Ажырасқандардың 43,2 пайызы зорлық-зомбылықтың кесірінен некесін бұзған
Ажырасқандардың 43,2 пайызы зорлық-зомбылықтың кесірінен некесін бұзған
130
оқылды

Соңғы кездері Қазақстанда ерлі-зайыптылардың ажырасуы әдеттегі жағдайға айналды.

Қазір ондай жағдайға бірі «өзіңді басындырып, қадірлемейтін жанмен тұрудың керегі не?» десе, бірі «қолымыз босап, өзімізге көңіл бөлетін болдық» деп қуанып жатады. Енді бірі  «отбасылық құндылық жойылып барады. Бұл – қуанатын дүние емес. Өйткені адамдар мәселені шешудің орнына одан қашқанды жөн санайды. Мұнымен біз алысқа бармаймыз» деп алаңдаушылық білдіруде.  Соған орай Қазақстандық әлеуметтік даму институты ажырасудың себептерін анықтап, негізгі үш факторын шығарған.

Ranking.kz-тің мәліметінше, бұл ақпарат көзі «Қазақстандық отбасылар – 2020» есебінде көрсетілген. Олардың сөзінше, ерлі-зайыптылардың 43,2 пайызы отбасындағы зорлық-зомбылықтың кесірінен ажырасқан. Ал 39,7 пайыз ерлі-зайыптылардың біреуі маскүнемдікке немесе нашақорлыққа салынуынан. Үшінші орында – зинақорлық. Осының кесірінен жұптың 35,9 пайызы ажырасқан.

Ерлі-зайыптылардың арасында ажырасудың күннен-күнге көбейіп жатқанын адвокат Ерубай Ыдырысов  та растады. – Біріншіден, көбіне жас жұптар немесе жастар отбасылық қиындықтарға дайын болмай шығады. Олар арманындағы отбасыны құруға уақыттың, төзімнің керек екенін түсіне бермейді. Бәрі әп-сәтте кинодағыдай бақытты да, баянды болады деп сенеді. Бірақ өмірдегі күнделікті күйбең-тіршілік бітпейді. Ал ерлі-зайыпты отбасын құрған соң, ол мәселелер ұлғая түседі. Міне, осының салдарынан кейбірі ішімдік ішіп, нашақорлыққа салынады. Тіпті, тәжірибемде жұптардың іш пысқандықтарынан ажырасқандары да болды. Сонда әйел той тойлап, көңіл көтеріп жүре бермек. Кәмелеттік жасқа толған баласының бары да кедергі болмады. Осының бәрі жастықтың, отбасылық құндылықты білмеуінің және оған дайын болмауынан шығып отыр. Осы олқылықты түземей, біз алға баспайсыз. Ажырасулар көбейе бермек, – дейді Ерубай Ыдырысов.