Әлеуметтік желіде тараған видеода тәрбиешінің кішкентай қыз баланы шашынан сүйрей жөнелгені анық көрінеді. Бүлдіршінің құлағанына да мән бермейді. Бұл туралы AstanaTV хабарлады.
Оқиға 29 наурыз күні Жылыой ауданы Жаңа Қаратон ауылындағы «Балдырған» балабақшасында болған. Тәрбиешінің жұмысына күмәнмен қараған ата-ана топтағы бейнебақылау камерасы жазылған таспаны қарауды өтінген. 21 жастағы келіншектің мектепке дейінгі мекемеге тәрбиеші болып орналасқанына бір жылдан асыпты.Осы оқиғаға байланысты тергеу басталды. Атырау облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнәзира Мұхтарова: «Әлеуметтік желіде тараған бенежазбадағы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 140-бабы, яғни кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамауы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде», – деді.Атырау облысы Жылыой аудандық білім бөлімі бастығының орынбасары Гүлжансара Таңатарова: «Әлеуметтік желіде жарияланған видеоның әрбір минутын, әрбір секундын қарап жатырмыз. Қазір біз тәрбиешінің тарапынан да, балабақша меңгерушісінің уақытша қызметі лауазымындағы адамнан да, әдіскерлер, жалпы барлық қызметкерлер тарапынан жеке-жеке түсініктеме алып жатырмыз», – деді.