Жолдағы таразы-стансалар кімнің лоббиі?
Жолдағы таразы-стансалар кімнің лоббиі?
187
оқылды

Қазақстан жолдарында жүйткіген ауыр жүк көліктерінің түрі де, саны да көбейіп барады. Кез келген жолмен қосымша пайда табуды көздейтін жүргізушілер клиентпен мәмілелесіп, тасымалдаушы компанияның машинасына шектен тыс жүк артады. Салдарынан трассалардың тез тозығы жетіп, асфальттың мылжа-мылжасы шығады. Мемлекет бұл құбылыспен көп жылдан бері күресіп келеді. Енді осы «майданда» жаңа қару-құрал пайда болды.

Жолдың «жауы» ауыр көлік пе?

Жол халыққа, көліктерге қызмет ету үшін салынады. Бірақ мемлекет кейбір көлік түрімен күресуге мәж­бүр. Өйткені рұқсат етілгеннен артық жүк тиелген көліктердің ке­сірі жетерлік, ол салдары ауыр жол апаттарына соқтырып жатады. Басы артық жүк тасу бірте-бірте көліктің дөңгелек-шинасының, тежегіш жүйесі мен өзге де тетіктерінің то­зуы­на түрткі болады. Бұл жол-көлік оқиғаларының туындау қаупін арт­тырады. Оның үстіне, бұлар онсыз да сапасы нашар жолдардың жабын­ғысынан сау-тамтық қалдырмайды. Сондықтан мемлекет автомобильді жүк көтеру қабілетінен тыс жүк­тегені үшін айыппұлдар енгізді, жолда тыйым салатын белгілер орнатты. Енді Қазақстанда салмақ бақылау стансаларын жаппай ашу жоспарланып отыр. Индустрия және инфра­құ­ры­лымдық даму министрлігі респуб­ликалық жолдарда жаңа «автомат­тандырылған өлшеу стансалары» (АӨС) жабдықталатынын жария­лады. Бұл станса әрбір автокөліктің түрін, маркасын, мемлекеттік тіркеу белгісін, салмағын және габариттік-көлемдік параметрлерін, өстік жүк­темелерін және қозғалыс жыл­дамдығын тіркейтін болады. Фото және видеотүсірілімді жүзеге асы­рады. Бұл адамның араласуынсыз, автоматты режимде жүреді. Арнайы сертификатталған бұл бақылау-өлшеу техникалық кешені «интеллектуалды көлік жүйесінің» құрамдас бөлігіне айналады. Онда жасанды зерде қолданылады деп күтілуде. «АӨС-тер автожолдарды сақтау және олардың ірі габаритті, ауыр салмақты автокөліктің жүру қар­қын­дылығынан мерзімінен бұрын бұзы­луына жол бермеу үшін қажет. Сон­дай-ақ ол көлікті бақылау ке­зінде лауазымды тұлға мен тасымал­дау­шының тікелей байланыс жа­сауынан туындайтын жемқорлық тәуекел­дерін болдырмайды. Осы мақсатта заңнамада автоматтан­дырылға­нөлшеу стансаларын ор­нату, олардың жұмысын ұйым­дас­тыру тәртібін айқындау ұсы­­ны­­ла­ды», – деді ИИДМ.

«Таразы-станса» қашан іске қосылмақ?

Министрліктің мәліметінше, 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдар­ламасында республикалық маңызы бар жалпы пайдаланымдағы ав­томобиль жол­дарында 112 АӨС салу қарастырылған. Бұл ретте жаңа заң жобасында аталған стансалардың қандай республикалық маңызды автожолдарда орнаты­латынын Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігінiң Автомобиль жолдары комитетi айқындайды деп көзделген. Дегенмен болашақта мұндай стансалар жергілікті жолдарда да пайда болуы ықтимал. Өйткені заң жобасында үш мегаполис пен бар­лық облыс әкімдіктерінің авто­мо­биль жолдары және жол қызметі саласына жауап беретін атқарушы органына «облыстық және аудандық маңызы бар жалпыға ортақ пайда­ланылатын автомобиль жолда­рында, елді мекендердің көшеле­рінде АӨС орнатуды және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету» жүктелмек. Жергілікті жолдардағы стансаларды басқаратын оператор компанияны да өңір әкімдігі анық­тайды. Сонымен, қолданыстағы заңна­маға көлік мәселелері бойынша толықтырулар қабылданса, онда 12 тоннадан асатын жүктерді тасы­мал­дауға арналған автокөліктер жол­дарда орнатылған әлгі «таразыларда» өлшеуден өтуге міндетті болады. Сонда бұл жаңалықтар қашан өмірге жолдама алмақ? ИИДМ дере­гінше, заң жобасы бойынша Интел­лектуалды көлік жүйесі (ИКЖ) көлікті тоқтату негіздерін анықтай­тын болады. Бұл норма 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енбек. «Әйткенмен, 2020-2025 жыл­дарға арналған «Нұрлы жол» мем­бағ­дарламасына сәйкес, ортақ пай­даланылатын автомобиль жол­­да­­рында осы зияткерлік көлік жүйе­сінің құрауышы саналатын авто­мат­тандырылған өлшеу стан­саларын орнатуды 2025 жылға қарай толық аяқтау жоспарлануда», – деді ведомство. Тиісінше, заң жобасындағы АӨС-ке қатысты нормалар олар толыққанды іске қосылғанға дейін, яғни 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Шығын өзін ақтай ма?

Министрліктің түсіндіруінше, бұл стансалар ауыр салмақты және ірі габаритті автокөліктердің қозға­лысына лайықты бақылау жасайды, жолаушылар тасымалының қауіп­сіздігін қамтамасыз етуге үлес қо­сады және шетелдік тасымал­дау­шыларды қадағалайды. Мамандардың байламынша, бұл – Қазақстанның ойлап тапқан ноу-хауы емес. Мысалы, ірі көлемді және ауыр салмақты көліктерді қозғалыс үстінде өлшеу (Weight-in-motion немесе WIM) бүкіл әлемде қолданылады. Қазақстандық ше­неу­ніктер Канаданың тәжірибесіне жүгініп отыр. Онда ХХІ ғасырдың басында дәл осындай автоматтан­дырылған өлшеу стансалары қол­да­нылған болатын. Ол өзін басып өткен көліктердің салмағын қозға­лыс үстінде өлшейтін. Кейін Канада ондай стансалар жобасын тоқтатты. Бұрын жарақталған АӨС-тер қазір жүргізушілердің еркін пайдалануы­на берілген: олар оны құқық қорғау органдарын тартпай-ақ өз бетінше көлігін өлшейтін орын ретінде қол­данады. Қазақстанның автожолдарында WIM жүйесі алғаш рет 2013 жылы орнатылды. Қолданыстағы заңна­мада ол «арнайы автоматтан­дырылған өлшеу құралдары» деген ұғыммен бекітілген (жүргізушілер арасында САИС деген атпен бел­гілі). Бүгінде еліміздің ең ірі трасса­ларында 21 САИС жұмыс істейді. Олардың орнын 112 АӨС бас­пақ. Автоматтандырылған пункт­тер­де тек техникалық персонал бо­латыны мәлімделді. Олар стансаның үздіксіз жұмыс істеуіне жауап береді, оны бұзақылардың қиратып кет­пеуін, бүтін күйінде қалуын қада­ғалайды. Министрлік стансада ақша жинаушылардың да, көліктік ба­қылау органдары қызметкерлерінің де болмайтынына сендірді. Қазіргі көлікті бақылау жүйе­сінде жүк көліктерінің 10%-дайы ғана қадағаланады екен. ИИДМ дерегінше, 112 АӨС салынса, жүк көліктерінің кем дегенде 90%-ы салмақ және көлем бақылауымен қамтылмақ. Ресми ақпарат бойынша, 1 АӨС 140 миллион теңгеге түседі. Бұл сомаға бақылап өлшеуге арналған алаңды жабдықтау, электр желісін тарту, ақылы автотұрақ жасақтау, ангарды және стансаны жарықтан­дыру кіреді. Негізі, өткен жылы республи­калық және жергілікті маңыздағы автожолдарда, мемлекеттік шекара арқылы өткізу бекеттерінде, со­нымен қатар қалаларға кіреберісте жалпы саны 85 станса орнатыла­ты­ны, оған 12 миллиард теңге жұмса­ла­тыны хабарланған болатын. Мұның сыртында осы АӨС-терге техникалық қызмет көрсету үшін ай сайын 2,5 миллион теңге қажет болатыны айтылды. Енді АӨС-тер санының 112-ге дейін ұлғайтылуы шығынның да артуына әкелмек. Әйтсе де, шенеуніктердің ше­карада, жолдарда және елді мекен­дердің кіреберісінде аса қымбат «таразы-стансалар» орнатып тастау ниетінің орындылығына мамандар шүбә келтіреді. Көлік мониторингі саласының маманы Эльдар Тихонюк ғарыштық және ақпарат­тық технологиялар жақсы дамыған заманда алып стансалар орнатуға деген қажеттіліктің болмайтынына назар аудартады. «Мысалы, салмақты бақылау жүйесін әр жүк көлігіне орнатуға болады. Бұған тасымалдау компа­нияларын не көлік иесін міндеттеу қажет, сонда бюджеттен шығын шықпайды. Егер көлік спутниктік мониторинг жүйесімен жарақталған болса, онда тахографтар мен нави­гациялық GPS мониторинг жүйе­лерін орнатумен айналысатын кез келген білікті компания соған жүкті бақылау жүйесін енгізіп бере алады. Бұл жүйе Android немесе iOS-ты қолдайтын смартфон, планшет секілді кез келген девайсқа жүкке қатысты ақпарат жолдайды. Егер жүргізуші көліктің рұқсат етілген жүктемесін асырып жіберсе, онда жүйе мессенджер, электронды пошта және басқасы арқылы ком­паниядағы жауапты тұлғаны ол жайында хабардар етеді», – дейді маман. Бұл ретте салмақ датчиктері кө­ліктің әрбір өсін-білігін бақылайды. Сондай-ақ әр көліктегі жүкке қа­тысты барлық ақпаратты жауапты меморгандардың ақпараттық жүйе­сіне тікелей жолдау мүмкіндігі де бар. Заманауи бұл құралдар сұйық, сусымалы, көлемді-габаритті кез келген жүкті өлшей алады. Осылайша, мұндай аспаптары бар машиналарды қандай да бір платформа-стансада қайтара өлшеп жатудың мәні қалмайды. Оның үстіне, салмақты бақылау жүйеле­рінің құны да арзан: бір данасы нарықта шамамен 35-50 мың теңгеге сатылады. Ендеше Үкімет әрқайсысының құны 140 миллион тұратын АӨС-терге әуестене бермей, өзге де за­ма­науи технологиялық шешімдерді іздестіргені жөн секілді.

Елдос СЕНБАЙ