Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде бұрын сотталған 32 жастағы елорда тұрғыны ұсталды.
Тергеу барысында күдіктінің қитұрқы әрекеті әшкере болған. Оқиға бойынша күдікті қонақүй нөмірінде танысымен ішімдік ішкен. Түнде досының ұйықтап қалғанын күтіп, оның саусақ ізін сканерлеген. Осының көмегімен телефонды бұғаттан шығарған. Одан әрі мобильді қосымшадан анасының банктік шотына 130 мың теңге аударған. Жәбірленуші келесі күні ақшасының жоғалғанын көріп, полицияға хабарласқан. Кейіннен күдікті бар кінәсін мойындап, иесіне ақшасын қайтарып берген. Енді оған қылмыстық жауапкершілік жүктеледі. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Осы істен кейін полиция қызметкерлері азаматтарды қырағы болуға шақырады. Ұялы телефон мен басқа да құнды заттарды қараусыз қалдырмауды сұрайды.А.ЖОЛДАС