Израиль Жетісуға инвестиция салмақ
Израиль Жетісуға инвестиция салмақ
5,128
оқылды

Алматы облысы әкімдігінің Алматы қаласындағы өкілдігінде өңірдегі агро­өнеркәсіпке үлкен серпін әке­летін жаңалық жария болды. Облыс әкімі  Амандық Баталов Жетісу жеріне Израиль елінен ат арылтып арнайы келген  халықаралық LR GROUP компаниясының өкілдерімен кезде­сіп, қос тарап екі жаққа да тиімді келісімге келді.

Емен-жарқын жүздесуде өңір басшысы израильдік кәсіпкерлердің облыс аграрлық саласына  инвестиция құямыз деген ниетін құптады. Өзара ақылдасу барысында алыс шетелден жеткендердің  бүгінгі өркениет талаптарына сай келетін жаңа техно­логияларына және оның тиімділігіне баса назар аударылды. LR GROUP компаниясының вице-президенті Белтман Марк жетісулық же­тек­шілерге өз жұмыстарын жан-жақты та­ныс­тырып, қолданыстағы озық техно­логияны бай тәжірибемен ұштастырып, қол жеткізген жетістіктерден көңіл то­ғайтарлық мысалдар келтірді. Қазір атал­ған компанияның әлемнің 16 елінде жұмыс істеп жатқанының өзі-ақ шетелдік инвес­торлардың мықтылығын дәлел­дейтіндей. Олар ендігі жерде  Қазақстанмен ынтымақтастық орнатуға дайын екенін ашық айтты. Компания агроөнеркәсіптік  салаға  маманданған. Сүт өндірудің жаңа технологияларын жан-жақты игеріп, жетік меңгерген. Сондықтан олар өздері  өндіретін өнім сапасына кепілдік бере алатынын да сенімді түрде мәлімдеді. – Инвестиция салу арқылы аграрлық саладағы жұмысымызды сіздерге  көрсетіп, Жетісуда өз  жоспарымызды жүзеге асырсақ дейміз. Алматы облысындағы аса құнарлы әрі бай жер ресурстары ол ойымызды толықтай орындауға мүмкіндік береді.  Жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту мүмкіндігі артады. Озық техно­логияны меңгерген кадрлар жасақталады. Бұдан екі тарап та ұтады, – деді Белтман Марк. Облыс әкімі инвесторлардың ой-пікіріне қолдау білдіріп, Жетісу аймағының бай табиғатымен, инвестицялық зор мүмкіндігі туралы баяндап,  таныстырып өтті. Халықаралық әріптестіктің өзіндік мектебі қалыптасқанын да  айтты. Әсіресе, майбұршақ, жүгері дақылдарын өсіруге айрықша назар аударылған.  Қант қызылшасы өндірісі де қайта қалпына келіп қалыпты. Осындай нәтижелердің арқасында облыс республикада өндірілетін аграрлық өнімнің 20 пайызын еншілеп отырғанын да ресми қонақтарға жеткізді. – Израиль елінің технологиясын  әлем мойындаған.  Әсіресе, тамшылатып суару әдісі дүниежүзіне кеңінен таралып, барлық елде қолданылуда.  Сондықтан олардың озық технологиясы Жетісу өңірінің аграрлық саласын дамытуға өзіндік ықпалын тигізсе, біз оны әрқашан қолдаймыз, – деді Амандық Ғаббасұлы.  

Болат АБАҒАН, Алматы облысы