Стратегиялық серіктестік арта бермек

Стратегиялық серіктестік арта бермек

Мемлекет басшысы Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Петер Сийартоны қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Мажарстан арасындағы сенімді саяси диалогке, дәйекті эконо­микалық және инвести­циялық ынтымақтастыққа, COVID-19 пандемиясының сын-қатерлері кезінде өзара қолдау көр­сетуге негізделген стратегия­лық серік­тестіктің жоғары қар­қынын атап өтті. Қазақстан Президенті биыл­ғы 31 наурызда «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» та­қырыбында онлайн режимде өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бей­ресми саммитіне қатысқаны үшін Мажарстанның Премьер-Министрі Виктор Орбанға ризашылығын жеткізуді тап­сырды. Өз кезегінде Петер Сийарто кездесуге мүмкіндік туғызғаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс білдіріп, өз елінің басшы­лығының сәлемін жеткізді. Осы ретте Будапешттің Қазақстанмен кешенді ықпалдастығын одан әрі нығайтуға, соның ішінде Түркі кеңесінің әлеуетін пайдалана оты­­рып тереңдетуге дайын екенін айтты. Мажарстанның Сыртқы істер және сыртқы сауда министрі Түркістанның рухани астана ре­тіндегі маңызды рөліне тоқталды. – Сіздің, Президент мырза және Елбасының Мажарстанда беделдеріңіз зор. Біз Қазақстан мен оның халқының достық, бауырластық қатынасын сезі­неміз. Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесіне бақы­лаушы ретінде қатысуымыз ел­деріміз арасындағы стратегиялық серіктестіктің нәтижесі. Қазақ­стан – біз үшін маңызды страте­гиялық серіктес, – деді Петер Сийарто. Сонымен қатар тараптар Виктор Орбанның 2019 жылы сәуірде Қазақстанға жасаған ресми сапары барысында қол жеткізген уағдаластықтарды жүзеге асыру жөніндегі екіжақты қатынастарға қатысты бірқатар мәселені талқылады.