Бала кездегі жан жарасын қалай жазу керек?
Бала кездегі жан жарасын қалай жазу керек?
403
оқылды

Тән жарақаты көзге көрініп тұр­ғандықтан, оны емдеуге асығаты­нымыз белгілі. Ал іште, түкпірде жа­сырынып жатқан жан жарасы кейде елеусіз қалып жатады. Не­гізі, нағыз емдеу керек, сол күйі қалдыруға болмайтын жарақат түрі де осы болуға тиіс. Психоана­ли­тик мамандар «сол жараны жа­зуға асығу керек» дейді. Өйткені оның әсері өмірдің соңына дейін жалғасады деседі. Бұрын-соңды аса маңызды саналмаған тақырып кейінгі кездері өте өзекті болып отыр. Ендеше, бала кездегі жара­қаттың ересек өмірге тигізетін кері әсері қандай? Мамандар не дейді?

Таяқ – тәрбие емес

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қай кезде де болғаны белгілі. Яғни, бү­гінде жиі айтылып жүргені оның көбей­генін емес, оны ашық айтатындардың артқанын біл­діреді. Зорлықтың ауқымы көз көгерту, ес­тен тандырудан әлдеқайда кең. Соның ішінде, көпшілік елей бермейтін эмо­ционал зорлыққа баса мән беру керек дейді мамандар. Өйткені бұл көріністі біз күнде­лікті көреміз. Мәселен, баласының жер-жебіріне жетіп жекіп жатқан ата-ананы көз алдыңызға кел­тіріңіз. Болмаса, анасының күнара таяқ жегенін көретін балаларды ала­йық. Бұл — ең көп таралған әрі көп­шіліктің еріксіз ке­лісіп, терістейтін жан жарақаты. Неліктен еріксіз келіседі десе­ңіз, осы бала кездегі жарақат жайлы жастар жағы біліп, оны емдеу жолдарымен таны­суға ұмтыл­ғанымен, үлкендер бұған мән беру тұрмақ, «бәріміз таяқ жеп өстік, онда тұрған ештеңе жоқ» деп дес бермеуі мүм­кін. Міне, осы бала кезде зорлық көріп өс­кен екі адамның ортасында өмірге келген бала үшін ауыр жарақат көп түседі екен. Өйткені ұрсып сөйлеу, адам құрлы көрмеу олар үшін бұрыннан қалыпты жағдай бо­лып саналып келген. Отбасын құрған соң, агрессор ата-анасының орнын өзі басуы ғажап емес. Лондондағы King's College-дің Психиатрия институты ғалымдары 23 544 депрессиялық ауытқу жағдайын зерттеген. Нәтижесінде, балаға қатаң болу, ұрып-соғу кейінгі күйзелістерге жол ашып қана қой­май, бойындағы түрлі жаман қылықтардың пайда болуына да сеп болады екен. Соның ішінде ішімдік, есірткіге құмарлықтың оянуына бала кездегі жарақаттар әсер ететіні дәлел­денген. «Жанұяда әкесі ішімдікке әуес болса, бала қорқақтау болып өседі. Соның кесірінен ойын ашық айта алмайды, не қалайтынын, қай бағытты таңдайтынын білмейді. Өздігінен шешім қабылдаудан қорқатын болады. Мысалы, сондай орта­да өскен жігіт үйленген соң да анасына жалтақтауды қоймайды. Тіпті, отбасына ие бола алмай, ақыры ажырасатындар көп. Себебі анасын ренжітіп алмау үшін әйелін тыңдамайды. Шаңырақ шайқалған соң ондай азаматтар маскүнемдікке не құмар ойынына бой алдырып жатады. Ал мұндай жағдайға сол бала кездегі жара­қаттар себеп», – дейді психолог Салима Сатылғанқызы. Сондай-ақ отбасын жаңа құрған кезең­нің де болашақта өмірге келетін бала үшін әсері бар. Психоаналитик Жанар Қорданқызы қинап қосылған екеуден өмірге келген балаларда жарақат көп бо­ла­ды екен. «Қабылдауымызға келген па­циенттерге ең бірінші қоятын сұрағымыз – «ата-анаңыз сүйіп қосылған ба?». Өйт­кені көп мәселенің басы осында жатады. Біздің қоғамда қинап қосу, алып қашу сынды жайт көп. Ал енді елестетіңіз, өзі зорлықпен келген қыз өмірге бала әкелуге құштар бола ма? Сол сияқты кей от­басында қыз дүниеге келе беруі мүмкін. Оларға ұл керек, ұлдың орны бөлек болып тұр делік.  Сәби өмірге келген соң, алғаш­қы жарақаттар осылайша түсе бастайды. Одан бөлек, ананың босанғанға дейінгі және кейінгі күйзелісін де елеусіз қалдыр­уға болмайды. Одан бөлек, бізде көбіне баланы омыраудан шығарып, суалтатын болса, бірнеше күнге басқа жаққа апарып тастайды. Жастан асқан бала мұны «анама керек емес екенмін» деп қабылдайды. Сөйтіп, күйзеліске түседі. Осы уақытқа дейін қоғамда баланы елемеу, оны құдды жаны жоқ заттай қабылдау басым болып келді. Бала бәрін ұмытып қалады деп ой­лай­ды. Байқағаным, баладан бұрын өзін ойлайтын сияқты. Яғни, көп бала туғанды абырой көреді де, көпбалалы болады. Ал бірақ әр балаға тиісті махаббат беруді ойлай бермейді. Негізі, бала кемі 4 жасқа дейін әке-шеше махаббатына қанық боп өсуі керек», – дейді маман. [caption id="attachment_126205" align="alignnone" width="1222"]бала © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Заманауи зерттеулерге көз салсақ, бала кездегі ауыр күйзелістер мидың және психиканың дамуына кері әсер беретінін дәлелдеген. Айталық, бала кездегі зорлық не ата-ана махаббатының жетіспеу­шілі­гінің кесірінен тұлға болып қалыптасуда кедергілер қалыптасады. Яғни, өзіне се­нім­сіз, өзін өзгелерден үнемі кем көретін болады. Сондай-ақ баланың ашушаң болып өсуі, есейе келе ұрлық-қарлыққа жақын болатын себебі де отбасындағы атмосфераға тікелей байланысты. Осы күнге дейін бұл тақырыпқа қатысты жасал­ған зерттеу саны өте көп. Ондағы байлам мынадай: бала кездегі жайсыз оқиғалар мен психикалық ауытқулар ара­сында байланыс бар екен. Бергісі күйзеліс болса, арғысы, тіпті ауыр шизофренияға әкеп соғуы әбден мүмкін. Бұған қатысты психоаналитик Жанар Оспанова былай дейді: «Ата-аналардың сөзі үнемі бір жерден шығуы тиіс. Өйткені егер пікір екіге бөлінсе, бала қайсысының ығына жығыларын білмей қиналады. Соның салдарынан, тіпті балалар шизофрениясы пайда болуы мүмкін. Баланың тәрбиесіне басқалар араласпауы керек. Тағы бір жиі кездесетін қателікке тоқталайын. Маған келген пациенттермен сөйлескенде, көп­шілігі ұзақ уақыт бойы әке-шешесінің ортасында не мамасының қасында жатқан болып шығады. Ал 15 жасына дейін ана­сы­мен жатқан қыз әбден исін сіңіріп алады да, соны іздеп тұрады. Сөйтіп, өскенде лесби болуы мүмкін. Сол сияқты ер жеткенше шешесінің қасында жатқан ер баланың болашақта өзінн үлкен әйелдерге әуес болатыны содан. Болмаса, тіпті үйленбей қалуы да ғажап емес».

Тұлға болсын десеңіз...

Неміс нейропсихологы Томас Эльберт бала кездегі ауыр жарақат оның тұлға болып қалыптасуына бөгет болатынын айтады. Яғни, жан жарасы жазылмаған, ұзақ уақыт ауыр халде жүріп қалған бала өмір бойына нәзік әрі көңілшек болып қалады. Түптің түбінде әке-шеше тарапы­нан мейірімге қанып өскен баланың тұлға ретінде толық қалыптасуы оңай. Оның әрі әлеуметтік жағдайға тіреліп тұрғаны ша­малы. Өйткені кедей отбасында өскендер қаржылай қиындық көргенімен, көңілі тоқ болуы мүмкін. Сол сияқты ауқатты жан­ұяда ата-анасының балаға қарайтын уақыты жоқ болуы да кездеседі. Яғни, бірінші кезекте баланы қаржылай қам­тамасыз ету емес, эмоционал тоқ қылу маңызды. Кей отбасы тым қатал тәрбие беріп жатады. Ондай суық қарым-қатынастың кейін салдары болады. Айталық, анасы ешқашан мақтамайды, кемшілігін бетіне басады, сабақтағы үлгерімі төмен болса бұрышқа тұрғызады дегендей. «Мәселен, маған жасы отыздан асқан қыздар көп келеді. Жағдайы жақсы, бірақ тұрмысқа шыға алмай жүр. Соның себебін білмек болып қабылдауға жазылады. Анықтай келе, бала кезінде әке-шешесі тарапынан шектеудің көп болғанын білеміз. Яғни, «төрт алуға болмайды», «анаумен дос болма», «бәріне үлгі болуың керек» деген сияқты шектеулер оған тұсау болады. Сол сияқты баланың пікіріне құлақ аспай, олар үшін таңдау жасайтын ата-аналар бар. Ол да болашақта балаға кері әсер етеді. Табиғи болмысынан алыстап, әке-шешесі айтқан мамандықты оқыған ол кейін жұмысты жиі ауыстыратын, өмірден орнын таппай жүрген адамға айналады. Ең бірінші кезекте, ата-ана бала тәрбие­сіне келгенде сауатты болуы керек. Өзі әріп танымайтын адам басқаға қалам ұстауда қалай үйретеді? Сондықтан қыз-жі­гіт­тер бала өмірге кел­генге дейін көкірек көзін ашып, саналы түрде қадам жасауды үйренуі керек», – дейді Салима Сатылғанқызы. Расында, жар таңдауда қателеспеу керек дегенді бәрі тілге тиек еткенімен, оның астарына үңіле бермейтіндер бар. Алдымен, шаңырақ құрудың жауапты әрі үлкен қадам екенін түсініп, одан кейінгі кезеңде баланы өмірге әкелудің де бейнебір жоба екенін ұғыну қажет. Ал енді біздегі «ешкім біліп туған жоқ» немесе «бәріміз де оңбай таяқ жегенбіз. Жаман адам болмадық» дейтіндерге қатысты Жанар Оспанова: «Онда тұрған ештеңе жоқ» деп мән бермейтіндердің өзі – агрес­сор. Ол үшін кезінде өзін ұрып-соққандай баласын ұрып-соғу – норма. Мұны қор­ғаныс механизмі дейді. Демек, баласына не немересіне жаны ашып тұрған жоқ деген сөз. Баланы ұруға болмайды. Кейбірі сөзбен «ұрады». Яғни, түрлі ауыр сөз айтады. Әрине, мүлдем ұрыспау мүмкін емес. Бастысы, оның тұлғалық болмысына тиіспеу керек. Болмаса, кей ата-ана жаза ретінде бірнеше күн сөй­леспей қалады. Ол да үлкен жарақат қалдырады», – дейді. Бала кездегі психикалық жарақатты уақыттың емдемейтінін, қайта үдете түсе­тінін түсіну қажет. Яғни, сол кезеңдерді еске түсіретін жағдай бола қалса, дереу еске түседі. Болмаса, сезім мен басқа­лармен қарым-қатынаста әлгі жарақат негатив қалыпта қанға сіңіп кетеді. Мұндай жарақаттардың симптомы өте көп. Оның бәрін тізіп шығу мүмкін емес. Дегенмен адамды өзінен басқа ешкім жақсы біле алмайды. Демек, жарақаттарды емдеуді әркім өзі қолға алғаны жөн дейді мамандар.

JadiraЖадыра АҚҚАЙЫР