Озық ойлы Оспанов
Озық ойлы Оспанов

Қазақстандық кәсіби парламентаризмнің іргетасы 1995 жылы қаланғаны белгілі. Сол жылы 30 тамызда референдум нәтижесінде жаңа Ата Заң қабылданған. Ол Заңда алғаш рет «Парламент» ұғымы ресми бекіді. Елдегі кәсіби парламентаризмнің дамуына бірден-бір үлес қосқан азамат Марат Оспанов еді.

Сенаттың тұңғыш сайлауы 1995 жылғы 5 желтоқсанда ұйымдастырылды. Оған 19 облыстан және астана мәртебесіндегі Алматыдан екі депутаттан (барлығы – 40) сайланды. Тағы 7 сенаторды Мемлекет басшысы тағайындады. І ша­­­­қырылымдағы Парламент Сенатының Төрағасы лауазымына Өмірбек Бәйгелді лайық деп танылды. Ал Мәжілістің тұңғыш сайлауы 1995 жылғы 9 желтоқсанда өтті. Мажоритарлық жүйе арқылы 67 депутат сайланды. Мәжі­лістің тұң­ғыш Төрағасы Марат Ос­панов болды. Біз бүгін тәуелсіз Қазақстан тари­­­хын­да елеулі рөл атқарған, қа­зақ парламентаризмін қалыптастыруға және оны дамытуға ерекше еңбек сіңірген Марат Тұрды­­­бек­ұлының саяси болмысы туралы сөз ет­пекпіз. Ол Мәжіліс Төрағасы қызметінде жүріп, ел ішінде болып жатқан қоғамдық-саяси істерге бел­сенді араласып, өзінің көзқарасын ашық білдіріп отыр­­­ды. Саяси және экономикалық реформалардың нәтижелі жүзеге асуына атсалысты. Ол үлкен саясатқа ХХ ғасырдың 90-жыл­дары келді. 12-шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1995 жылдан бастап өмірінің соңғы күндеріне дейін Парламенттің төменгі палатасын басқарды. Оған дейін ол ұзақ жылдар бойы медициналық институтта сабақ берді. «Мен – оптимистпін, бізді мына қиындықтардан кейін лайықты өмір күтіп тұрғанына сенемін» дейтін сөзі бар. Әрі бұл сөз оның өмірлік ұстанымына ай­нал­ды. Ол республикалық партияны құрудың бастауында тұрды, әрі «Отан» партиясының іргетасын қалаушылардың бірі әрі Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың саясаттағы адал серігі бола білді. Сонымен бірге «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысының белсенді жақтаушысы болды. Олжас Сү­лей­­­меновпен бірге қозғалыстың жұмысына белсене араласты.

Сапалы заңдарды қабылдаудың ұйытқысы болу керек

Марат Оспановтың Мәжіліс төрағалығына келу тарихы да қызық. Бұл туралы Мәжілістің І шақырылымының депутаты Төлеген Қуанышев: «Мәжіліс де­путаттарының қатысуымен өткен алғашқы отырыстың күн тәртібіне алдағы атқарылатын жұмыстарды ұйымдастыру мәселелері қойылды. Әуелі палата Төрағасын сайлап алу қажет болды. Бұл лауазымды орынға сайлау да баламалы түрде өтуі тиіс. Соған орай кандидатурасы ұсынылғандар қатарында елі­мізге танымал Әбіш Кекілбаев, Өмірбек Жолдасбеков, Заманбек Нұрқа­ділов, Оразалы Сәбден сияқты тұлғалар болды. Марат Оспанов та сол үміткерлердің ішінде еді. Мә­жіліс депутаттары жасырын дауыс берген әрі өте тартымды жағ­дайда өткен сайлаудың қорытындысында Марат Оспановтың мерейі үстем болып, Мәжілістің Төрағасы болып сайланды. Бұл қазақ елі тарихындағы қос палаталы Парламенттің тұңғыш шақырылымының өз жұмысын бастаған сәті болатын» деп жазады. Осы бір лауазымдық қызметте жүріп, өзіне жүктелген міндеттерді атқару барысында Оспанов шынайы саясаткер-демократ екенін көрсете білгенін әріптестері жиі айтады. Ол Мәжілісті басқаруды қолға алған алғашқы күннен-ақ мемлекеттік орган­­дармен және өз әріптестерімен ты­ғыз қарым-қатынас­та жұмыс істеуді қалыптастыра білген. Оның: «Алдағы уақытта өзіміздің қажырлы еңбегімізбен Мәжі­лістің беделін арттыруға тырысайық. Кон­ституцияда белгіленген мерзімге дейін толық жұмыс істейік. Тәуелсіз елі­міздің Парламенті сапалы дайындалып қабылданатын заңдардың ұйытқысы болуы керек. Кәсіби деңгейімізді көтеру мақсатында және өзіміз де заң жобасын жаза біле­­тін­дігімізді сынаушыларға дә­лелдеу үшін Парламент Мә­­­­жі­лісінің қабырғасында дайындалатын заң жобаларының саны мен сапасын көтергеніміз абзал. Біздің қоғам үшін аса қажетті заңдардың әзір­ленуіне бастама­шылық жасайық!» деп айтқан сөзін сол кездегі әріптестері жиі айтады. Осындай ұстанымның нәтижесінде тек алғашқы екі сессия барысында-ақ 20-дан астам заң жобасы дайындалып, оларды Парламент қабылдаған. Ол заңдардың ара­­­сында «Шағын кәсіпкерлікке мемлекеттік қолдау көрсету», «Тұ­ты­­­­ну­шылардың еңбегін қорғау», «Көші-қон туралы» және тағы басқа осы тәрізді заңдар сол кездегі депутат­­­­тардың қажырлы еңбектерінің ар­­­қасында жарық көрді. Ол еліміз нарық эко­­­­­­­­номи­­­касына көшкен тұста қаржы, бюд­жет, салық саласындағы заңдардың қабылдануына мол үлес қосты. 1999 жылы «Тұрақ­тану­­­дан өсімге қарай» атты қаржы дағда­­­­рысы­­ның алдын алуға қатысты бағ­­­дар­­­­­ламасын жариялаған. Кейін ол Үкіметтің таяу жыл­дарға арнал­ған экономикалық бағдарламасына негіз етіп алынғаны белгілі.

Кәсібіне адал азамат

Мәжілістің бұрынғы депутаты Ирак Елекеев кейіпкерімізбен бірге істеген жылдары туралы: «Ол ең алдымен кәсіби Парламенттің тұң­­ғыш Төрағасы. Марат Тұрдыбек­­ұлымен таныстығымыз ерте басталды. 1995 жылы сайлау өткеннен кейін сайланғандарға арнайы құттықтау жіберілді. Соның ішінде Марат Оспанов­тың да құттықтауы болды. Құттықтауға қа­рап, біз осы кісі Төраға болатын шығар деп ойладық. Бірақ төрағалыққа бір емес, бес адам қатар түсті. Сол кездегі депутаттардың көбі Оспановқа дауыс берді. Ол кісіні неге көбірек қолдағанын білесіз бе? Инвестиция саласына қатысты көптеген еңбектері болды. Салық мәселесін жақсы білетін әрі экономиканың да қыр-сырын жақсы меңгерген азамат еді. Сондықтан ол кісінің Мәжілісті басқаруын бәріміз бірауыздан қолдадық. «Аман-есен осы төрт жылды дұрыстап өткізейік» деген сөзді жиі айтатын. Өкінішке қарай, өмірі өте қысқа болды. 50-ге толмай өмірден өтті. Ауырып құлайтын күні екеуміз бірге түскі ас іштік. Әртүрлі әңгімелер айтылып жатады. Оның бәрі өтірік деп айтар едім. Ерекше азамат еді. Оны бәріміз де айрықша құрметтедік, қадірледік. Өзі жұмыс істеген университетіне есімі берілді. Жолдасы Бақыт та әрдайым әріптес­терінің естеліктерін жариялап отырады. Ризамыз», – дейді. Ол Қазақстанның ішкі мәселесімен шектеліп қалған жоқ. Шетелдерге де жиі сапарлар ұйымдастырып, ресми делегацияларды басқарып жүрді. Сондай сапарының бірі Алманияға болған екен. Сол күндер туралы әріптесі Төлеген Қуанышев: «Делегация құрамында өзім де бол­ған едім. Іссапар кестесі бойынша төрағамыз Марат Оспановтың Берлин қаласындағы Гумбольдт атындағы университетте «Қазіргі Қазақстан Республикасының экономикалық жағдайы туралы» деген тақырыпта лекциясы жоспарланыпты. Бұл іс-шараға университеттің шамамен 50 шақты ұстазы мен студенті шақырылған екен. Алайда ойламаған жерден неміс астанасындағы басқа оқу орындарының ұстаздары мен студенттері де қатысуға ниет білдіріпті. Сол лекцияға 150-ден астам тыңдаушы келіп, біздің ел­дің экономикалық даму жолына қызығушылық танытты. Мәкең лекциясын аяқтағанда, айрықша қол соғып, қошемет көрсетті» деп жазады. Уақыт бір орында тұрмайды. Жылдар жылжып жатыр. Жақсы адамның артында атқарған жақсы ісі қалады. «Ғалымның хаты өлмейтіні» секілді саяси тұлғаның да соңында өлмейтін 100-ден астам ғылыми мақаласы мен монографиясы қалды. «Уақыт зырғып жатыр. Ғасырлар да өзгереді. Жақсы адамды жоғалтқанымыз­ды уақыт өзі емдеп жазғысы келеді. Алайда адамның өмір сүрген уақытында жарық жұлдызға айналған тұлғалар болады. Сол жарық жұлдыздардың келешек ұрпаққа қалдырған өсиеті ерекше. Әр адамның әр жарқын сәттерінің артында Ұлы мәртебелі ісі тұрғанын ұмытпауымыз керек. «Адамдардың бәрі уақыттан қорқады, уақыт пирамидалардан қорқады» деген сөз бар. Менің ойымша, уақыт та, пирамидалар да жадыға тәуелді. Ал жақсы адам туралы естеліктер өшпейінше, ол адамды тірі деп айтуға толық негіз бар», – дейді экс-депутат Виктор Ругалев. Өткен жылы саясаткердің туғанына 70 жыл толуына орай Мәжілісте «Отанға адал қызмет ету» деген кітаптың тұсаукесері өтті. Іс-шараға Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин, Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері және марқұмның отбасы мен жақындары қатысты. Мәжіліс Спикері Марат Оспанов­тың отандық парламентаризмді қалыптастырып, заңнамалық базаны дамытуға және Қазақстанның қазіргі заманғы салық жүйесін жетілдіруге қосқан қомақты үлесін атап өтті. Екі тілде жарық көрген кітапта Марат Оспановтың адами қасиеттерін, тұлғасы мен азаматтық ұстанымын ашатын естеліктер мен жылы лебіздер жазылған. Тұсаукесерде: «Марат Оспанов бас­қарған жылдары Парламент жан-жақты және табысты еңбек етті. Осы жылдарда Парламент 400-ден астам заң қабылдады. Сол уа­­қытта қабылданған барлық заң­дарда, соның ішінде экономикалық құжаттарда Марат Тұрдыбекұлының қосқан үлесі зор және ерекше. Ол тек заң шығару қызметімен айналысып қана қоймай, қоғамдық жұмысына да, мәдениет, спорт саласын нығайтуға да белсене араласты. Марат Оспанов – бүкіл өмірін егемен еліміздің дамуына арнаған білікті саясаткер, іскер басшы, қайраткер тұлға», – деді Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин. Марат Оспанов жарқ еткен жасындай қысқа ғұмырында елге сіңірген осындай елеулі істерімен есте қалды. Тәуелсіз Қазақстанның дамуына үлес қосқан аяулы жанның соңында жақсы аты, атқарған айрықша ісі қалды.

Айым БЕКТҰР