Ынтымақтастыққа серпін беретін сапар
Ынтымақтастыққа серпін беретін сапар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Нұр-Сұлтан қаласына жұмыс сапарымен келген Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрі Сергей Лавровты қабылдады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Қасым-Жомарт Тоқаев мем­лекеттер арасындағы өзара қарым-қатынас пен ынтымақтастыққа тың серпін беру тұрғысынан ми­нистрдің бұл сапарының маңызды екенін айтты. – Қазақстан мен Ресей – одақ­тас әрі стратегиялық серіктестер. Ынтымақтастығымыздың күн тәртібі өте тығыз және қол жет­кіз­ген уағдаластықтарды жүзеге асыру үшін көп жұмыс атқаруды қажет етеді. Сондықтан сіздің са­парыңыз барысында және ведомство басшылары деңгейін­дегі, сондай-ақ ең жоғары дең­гейдегі кездесулер барысында алға қойған мақсаттарымызға қол жеткіземіз деп ойлаймын. 23 наурызда Владимир Путинмен өңіраралық кездесу өткізудің маңызы туралы сөйлестік. Өкі­нішке қарай, пандемия салдары­нан кейінге шегерілді. Біз кез кел­ген форматта, мүмкіндігінше бетпе-бет кездесуге уағдаластық. Егер мұның сәті түспесе, онда атал­ған кездесуді видео конферен­ция режимінде міндетті түрде өт­кіземіз, – деді Мемлекет басшысы. Қ.Тоқаев Қазақстанға вакци­наның қосымша бөлігін жіберу мәселесіне қолдау көрсеткені үшін Владимир Путинге ризашылығын білдірді. – Біз пандемияға қарсы бір­лескен күресте түсіністік танытып, көмек көрсеткені үшін Ресей бас­шылығына, Ресей Федерация­сы­ның президентіне ризашылы­ғы­мыз­ды білдіреміз. 23 наурызда сөй­­лескен кезде Ресейден қосым­ша 4 мил­лион мөлшерде вакцина алу жө­нінде мәселе кө­тердім. Менің өті­нішімді түсініс­тікпен қабылда­ды, – деді Мем­лекет басшысы. Өз кезегінде Сергей Лавров президент Владимир Путиннің сәлемі мен ілтипатын жеткізіп, Ресей тарапы вакцина жеткізу мәселесін шешетінін айтты. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың негізгі аспек­тілері, оның ішінде, сауда-эконо­микалық және мәдени-гумани­тар­лық байланыстар, ғарыш сала­сындағы өзара іс-қимылды одан әрі дамыту мәселелері талқы­ланды. – Келесі айда видеоконферен­ция форматында Жоғары еура­зиялық экономикалық кеңестің отырысын ұйымдастыру жоспар­ланып отыр. Бұл біздің корона­вирус індетінен кейінгі кезеңдегі ынтымақтастығымызды жалғас­ты­руға бағытталған ортақ күш-жі­герімізді жұмылдыру жолындағы маңызды кезең. Өзіңіз атап өт­кендей, біз президенттердің қа­тысуымен өтетін 17-аймақаралық форумды өткіземіз. Біздің қарым-қатынасымыз өте жақсы. Сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелері бойынша премьер-министрлер екі рет кездесті, вице-премьерлер одан да жиі байланыс жасап тұрады. Қарым-қатынастар пандемия кезінде де үзілген жоқ. Ю.Гагариннің ғарышқа ұшқанына 60 жыл толуын атап өтеміз. Бұл – ғарышты бейбіт игеруге қосқан ортақ үлесіміз, – деді Сергей Лавров.