Бас бапкер Байсуфиновтың бабы қандай?
Бас бапкер Байсуфиновтың бабы қандай?
145
оқылды

Футболдан Қазақстан ұлттық құ­рамасы 2022 жылы Қатарда өтетін Әлем біріншілігіне іріктеу ке­зеңі аясында Франция мен Украина құрамаларына қарсы тәп-тәуір өнер көрсетті. Талғат Байсуфинов бап­тайтын ел командасына отан­дық спорт мамандары мен барша қазақстандық жанкүйерлер оң ба­ғасын берді. Қазір еншімізде бір ұпай бар. Сырт алаңдағы украиндармен тең ойын қазақ футболшы­ларының да тепкен добы түзу ұшатынын көрсетті.

Бастысы, Қазақстан футбол фе­де­рациясы Талғатқа тізгінді сеніп тап­сырды. Қазақ футболын бес саусағындай білетін білікті маман құрамаға жаңа леп алып келу үшін тер төгуде. Әзірге жаттықтырушының беталысы жаман емес. Бұл ретте чемпионаттың енді басталғанын, команданың қайтадан жасақталғанын есте ұстаған жөн. Cоған қарамастан Маруаұлының командасы екі ойында да жинақы ойнады. «Егер осы қарқынымыздан танбасақ, топтағы өзге құрамалардан да ұпай алуға толық шамамыз жетеді» деп біздің футбол­шыларға сенім артты спорт журналисі Әли Битөре. – Ұлттық құраманың ойынына бей­жай қарамай, барлық матчты жібермей көретін футбол жанкүйерлері байқаса керек, кейінгі екі ойында біздің жігіттер бірінші таймға қарағанда екінші таймда тәуір ойын көрсетіп жүр. Мәселен, Франциямен өткен кездесуде алғашқы таймда екі гол өткізіп алғанымен, екінші таймда ондай сәтсіздікке бой алдырмады. Украинамен болған ойында да дәл сол сценарий қайталанды. Алғашқы таймда ойын жүрмегенімен, екінші таймда гол соғып, есепті теңестіріп кетті. Ал бұ­рындары Қазақстан құрамасы алғашқы таймда жақсы ойнап, екінші таймның соңғы минуттарында болмашы қателіктің салдарынан қақпаға гол өткізіп алатын. Міне, осыдан-ақ Талғат Байсуфиновтың ұлттық құрамаға үлкен өзгеріс әкеліп жатқанын байқауға болады, – дейді ол. «Астана» футбол клубының бас ди­рек­торы Михаил Гурман да отандық бап­кердің кейінгі өткізген екі ойынын жоғары бағалады. – Украинамен сырт алаңда тең ойнау – біз үшін жақсы нәтиже. Бұл нәтиже ұлт­тық құрама ойыншыларын босаң­сытпауы керек, дегенмен олардың намысқа тырысып, ойын барысын өзгерте алуы құрметке лайық. Сондай-ақ бұл нәтижеге біздің қазақстандық бапкер Талғат Маруаұлының қол жеткізгеніне ерекше қуандым, – деп ағынан жарылды М.Гурман. Ал Қазақстан футбол федерация­сының баспасөз хатшысы Ермұхамед Мәулен Байсуфиновтың бір артық­шылығы үздік құрамаларға қарсы жақсы ойын тактикасын құра алуында деп есептейді. Оның үздік командалардан ұпай алып қалудың жолын білетінін, тек қана қорғанысқа көңіл бөлмей, жігіттерді шабуылда нәтижелі ойнауға үгіттейтінін айтады. футбол – Негізі, ойланып қарасаңыздар, қазір құрамада кілең жастар. Мысалы, Шотландиямен болған матчта алаңға шыққан футболшылардың тек біреуі ғана Украинаға қарсы ойнады. Ол – Сергей Малый. Қалған 10 футболшы түгел өзгерген. Жанкүйерлер Рамазан Кәрімовты сынап жазып жатыр. Бұл да сол мәселеге келіп тіреледі. Футбол­шыларымыздың көбі жарақат алды, біреуіне футбол ойнауға тыйым салынды. Дегенмен соның өзінде бас бапкер 2 айдың ішінде команда жасақтап шықты. Топтың екі алпауыт командасына осындай құраммен төтеп беріп, 1 ұпай еншіледі. Күзде негізгі ойыншылар тегіс жиналғанда көреміз қызықты. Сондық­тан кей журналистер секілді тырнақ астынан кір іздемей, отандық бапкерді тек қана қолдауымыз қажет, – дейді белгілі комментатор. Талғат Байсуфиновтың бұған дейін бас құраманы 2016 жылдың наурызынан 2017 жылдың ақпанына дейін жат­тықтырды. Осы уақыт ішінде ол өзінің қарым-қабілетін көрсетті. Оған дәл сол кезеңдегі ұлттық құраманың статис­тикалық көрсеткіштері дәлел. Бай­су­финов­тың жетекшілігімен бас құрамамыз  сегіз ойын өткізді. Оның екеуінде жеңіске жетіп, үшеуінде тең түсті. Үш ойында жеңілді. ФИФА-ның ұлттық құ­рама­лар рейтингінде 2015 жылды 132-орынмен тәмамдаған Қазақстанды 2016 жылы жүздіктің қатарына енгізді. Мұның өзі үлкен жетістік болатын. Алайда сол кезде Талғатқа өзін көрсетуге толық мүмкіндік берілмеді. Бұл туралы спорт сарапшысы Қуанышхан Өмірхан пікір білдіріп, ойын былайша сабақтады. – 2017 жылы Талғатты орнынан ал­ма­ғанда, бүгінде құрамамыз ортақол құрмалардың алдыңғы шебінде жүрер еді. Стойловтың кезінде Ұлттар лигасын­да құрамамыз топта Грузия, Латвия, Андорра секілді  құрамалармен ойнады. Билектің кезінде Албания, Беларусь, Лит­вамен бір топта ойнады. Ал Талғаттың кезінде Польша секілді деңгейлі ко­ман­далармен ойнап, жақсы нәтиже көрсетті. Алайда ҚФФ біздің отандық бапкерге мүмкіндік бермеді. Керісінше, шетелдік бапкерлердің жағдайын жасады. Футбол басшылығында отырғандардың жіберген қателіктерінің бірі осы болды.  Енді мықты топқа түскен Талғатқа жоғарғы орын ала алмаса да мүмкіндік берген жөн. Бесінші орын алған күннің өзінде де алдағы бір-екі ірі жарыстарға қатыс­тырып, шамасын байқап көрсе жақсы болар еді. Жүктің ауырын Талғат, жеңілін шетелден келген бапкерлер көтерді. Оны мойындауымыз керек. Алда Талғат Ма­ру­а­ұлын үлкен сынақ күтіп тұр, – деген спорт сарапшысы жанкүйерлерді қазақстандық бапкерге сенім артып, барынша қолдау білдіруге шақырды. Расымен, дәл қазір Талғат Байсу­финов­тың алдында маңызды міндет тұр. Ол, әрине 2022 жылы Қатарда өтетін Әлем біріншілігінің іріктеу кезеңінде жақсы нәтиже көрсету. Ендігі ел үміті Талғатта. Біз де Қазақстан ұлттық құ­рама­сының тізгінін екінші мәрте ұстаған Маруа­ұлының маңызды ойындарда құрама көшін алға бастайтынына се­неміз.

АбылайханАбылайхан ЖҰМАШ