкі­нішке қарай, Қазақстанда әрбір алтыншы отбасы сәби сүйе ал­майды. Әлеуметтік сауалнаманың көрсеткішіне сәйкес, қазақстан­дық­тардың 20 пайызға жуығы бұны ажырасудың айтарлықтай себебі деп есептейді. БҰҰ-ның Орталық Азиядағы көршілері­мізбен салыстырғанда, Қазақстан халқының өсіміне болжамы көңіл көншітерлік емес. Үкіметке 2021 жылдан бастап «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастауды тапсырамын. ЭКО бағдарламалары арқылы квота санын 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту керек» деген болатын сонда Президент. Берік Уәли желіге «Айтылды, орындалды» деген тақырыппен сол мәселеге қатысты арнайы кес­те жариялады. Кестеде көрсе­тілгендей, Мемлекет басшысы­ның тапсырмасына сәйкес, биыл­дан бастап Экстракор­поральді ұрықтандыру бағдар­ла­малары бойынша бөлінетін квота саны жылына 7 мыңға дейін ар­тып отыр. Ал «Аңсаған сәби» бағ­дарламасы аясында еліміздің 8 қаласында 19 мемлекеттік және жеке емхана қызмет көрсетпек. Бұл мақсатқа 6,2 миллиард теңге бөлу көзделген. Сондай-ақ Жолдауда еңбек­ақының аздығы, мамандықтың беделді болмауы, дәрігерлер құ­қығының қорғалмауы салда­рынан осы сала мамандарының тапшылығы мәселесі айтылған болатын. Президенттің баспасөз хатшысы жариялаған келесі кес­теде ол түйткіл түйінінің де ше­шілгені көрсетілді. Атап айт­қанда, 2021 жылдың қаңтарынан бастап 247 мың медицина қыз­меткерінің жалақысы өскен. Оның ішінде дәрігерлердің жалақысы 2020 жылғы 246 мың теңгеден 320 мың теңгеге дейін, орта деңгейдегі медицина қыз­мет­керінің жалақысы 145 мың теңгеден 173 мың теңгеге дейін көтеріліп отыр. Онымен шектел­мей, 2023 жылға қарай ақ халатты абзал жандар жалақысының орташа деңгейі экономикадағы орташа жалақыдан 2 есе артады деп межеленген. Сондықтан бұл мақсатқа 2021-2023 жылдары 1 141,5 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлу қарастырылып отыр.

Е.БОЛАТҰЛЫ