"Қыздың мәйітін қойшы тауып алған": Қырғызстанда бір топ ер адам алып қашқан қыз өлі күйінде табылды
"Қыздың мәйітін қойшы тауып алған": Қырғызстанда бір топ ер адам алып қашқан қыз өлі күйінде табылды
173
оқылды

Қырғызстанда бір топ ер адам алып қашқан 27 жастағы қыз өлі күйінде табылды, деп хабарлайды Sputnik Қырғызстан

Басылымның мәліметінше, қызды ер адамдар Бішкек қаласынан 5 сәуір күні ұрлап кеткен. Оны үш ер адамның күштеп көлікке отырғызып, белгісіз бағытқа қарай алып кеткені видеоға түсіп қалған. Бұл дерек Қырғызстанның қылмыстық кодексінің "Неке қию мақсатында адамды ұрлау" бабы бойынша бірыңғай тізіліміне енгізілді.

Жетінші сәуір күні Бішкектің маңында қойшы жоғалған қыз бен 36 жастағы ер адамның мәйітін көліктен тауып алған. Тергеудің алдын ала болжамы бойынша ер адам қызды буындырып өлтіріп, содан кейін өзіне қол салған. Кейіннен іске қатысы бар күдіктінің бірі қолға түсті.

Бішкек қаласы ішкі істер басқармасының басшысы Бақыт Матмұсаев қаза тапқан 27 жастағы Айзада Қанатбекованың туыстарынан кешірім сұрады.
"Әке ретінде, ішкі істер министрлігінің қызметкері және Қырғызстан азаматы ретінде Айзада туралы хабарды қатты қайғырып  қабылдадым. Қалалық милициия атынан бойжеткеннің туыстары мен жақындарынан кешірім сұраймын. Оны қорғай алмадық. Барлығы қыз өсіріп отыр, бәрінің қарындасы мен әпкесі бар. Адам ұрлау – ауыр қылмыс", – деді Бақыт Матмұсаев.
Оның айтуынша, тәртіп сақшылары бесінші сәуірден бастап қыз мен оны ұрлап кеткендерді күндіз-түні іздеген. Ол қылмыскерлердің тиісті жазасын алатынын айтты.