Елді бүтіндеген бірегей институт
Елді бүтіндеген бірегей институт
142
оқылды

Қазақ елі ғасырлар тоғысында аңсаған азаттығына қол жеткізді. Алайда мемлекеттілікті сақтап қалу одан да күрделі іс болатын. Мәселен, Қазақстан аумағында белгілі бір ұлт өкілдері шоғырлана орналасқан этноанклавтар көп болды. Республика тәуелсіздік алғанда олардың кейбірі автономия беруді талап етті, тіпті Қазақстаннан бөлінуге ниеттенгендері кездесті. Мұндай жағдайда жердің бүтіндігін, мемлекеттің унитарлығын сақтап қалу үшін халықты біріктіру керек еді. Осы мұратқа жетуге Ассамблея қызмет етті.

Тарихи отаннан – ортақ Отанға дейін

Қазақстан посткеңестік кеңістікте этностардың басын біріктіретін осындай бірегей инс­титутты құрған тұңғыш елге ай­налды. ҚХА полиэтникалық қо­ғам­ның қазақстандық моделінің түзілуіне және нығаюына, елдегі этносаралық және дінаралық келі­сімнің бекуіне септесті. ХХ ғасырдың 90-жылдарында республикадағы этникалық ахуал қырыққұрақ көрпені көзге елес­тетуші еді. Өзге ұлыстар өкілдері өзінің де, ұрпағының да болашағын Қазақстанмен байланыстырмады. Ел арасында, тіпті құқықтық айналымда «тарихи отан» деген ұғым қолданылды. Мысалы, орыс­тар мен казактар – Ресейді, украин­­дер – Украинаны, грек­тер – Грекияны, татарлар Татар­­станды «тарихи отаным» деп санады. Салдарынан еліміз «отандары» бөлек жүзден аса ұлыс тұратын аумаққа ұқсап кетті. Ресми, мем­лекеттік және ұлттық мере­ке­лер­дегі бұқаралық шеру-серуен­дерге диаспоралар өздері таңдаған, бірақ бізге бөтен мемлекеттердің туын көтеріп шығатын. Ресми мәлімет бойынша, 1990 жылдан 2010 жылға дейінгі ара­лықта Қазақстаннан 4 миллион 150 мың адам «тарихи отанына» қоныс аударды. Одан бергі онжыл­дықта 400 мыңға жуық адам шетелге көшті. Осылайша, кеткісі келе­тіндер кетіп болғаннан кейін, бертінде ҚХА-ның ұсынуымен мемлекет халықтың бөле-жары­луына жол ашатын, «Болашағы біртұтас ұлтқа» сына қағатын «та­рихи отан» терминінен бас тарт­ты. Енді елімізде тұратын барлық этнос өкілдерінің жалғыз ғана Отаны бар, ол,әрине Қа­зақстан. Сонымен, 1990-жылдары мем­лекет алдында қазақстан­дық­тар­дың келісімі мен достығын сақтап қалу бойынша стра­тегиялық мін­дет тұрды. Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылы Қазақстан халықта­рының І фору­мында осы құрыл­тайды тұрақты негізде жұмыс істеуге көшіру ту­ралы идеяны ортаға тастады. – Біздің басты құндылы­ғы­мызды – халықтар достығын қа­зақстандықтардың қаншама ұр­пағы жасап, нығайтты. Әрбір ха­лықтың, әрбір ұлттың даусын күн сайын естіп, оған құлақ асуы­мыз қажет. Міне, сол себепті осы фо­рум­ды тұрақты негізге көшіріп, Қазақстан халықтарының келісімі мен бірлігі ассамблеясын құруы­мыз керек! – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Нәтижесінде, 1995 жылдың 1 наурызында Тұңғыш Прези­денттің Жарлығымен қоғамдық-саяси аренада ұлттық саясат сала­сындағы жаңа тұрпатты институт – «Қазақстан халықтарының Ас­самблеясы» пайда болды. Кейін, арада 13 жыл өткенде атауы тү­зетіліп, «Қазақстан халықтары» – Қазақстан халқына» ауыс­ты­рыл­ды. Себебі Конституциямыз «Біз, Қазақстан халқы» деп басталатыны мәлім. 2007 жылы ҚХА мәртебесі Ата Заңда бекітілді. Конституциялық реформаға сәйкес, заң шығарушы биліктің құрылымы өзгерді: Мә­жілістің 9 депутаты Ассамб­леядан сайланатын болды. Бұл қадам ҚХА-ның рөлін айтар­лықтай биіктетті. Оның үстіне, осы жылдар бойы Қазақстан халқы Ассамблеясын Елбасы Н.Назарбаевтың өзі бас­қаруы – бұл органның айрықша мән-маңызынан хабар береді. «Тұңғыш Президент – Елбасы туралы» заңда Тұңғыш Прези­­дентке «оның тарихи миссиясына байланысты өмір бойы Қазақстан халқы Ассамблеясын басқару құ­қығы тиесілі» деп жазылған.

Тәуелсіздіктің бір тұғыры

Қазір ҚХА жұмысы сынға алы­нып жүр. Дегенмен ол болмағанда, жас қазақ мемлекетінің тағдыры қалай қалыптасарын болжау қиын еді. Заң ғылымдарының докторы Динара Рүстембекованың айтуын­ша, Ассамблея Тәуел­сіздіктің 30 жылдығында аса маңызды бірнеше миссия-міндетті атқарды. «Ассамблея біріншіден, эт­ностар арасындағы делдалға, диа­лог алаңына айналып, адамдар арасындағы сенімді нығайтты. Екіншіден, «ортақ Отанның тағ­дыры үшін ортақ жауап­кер­шілік» деген жаңа қағидат-дәстүрдің іргесін қалады. Үшінші­ден, этно­саралық және конфес­сия­аралық қатынастардың ашықтығын қам­тамасыз етті. Төртіншіден, тағат-толеранттылық Қазақ­стан­ның өркендеуінің маңызды факторына, тәуелсіздіктің бір тұғырына ай­налды. Ассамблеяны құру – Қа­зақстанның ішкі және сыртқы бейбіт саясатының қисынды жал­ғасы болатын. Республика азат­тықтың алғашқы күнінен бас­тап бейбітшілік, толеранттылық және конструктивті диалог идеалдарына берік заманауи, зайырлы мемлекет құруға кірісті. Ал ҚХА халықтық дипломатияның басты бір органы саналады. Оны құру арқылы мем­лекет этносаралық қатынастар саласын институционалдық рә­сімдей алды», – дейді сарапшы. Оның айтуынша, 90-жылдары Қазақстан халықтары Ас­сам­б­­­лея­сы кеңестік дәуірде ғана емес, тіпті сол кездегі әлемдік тәжіри­­беде баламасы болмаған азаматтық қоғамның жаңа ин­ституты ретінде дүниеге келді. Ассамблея арқасында Қа­зақстан этносаралық қаты­нас­­­­тардың саясаттануынан құтылып, сол кезде алапат көлемде қорда­­­ланған шиеленістік әлеуетті кон­структивті арнаға бұра алды. Мәселен, казактар диаспорасы тәуелсіздік жылдарында барлық жерде сес көрсетіп, қару алып жүр­ді. Барлық жергілікті және республикалық жиындарға қы­лыш асынып келетін. Олардың қарулы жасақтары да болды. Де­генмен құзырлы органдардың іс-қимылы арқасында және диалог көмегімен бірте-бірте заңсыз әскери құрылымдар таратылды, казактар диаспорасы Ассамблея отырыстарына беліне қылыш бай­ламай келуге бейімделді. Бүгінде ел аумағында «Қазақстан орыс, славян және казак ұйымдарының қауымдастығы» жұмыс істеуде. 90-жылдарда сепартистік көз­­­қа­раста болған казак серкелері мен белсенділерінің басым көпшілігі Ресейге қоныс аударды. Айта кету керек, қазір рес­публикада бұдан өзге, «Возрож­­дение» қазақстандық немістер бір­лестігі, Қазақстан корейлерінің қауымдастығы, «Наири» армян мәдени орталықтарының қауым­дастығы, «Мицва» еврей ұлттық ұйымдарының қауымдастығы, «Барбанг» күрдтер қауымдастығы, Қазақстандық татарлар мен баш­құрттар конгресі, «Вайнах» шешен және ингуштар қауым­дастығы, «Дустлик» өзбек этномәдени бір­лестіктерінің қауымдастығы, «Тұ­ран» әзербайжандар конгресі және Қазақстан украиндерінің радасы секілді этномәдени бір­лестіктер жұмыс істеуде. ҚХА кейінгі жылдары мем­лекеттік тілді дамытуға, қайы­рымдылық шараларына, бітім-медиацияны дамытуға баса мән беріп жүр. Бұл – заман талабы. Ассамблея бірқатар ірі жобаны жүзеге асыруда. Мысалы, «Біз бір­геміз» атты Қазақстан дамуына елеулі үлес қосқан этностар өкіл­де­рінің және көрнекті тұлғала­рының деректер базасын құрды. Қазақ тілін үйрету бағытындағы «Мың бала» республикалық мә­дени-ағарту жобасын, «Қа­зақтану» мәдени-ағартушылық жобасын, «Бiрлiк», Bіlіm, Tárbıe, «Келісім» секілді білім беру, спорт, медиация бағыттарында әлеуметтік волон­терлік жобаларын жүзеге асырып келеді. Бүгінде Ассамблея өзінің ке­зекті құрылтайына әзірленуде. Президент Қ.Тоқаев 2021 жылғы 20 наурызда «Қазақстан халқы Ас­самб­леясының жиырма то­ғы­­­зын­­шы сессиясын шақыру туралы» Жарлыққа қол қойды. Оған сәйкес, биылғы 28 сәуір күні Нұр-Сұлтан қаласындағы Назар­баев орта­­­лы­ғында Қазақстан халқы Ассам­блеясының ХХІХ сессиясы шақы­­рылады. Жиынға «Бірліктің, тату­­лық пен келісімнің 30 жылы» деген тақырып арқау болмақ.

АйханАйхан ШӘРІП