359 млн несиесі бар ауыл
359 млн несиесі бар ауыл

Алматы облысындағы 4 ауыл ауызсу үшін несие төлеуі мүмкін. Сол себепті ауыл тұрғындары наразылық білдірген. Жергілікті әкімдік пен ауданнан қолдау таппаған олар Президент Әкім­шілігіне хат жазған. Мәселен, жақында Ақжазық ауылы елдің халін мінбердегілерге жеткізу үшін телеарнаны көмекке шақырған. Алмалы ауылының тұрғындары болса соттасамыз деп отыр. Ал Пенжім ауылының тұрғындары несие туралы естігенде жағасын ұстаған. «Шекара маңын­дағы ауылдың жағдайын ешкім білмей қалады деп ойлағандар, қателеседі», – дейді олар.

Облыстың қитұрқы жоспары

Пенжім ауылының тұрғыны Ербосын Жақсынқаевтың ауызсу мәселесін көтеріп жүргеніне біраз уақыт болған. Ол бастапқыда тарифтің қымбат екенін айтып, шағымданған. Жағдайдың анық-қанығын білгесін «мүйіз сұраймын деп құлақтан айырылғандай» күй кешкен. Есепке жүйрік зейнеткер қазір ауызсуға төлеп жүрген 139 теңгенің артық екенін күні бұрын білген. Есеп-қисабын түгендеп әкімдікке барғанында ауылының қарыз екенін, су тарифі көтері­летінін естіген. «Су құбырын жүргізу үшін Ұлттық қордан 1 млрд 267 млн 388 мың теңге бөлінген. Соның ішінде Пенжімге 359 млн теңге қарасты­рылған. Бізге келер жылдан бастап текше метріне 466 теңге төлей­сіңдер деп отыр. Сонда 1 230 отба­сы не­сиені 16 жылда қайтарамыз. Мұны білгесін жергілікті әкім­дікке, аудан мен облысқа шағым айттым. Нәти­же жоқ болған соң Президент Әкімшілігіне хат жаз­дым. Өйткені облыстан келген маман мен «Пан­филов су құ­бы­рының» экономисі мені сендіре ал­мады. Қазір текше метріне 139 тең­ге төлейміз. Мұның өзі қымбат. Менің есебім бойынша, әр үйге орта есеппен 100 теңге 39 тиыннан келеді. Ал ауданнан келген эко­номист жиналыста 139 теңгенің есебін шығарып бере алмады. Сонда бұлар әр текше метрден 39 теңгеге артық алып жатыр. Моно­полияға қарсы ұйым бағаны қа­дағаламайды. Мәселен, мердігер компания 2018 жылы су құбырын жүргізу жұмысын бастап, 2019 жы­лы аяқтады. «Пан­филов су құ­быры» компания қазған шұңқыр­ларды жаппай, жұмысын толық аяқтамай жатып жұмысты қабыл­дап алды. Білуімше, компания бір бай-бағланға тиесілі. Аудан мен жер­гілікті әкімдік қолшоқпар бо­лып отыр. Бар қитұрқы істі облыс жүр­гізіп жатыр. Әйтпесе, мердігер ком­пания жиналыста су құбырын несиеге тартып жатқанын айтқан­да, бас тартар едік. Олар тұрғын­дарды алдап, құрыққа түсірді», – дейді Пенжім ауылының тұрғыны Ербосын Жақсынқаев. Аталған жылы болған жиналысқа қатысқан ауыл тұрғындары несие жайлы сөз қозғалмағанын айтады. Олар әкімдік бірауыз ескерткенде, қазіргідей шарасыз күйде қалмайтын еді. Өйткені белсенділер несие туралы әңгіме болғанда, ауызсуды құдықтан тасып ішуді жалғастыратын едік деп отыр. Қолда бар дерекке сүйен­сек, несие төлеуі мүмкін өзге ауылдар да іске көшкен. Мәселен, Талды ауылы бұ­лай жалғаса берсе, су құбырына ақша төле­мейтінін, суды құдықтан ішетінін мәлімдеген. Шекараға жақын елді мекен тұр­ғын­дары дауысының Президент құла­ғына жеткенін қалайды. Олар түсін­бейтін бір­неше мәселе бар. Бірін­шіден, «Ақбұлақ» сияқты ауылдарды ауызсумен қамтитын бірнеше бағдар­лама бар. Ауыл тұрғын­дары топ бағ­дар­ламаның ішінен қалай ғана несие шеңгеліне топ ете қалғанын түсін­бейді. Расымен, тұрғындар жолдаған сауалға ресми мәтінде Ұлттық қордан алған несие сомасын жазған хат кел­ген. Екіншіден, іс сотқа дейін жеткен күннің өзінде тәуелсіз ұйымдардан көмек болу-болмауы белгісіз. Өйткені тұрғындардың айтуынша, аудан әкім­дігі түрлі сылтаумен жағдайды жылы жауып қоймақшы. Себебі қуырдақтың көкесі 2022 жылы басталмақ.

Ел назарын аударса...

Иә, несиені төлеу 2022 жылы желтоқсан айында басталады. Несие тұрғындар есебінен төленсе, текше метр үшін Ақжазық ауылы 996 теңге, Талды ауылы 918 теңге, Пенжім ауы­лы 466 теңге төлейді. Демек, қара­пайым ауыл тұрғыны үшін ауызсу ақысын төлеу қиындайды. Себебі су ақысына айына 2 мың теңге төлейтін отбасы енді үш есе көп төлейді деген сөз. Ал Панфилов ауданының әкімдігі ауызсу жүйесін тартуға жұмсалған несие қаржысы халық есебінен қай­тарыл­майтынын атап өтті. Аталған төрт ауыл үшін ауызсу бағасы қымбат­тамайтынын ескертті. Өйт­кені ұңғыма қазып, құбыр тартуға кеткен несие қаржысы жергілікті бюджет есебінен өтелмек. «Бұл бюджеттік несиеде соңғы қарыз алушы – сол ауданның су ар­насы. Егер «Пан­филов су құбыры­ның»  есебі,  қара­жаты несиесін қайтаруға жетпеген жағ­дайда бұл жергілікті бюджеттен қай­тарыла­ды. Биыл атал­ған мәселе енді қарас­тырылмайды. Неге десеңіз, несиені қайтаратын мезгіл – 5 желтоқсан 2022 жыл. Пан­филов ауданындағы төрт ауылға ауыз­су тарту үшін 1 млрд 200 млн теңге жұм­сал­ған. Қарсы «Нұрлы жер» бағдар­­ламасына сәйкес, бюджеттік несие алын­ған. Осындай жүйемен облыста бірнеше жоба іске асқан», – дейді Алматы облыс­тық Энергетика және ТҮКШ басқарма­сының бас­шысы Бағлан Тәнекенов. Аудан әкімдігінің айтуынша, бұл бір ғана несиелік жоба емес. Олар он жобаға 4 млрд бюджеттік несие алған. Қаржы су, кәріз, электр желілерін қайта жөндеу жобаларына жұмсалған. Шарт бойынша несие 20 жылға берілген. Оның 7 жылы демалыс есе­бінде екен. Сонда несие­ні 7 жылдан кейін 13 жыл ішінде қайтарады. Сол себепті су құбырын тарту үшін алған несиенің мерзімі келесі жылға түсіп тұр. Дегенмен Панфилов ауданының тұрғындарында күдік басым. Өйткені келесі жылы бірнеше еселенген тариф бойынша ақша төлеңдер демесіне кім кепіл? Облыстағы маман да мәселені биыл қарас­тырмайтынын жеткізген. Сол үшін ауыл-аймақ қазірден бас көтере бастады. Ақжазық ауылының тұрғындары  ауызсу қымбат болғаны­мен, бағаға сай сапалы су жоғын айтады. Соған сай әкімдіктен суға сынама жасауын өтінген. Мамандар жүргізген сынама қорытын­дысына сәйкес тіршілік нәрін ішуге жарамды деп бағалаған. Бір қызығы, бізге әкімдік пен тұр­ғындар берген санда айырма бар. Мы­салы,  «Панфилов су құбыры» мекемесінің бас экономисі Назира Қасенқызы Пенжім ауылы текше метріне 124 теңге 56 тиын, Талды ауылы 138 теңге 68 тиын, Ақ­жа­зық ауылы 156 теңге 07 тиын төлей­тінін көрсетті. Ал Пенжім ауылының азаматтары суға 139 теңге төлейтінін, Ақжазық тұрғындары 174 теңге төлейтінін айтты. Сонда кім жалған ақпарат таратып отыр? Халықтың айтқанында қате бар дейін десек, шарасыз тұрғындар жанай­қайын жоғары жаққа жеткізе алмай жүргені бар. Ал әкімдік саннан жаңылса, заң алдында жауап беретіні тағы бар. Сол үшін жағдайды тәуелсіз топтың тексергені жөн болар. Белсенділердің де ойы осыған саяды. Жалпы, Жаркент қаласы ауызсу үшін текше метріне 80 теңге төлеп отыр. Ақмола облысының өзінде текше метріне 92,55 теңге төлейді. Ақжазық сияқты алақандай ауыл үшін 174 теңгенің өзі қымбат. Ал Пенжім ауылының мердігер компанияға өкпесі қара қазандай. Олар жағдайдың толық шешілгенін күтеді. Мұнымен тоқтамайтындарын, істі соңына дейін жеткізетіндерін айтады. «Жергілікті бюджеттің қарызына ортақтасып, жем болатын біз емес» деп отыр.

Айзат АЙДАРҚЫЗЫ