COVID-19 психикалық күйзеліске ұшыратады
COVID-19 психикалық күйзеліске ұшыратады
375
оқылды

Джонс Хопкинс университетінің дерегі бойынша, әлемде коронавируске 132,5 млн адам шалдыққан, оның 2,8 млн-ы қайтыс болған.

Бразилияда бір тәуліктің ішінде о дүниеге аттанған адамдардың саны рекордтық көрсеткіш – 4 мыңнан асып кетті. Түркия бір тәулікте ауруға шалдыққан  азаматтарының саны 50 мың адамға жеткенін айтып дабыл қағуда. Оның үстіне, Бразилияда  вирустың мутация арқылы пайда болған 18  штамының да ерекшеліктерін біріктіретін жаңа штамы пайда болды. Бұл вирустың тым тез құбылып тұрғанын көрсетеді. Пандемия психологиялық  күйзелікті күшейте түсетін сыңайлы.

Ғалымдар коронавируске шал­дыққандардың үштен бі­рінд­е психикалық күйзелістің белгілері пайда болатынын ай­тады. COVID-19-бен ауырған 230 адам қатысқан зерттеудің нә­тижесінде адам науқас­танғаннан кейін алты айдан соң олардың әрбір үшіншісінде ми жұмы­сы­ның бұзылуы немесе психи­калық күйзеліске ұшырауы бай­қалған. Осы деректерге сүйене оты­рып, Оксфорд универ­ситетінің ғалымдары панде­мияның сал­дары бүкіл Жер шары тұрғын­дары арасында неврологиялық ауытқу толқынын туғызуы мүм­кін деп ескертеді. Ғалымдар зерттеу барысында барлығы 14 түрлі кеселді анық­таған, бұлардың ішінде ең көп таралғаны – күйзеліс, қор­қыныш және көңіл күйдің күрт құлды­рауы. Ковидтен кейін инсультке шалдығу жайттары (қатты нау­қастанғандардың 7%-нда) және деменцияның ерте белгілері (2%) оларға қарағанда сирек кездеседі. Бірақ бұл бел­гілерді де есептен шығарып тастауға болмайды дейді ға­лымдар. Сонымен қатар олар ко­ронавирустың адамның жүй­кесіне нақты қалай әсер ететінін түсіндіріп бере алмады. Әрі ін­деттің жүйке жүйесіне әсер ету механизмін де сипаттап көрсете алмаған. Зерттеуді америкалық және британиялық мамандар бірлесіп жүргізді. Оған қатысқан ерік­тілердің көпшілігі АҚШ-тан келген пациенттер. Бұл зерттеу ғалымдардың алғашқы жаңалығы емес. Был­тыр ғалымдардың осы тобы COVID-19-дан кейін онымен ауырып шыққан­дар­дың ша­мамен 20 пайызы психо­ло­гиялық дертке шал­дығады деп сақтандырған бо­латын. Ал биыл­­­­ғы жаңа де­ректерге сүйен­сек, жүйке күй­зелісіне ұшыра­ғандардың саны бұл мөлшерден асып кет­ті, 34 пайызға жеткен. Авторлардың пікірінше, бұл – өте қауіпті динамика. Зерт­­­­теу нәтижелері беделді Lancet басылымында жарық көрді. Анықталған проблема тез арада егжей-тегжейлі зерттеу­лерді және оған қарсы шаралар қабылдауды талап етеді. Ко­ронавирусты бұдан былай тек респираторлық инфекция деп қана санауға болмайды дейді ғалымдар. Қысқасы, былтырдан бері жаһан жұртын әбігерге сал­­ған пандемия адамзаттың қа­лып­ты тіршілігін түбегейлі өзгертіп, өмір сүрудің жаңа ережелерін қалыптастыратын сыңайлы. Әзірге індеттің пси­хологияға ти­гізер әсері ғана айтылғанымен, күн сайын құбы­лып, жаңа штам­дары пайда бо­лып жатқан вирус­тың адам­ның иммундық жүйе­сіне, өсіп-өну, есту, көру және басқа да қабі­летіне қалай әсер етері әзірге толық зерттелген жоқ.

Дәулет АСАУ