Қарағандылық әже 150 адамның өмірін құтқарды
Қарағандылық әже 150 адамның өмірін құтқарды
134
оқылды

Қарағанды тұрғыны Сәуле Есенбекова соңғы 16 жыл ішінде 150 адамның өмірін құтқарды. Облыстық қан орталығының мамандары қаһарман әйелді танып алған.

«Керек кезде мұндағы мамандар қоңырау шалады. Бірден келіп қан тапсырамын. Жуырда ғана бір оқиға болды. Перзентханада ауыр босанған ананың бірі қансырап қалған. Ол әйелді танымаймын. Бірақ, қиналғанда қолұшын созу - азаматтық парызым. Біреуге өмір сыйласам, бойым жеңілдеп, қуанып қаламын», - дейді донор Сәуле Есенбекова.

Сәуле Есенбекова 16 жыл ішінде 64 литр қан тапсырып, 150 адамның өмірін құтқарып қалған. 55 жастағы келіншектің қан тобы - I. Мамандар ондай қан тобын кез келген адамға құюға болатынын айтты.

«Кейде өмір мен өлімнің арасында жатқан науқасқа шұғыл қан қажет болады. Сондай қысылтаяң кезде бізді үнемі қолдайтын санаулы адамның бірі – осы Сәуле. Ол бұл қайырымдылығы үшін бар болғаны 729 теңге мен жұмыстан босату жөніндегі анықтама алады. Соған қарамастан ол біздің өтінішімізді ешқашан жерге тастаған емес», - деді Донорларды жинақтау бөлімшесінің жетекшісі Оксана Чернышева.

⠀ Хабар 24-тің мәлімдеуінше, Сәуле Есенбекова қазір екі баласынан немере сүйіп отырған бақытты әже. Жуырда ол «Құрметті донор» атағымен марапатталған.