Жамбылда жоғалып кеткен ғашықтар табылды
Жамбылда жоғалып кеткен ғашықтар табылды
Жамбыл облысында жоғалып кеткен 16 және 17 жасар екі жасөспірім табылды. Ғашықтар шекара асып, Қырғызстан мемлекетіне өтіп кеткен екен.  Оқиғаны басынан баяндасақ, 23 наурыз күні  полицияға Тараз қаласының  45 жастағы тұрғыны 17 жасар ұлының жоғалып кеткені туралы хабарлайды.   Ол  наурыздың  22-сінен  23-іне  қараған түні үйінен шығып, қайтып оралмаған. Тергеу  барысында кәмелетке толмаған баланың телефон нөмірінен  анасына  үйден өз еркімен кетуге шешім қабылдағаны және қайтып оралмайтыны туралы хабарлама келіп түскені анықталған.  Сол күні туыстары жасөспірімді  іздеген.  Алайда, өз бетінше іздеу нәтиже бермеген соң  ата-анасы  полицияға жүгінген. Кейінірек жас жігіттің кетуінің себебі - оның ата-анасы сөйлесуге тыйым салған   16 жастағы ғашығына   байланысты болып шыққан.  Ал  жасөспірім өзімен бірге сүйіктісін де ала  кеткен. Кәмелетке толмағандарды іздеуге Жамбыл облысының қалалық және аудандық полиция бөлімдерінің барлық жеке құрамы жұмылдырылған.  Жасөспірімдер туралы  бағдар  Қазақстан Республикасының  барлық облыстық Полиция департаменттеріне жіберілген.  Сонымен қатар, іздеу шараларына  еріктілер де  тартылған. 14  күн бойы іздеген жасөспірімдерді Қырғызстанның полиция қызметкерлері тапты.  Жастардың  денсаулығы жақсы.  Өмірлеріне ешқандай қауіп төнбеген.  Іздеу жұмыстарының   қиындауына -  олар шаштарын қара түске бояп, сыртқы келбеттерін өзгерткені себеп болған.  Қырғызстанда  темір жинап сату арқылы күндерін көрген. Қазіргі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдері Қырғызстан Республикасына  кетті.   Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.  

Саятхан САТЫЛҒАН,

Жамбыл облысы