Қарағандылық шенділер кәсіпкерді қолдауға құлықсыз
Қарағандылық шенділер кәсіпкерді қолдауға құлықсыз
122
оқылды

Еліміздегі дүкен сөрелерін отан­дық өніммен, «Қазақстанда жасал­ған» деген брендпен толтырамыз, экспортқа шығарып, көсегемізді көгертеміз деп жүрміз. Президент тапсырма беріп, Үкімет қолдап, кәсіпкерлікті дамыту үшін түрлі бағ­дарлама түзіліп, қазынадан миллиардтап ақша бөлініп жатыр. Бірақ Қара­ғанды облысына қарасты Абай қала­сындағы шенділердің кәсіпкер­лікті қолдамай, кежегелері кері тартуын не дейміз?

Дәуірінде дүркіреді

Сәл шегініс жасайық. Абай тігін фа­бри­касы 1969 жылы құрылды. 15 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Сол уақыттарда дүркіреп тұрған тігін фабрикасында 3 000 адам еңбек етті. Ал бұл фабрикаға тоқырау 1998 жылы келді. Ақыры жекешелендіру тұншықтырып, «өлімге» кесті. Осылай деп айтуымыздың себебі, меншікке алғандар «Фабриканың ешбір мүлкіне зиян келтір­мейміз. Ішіндегі тігінге арналған заттар бұрынғыдай зырылдап жұмыс істеп тұра­ды» деп ант-су ішкен. Дегенмен қолға тү­сір­ген соң талан-таражға салып, фабрика­ның төрт қабырғасы қалған. Осыдан кейін өлмегенде несі қалды?

 Қайта жаңғырды

Абайлық азамат Нұрхан Жұмабеков «өлді» деген фабрикаға жан бітірді. Мемле­кеттен бір тиын да алмай, 2015 жылы жұ­мысқа кірісті. Бұл туралы Қарағанды об­лыс­тық Ortalyq Qazaqstan газетінің тілшісі Қызғалдақ Айтжан: «Фабриканы абайлық азамат Нұрхан Жұмабеков «реанимация­лауға» көшкен. 2015 жылдан бері. Өз күші­мен. Мемлекеттен, Үкіметтен қара бақыр алмастан. Екінші деңгейлес банктердің несие берудегі ашылған аранына да қарамаған. Содан бері өз қиындығымен өзі әлі күресіп келеді. Қалай екенін қайдам, шағын және орта бизнесті «мұратына жет­кіз­еді» деген бірде-бір мемлекеттік бағдар­ламаның бүйрегі бұл фабрикаға бұрыл­мапты. Неге? Бұған «апам да аң-таң, біз де аң-таң». Биліктің есебі – түгел. Фабриканы өздерінің «ашқан» «игі» істеріне қосып алған» деп жазды. Осы күні 4 қабатты фабриканың екі қабаты жөнделген. Әлі жөндеуді, қалпына келтіруді күткен 9 мың шаршы метр бар. Онда фабрика басшысы асхана, жатақхана, емхана ашуды жоспарлап отыр.

Бағдарлама бар – көмек жоқ

Қазақстанда кәсіпкерлерді қолдаймыз деген бірнеше бағдарлама бар. Бірақ 100 адам­ға жұмыс тауып беріп отырған кәсіп­керге осы бағдарламадан бір тиын тимеген. Бұл туралы «Стежок» ЖШС басшысы Нұрхан Жұмабеков: – 2018 жылы «Бизнестің жол кар­тасы-2020» бағдарламасымен фабрикаға инфрақұрылым тартпақшы болдық. Біздің есебіміз 50 млн теңге шамасында шықты. Есеп-қисабымызды жасап, алып бардық. Билік: «Болмайды. Сома аз. 100 млн теңге­ден кем түспеуі тиіс» екенін айтты. «Маған қажет сома 50 млн теңге. Басқасын қайдан ала­мын?» дедім. «Ойлан» деді. Ойланып, фаб­ри­­каға жылу, қуат беретін күн панель­дерін орнатпаққа бел будым. Содан 10 млн теңгеге жобалық-сметалық құжаттама жасадым. Жобаның құны 300 млн теңгеге шықты. Алып барсам «Қымбат. Бұл кел­мейді» деп кері қайтарды.  Ақыры аймақтың үйлестіру кеңесінде қолдамай, жоба іске аспай қалды. 10 млн теңге босқа күйіп кетті, – дейді кәсіпкер. Ал Абай ауданы кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Дарижан Жангелдіқызы: «Фабрика жобасының қолдау таппауына кеңес мүшелерінің өзіндік негізгі себебі барына сенімді. Ол қандай негіз? Ашып айта алмайды. Қолдау жасалмағанын да жоққа шығара алмайды. Құжаттарды көтеру керек. Қарау керек» дегеннен әріге аса алмаған.

Жауапсыз күдік

Нұрханның айтуынша, фабрика бірне­ше тендерден айырылып қалған. Оған бас қатырар шенділер жоқ. Жақында аудандық ауруханаға қажетті төсек-жабдықты тігуді фабрикаға тапсырмай, басқаларға берген. Бұл туралы Нұрхан: «…Абай қаласы – бұл моноқала және оның бюджетін фабрика, бірқатар аграрлар, қызмет көрсетудегі кәсіпкерлер, шағын дүкен иелері толтырып отыр. Мемлекеттік ұйымдар сол қазынаның түбі көрінгенше жұмсайды. Сөйте тұра, мүмкіндіктері болса да,  Абай тігін фабрика­сына жеңіл өнеркәсіп өніміне тапсырыс бермейді. Сол жерде тұрып, жергілікті фаб­ри­каға тапсырыс беру, былай қара­саңыз, ақылға қонымды. Сонда фабрика жергілікті тапсырысты ала отырып, жергі­лікті бюджетке салық төлейді. Тігіншілер жалақы алады. Бюджетке төлейтін салықты қызмет көрсету ұйымдарына жұмсайды. Осындай тізбек арқылы мемлекеттің ақшасын шашпай-ақ жұмыспен қамту мәселесі шешіледі. 5-сыныптың баласына арналған қарапайым математикалық есеп. Амал не? Кеше кезекті тапсырысын бізге емес, бас­қаға берген аудандық ауруханада болдым. Менің «Неге?» деген сауалыма аурухана басшысы: «Біз сіздерден үнемі аламыз. Бақылаушы органдардың күдігін тудырмау үшін осы жолы басқаға бердік» деп жауап берді. «Қандай күдік?» деп таңғалдым. Бірақ жауап болмады», – дейді.

Тапсырыс беріп, «лақтырған»...

2020 жылы  тамызда аудандық оқу бө­лімі көпбалалы, аз қамтылған отбасы бала­ларына мектепке форма тігуге тапсырыс беріпті. Әуелі ауызша. Әйтеуір, келісім бар. Сол келісімге сүйенген фабрика мамандары балалардың өлшемдерін алып, киімдерін тігуге кіріскен. Материалын алдыртқан, өлшемдерін жасаған. Бірақ, қандай түлен түрткенін кім білген? Ең соңында келісім де жоқ, төленген ақы да жоқ. Тігілген киімді алған білім бөлімі де жоқ. «Бұл арада 2 млн.теңгеге жуық қаржы жұмсалды», – дейді Н.Жұмабеков. Киімдер сол күйі фабрикада қатталып жатыр...

Көмек керек

Бұл фабрика қазірдің өзінде 100 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Бүкіл фабриканы толық жөндеп, жатақхана, асхана, емхана, Топар кентінен демалыс орнын ашамын деген жоспары бар кәсіпкерге мемлекет  қолдау көрсетсе тағы да біраз адамға жұмыс табылар еді. Яғни, кәсіпкер мемлекеттік қолдауға зәуір. Қаптаған бағдарламалардың біреуінің қайыры тиетіндей қарекет керек. Сөз емес. Іс қажет. Жеңіл өнеркәсіптегі жергілікті қамту қайда қалды? Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек мемле­кеттік органдар арқылы жеңіл өнеркәсіптегі жергілікті үлес туралы кеңесте, білім, денсаулық сақтау ұйымдары жергілікті өнім өндірушінің тауарына тапсырыс беру арқылы қолдау керегін қадап айтқан. Соны Абай қаласының атқамінерлері қаперіне алса жақсы болар еді. Әлде «Халық үніне құлақ асуға» жергілікті билік асықпай ма?

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ, Қарағанды облысы