Отандық өндірушілердің мүддесі ескерілмей тұр
Отандық өндірушілердің мүддесі ескерілмей тұр

Қазақстанның Тұңғыш Президенті  Н.Назарбаев «KADEX-2016» халық­аралық әскери техникалар көрмесін аралап жүргенде «еліміздегі қорға­ныс-өнеркәсіп мақсатындағы тап­сырыстың 80 пайызы отандық кәсіп­орындарға берілсін, тек қалған 20 пайызы шетелдік заманауи техниканы сатып алуға бөлінуі тиіс» деп айт­қан болатын. Бірақ содан бері бес жыл өтсе де, жағдай оңалып кете қой­ған жоқ.

Қауымдастық неге наразы?

Отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені кә­­сіп­орындарының қауымдастығы Мем­лекеттік қорғаныстық тапсырысты (МҚТ) қалыптастыру, орналастыру және орындау ережелеріне және әскери мақсаттағы тауарларға баға белгілеу қағидаларына аса наразы. Қауымдастықтың төрағасы Айбек Барысовтың айтуынша, бұл талаптар отандық өндірушілердің дамуына кесірін тигізуде, сондай-ақ қорғаныс саласының им­порттық өнімдерге тәуелді болуына көпе-көрнеу басымдық беріп қойған. –  Мәселен, «Мемлекеттік қорғаныстық тапсырысты орындау кезеңі» ережесі отан­дық кәсіпорындардың ұзақмерзімді тех­нологиялық циклде жасалатын өнімдер бо­йынша келісімшартқа отыруына мүм­кін­дік бермейді. Яғни, мемлекет жаңа тех­нологиялық шешімдерді, күрделі өнім­дерді игеруге және өндіріске енгізуге қолдау көрсетуге құлықсыз. Сөйте тұра, қорғаныс-өнеркәсіп кешені саласында шешімін 5-10 жыл күтуге тура келетін технологиялық мысалдар жеткілікті,– дейді Айбек Барысов. Бұдан бөлек, отандық жабдықтау­шы­лардың МҚТ орындаушы тізіліміне енуі үшін Индустриялық сертификат керек. Ал сертификат бұрыннан шығарылып келе жат­қан сериялық өнімдерге ғана беріледі. Мұндай талап техникалардың жетілдірілген түрлерін шығарғысы келетін кәсіпорын­дардың қолын байлап отыр. Өйткені тек сертификат алу үшін ғана құны қымбат әскери техниканың жаңа үлгісін жасауға кәсіпорындардың шамасы жете бермейді. Сонымен қатар тізілімге жылына көп дегенде екі рет қана толықтыру енгізіледі. Отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының төраға­сы аталған ережеде, сондай-ақ болжанбаған мән-жай, экономикалық немесе саяси тұ­рақ­сыздық (санкция, эмбарго және т.б.) кездерінде келісімшарт мерзімін өзгерту процедурасы ескерілмегенін айтады. Мысалы, Үкіметтің МҚТ бекіту туралы кезектен тыс қаулысы шыға қалса, әйтпесе құзырлы орган тапсырысты орындаушыны таңдауды ұзаққа созып жіберсе, келісім­шарттарға қол қою мерзімі автоматты түрде кейінге шегеріледі. Бірақ тіпті мұндай жағдайдың өзінде келісімшарт міндеттеме­лерінің орындалу мерзімін кейінге ауыс­тыру мүмкіндігі қарастырылмаған. Сондай-ақ қорғаныс өнімдеріне баға белгілеу ережесі бойынша тауардың өзіндік құнына МҚТ кезеңіне дейінгі шығындар қосылмайды. «Кәсіпорындардың жалғыз табыс көзі мемлекеттік қорғаныс тап­сырыс­тары­нан жасақталатындықтан, өн­діріске қажетті жабдықтар мен материал­дарды сатып алуға, өндірістік қуаттарды жөндеу және оларды күтімде ұстауға, кадрларды оқыту мен қайта даярлауға, тіпті жалақы қоры аясында жұмысшыларға еңбек демалысы төлемін төлеуге қажетті қаржыны қайдан алуы тиіс? Ал бұл шығын­дар аталған ережеде қарастырылмаған», – деп қынжылыс білдірді ол.

Құзырлы орган қандай уәж айтады?

Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қ.Өскенбаев ҚР Үкіметінің 2019 жылғы қаулысымен бекітілген аталған ереже мен оған енгізіл­ген өзгерістер жобасы қазір арнайы жұмыс тобының қарауына жіберілгенін жеткізді. Сондай-ақ «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы» Қазақстан Республикасы заңының 22-ба­бына сәйкес МҚТ орындауға арналған шарт үш жылға дейінгі мерзімге жасала­тынын (қауымдастық өкілі айтқандай 7 ай мерзімге емес. – авт.) және әскери мақсат­тағы тауарларды, қосарланған өнімдерді өндірудің, жұмыстарды атқарудың және қызметтерді көрсетудің бүкіл жиынтығы­ның жекелеген түрлеріне де жасалатынын ескертті. – Ал жаңа технологиялық шешімдерді әзірлеумен, ұзақ инвестициялық циклы бар күрделі өнімді игерумен байланысты 5,10 жыл қажет болатын технологиялық міндет­терге келер болсақ, мұндай міндет­тер ғылыми зерттеулерді, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, сондай-ақ инвестициялық жобаларды қаржыландыру арқылы шешіледі. Сондықтан ол шығыс­тарды сериялық өндірілетін әскери өнімнің құнына қайта қосудың қажеттілігі жоқ, – деді ол. Қайырбек Өскенбаев индустриялық серти­фикат жайында да түсінік берді. Ол кәсіпорындарды МҚТ орындаушылары тізіліміне енгізу үшін индустриялық сертификат­тың болуы заңмен міндеттел­генін атап көрсетті. «Тізілім қызмет бағыттары (ұшақтарды, тікұшақтарды, оқдәрілерді әзірлеу, өндіру, жеткізу және т. б.) бойынша қалыптас­тырыл­ады, тиісінше өндірістің белгілі бір түріне берілген индустриялық сертификат кәсіпорындарды одан әрі дамытуды, мамандандырылған салалардың өндіріс көлемін кеңейтуін шектемейді», – деді ол. Күтпеген мән-жайлар жағдайында шарттардың мерзімінің өзгеруі Қазақстан­ның қолданыстағы жалпыға бірдей заңымен реттеледі. Мәселен, 2020 жылдың қорытындысы бойынша пандемияға байланысты туындаған форс-мажорлық жағдайларға байланысты жалпы сомасы 7 млрд теңгеден асатын 10 шарт бойынша МҚТ орындау мерзімі ұзартылған. Отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығын күпті қылған тағы бір жайт – құзырлы орган­дардың кәсіпорындардың кіріс бөлігіне қол сұғуы. Қорғаныс министрлігі МҚТ орындаушылардың нақты шығындарын тексерген кезде 2019 жылдың қорытын­дысы бойынша ғана өнім құнының 2,5 млрд теңгеден астам сомаға негізсіз кө­теріл­генін анықтаған. Енді отандық кәсіп­орындар осы «артық ақшаны» қайтаруы тиіс. Ал бірақ мұндай талап қорғаныс өнімдерімен жабдықтайтын шетелдік компаниялардың ешбіріне қойылмайды. Біздің шенеуніктер олардың бухгал­териясын бақылай алмайды, олардың тауарларының өзіндік құны мен табысын тексермейді.

Дәулет АСАУ