Еңселі емхана ел көңілінен шықты
Еңселі емхана ел көңілінен шықты
121
оқылды

Алматы облысы орталығының жанында орналасқан Еркін ауылы – қалалық әкімдікке қарасты ірі елді мекеннің бірі. «Шамның жарығы түбіне түспейді» дегендей, облыс орталығына қоңсылас қоныстанғанына қарамастан ауылда шешімін күткен күрделі  мәселелер жетерлік. Бүгінде 15 мыңға жуық тұрғыны бар елді мекенді мазалаған сондай  жағдайдың бірі – салынғанына жарты ғасырдан асқан дәрігерлік амбулаторияның халық сұранысын қанағаттандыра алмай отырғаны. Бұл мәселе өткен жылы облыс әкімінің халық алдындағы есеп беру кезінде көтеріліп, Амандық Ғаббасұлы сол кезде жұртқа проблеманың шешілетіні жөнінде уәде беріп, жобаның «Nur Otan» партиясының аймақтық сайлауалды бағдарламасына енуіне ықпал еткен  болатын. Ақыры өңір басшысы бір жыл ішінде уәдесін орындады. Еркінде бір ауысымда 100 адамға қызмет көрсететін еңселі емхана ел үшін есігін айқара ашты.

Осының алдында айтқанымыздай, бұған дейін дәрігерлік амбулатория 1964 жылы салынған ескі үйде  орналасқан еді. Енді жалпы аумағы 1 000 шаршы метр болатын 2 қабатты жаңа ғимаратқа қо­ныстанып, халыққа қажетті меди­цина­лық қызметтің барлық түрін көрсететін болды. Бұрын Талдықорған қаласына сабылтатын УДЗ, ЭКГ зерттеулерін айт­пағанда, тісті де осында емдетуге мүмкіндік туды. Амбу­ла­торияда жалпы тәжірибедегі дәрігерлердің жақсы жабдықталған 9 кабинеті бар. Акушер-гинеколог, тіс дәрігері, психолог  дәрігерлерге де арнайы кабинет жасалған. Балаларды дамытуға арнайы маман­дан­дырылған, скринингтен өткізуге арналған бөлмелер жұмыс істейді. Екпе жасайтын, ем-шара жүргізетін кабинеттер, тіпті жиынжай да талапқа сай. «Таза» және «лас» аймақтарға бөлінген сүзгі де бар. Екпе кабинеттерінде қалаған жан коронавирусқа қарсы екпе салдыра алады. Жаңа амбула­тория Еркін және Көктал ауылында тұра­тын 18 мың адамға қызмет көрсетеді. Ем­хана штатында 42 медицина қызметкері болады. Жаңа амбулаторияның ашылуына арналған қуанышты жұртпен бөлісе келген облыс әкімі нысанның құрылыс сапасына көз жүгіртіп, материалдық-техникалық қамтамасыз етуін бағалады.  Жақын арада бұқараның тағы бір өтініші – жаңа жедел жәрдем көлігі берілетінін жеткізді. «Былтыр тұрғындармен есептік кездесу кезінде еркіндіктер жаңа амбулаторияның қажеттігі жөнінде мәселе қойған. Соған сай тиісті орындарға тапсырма жүктедім. Айналасы жылға жетер-жетпес мерзімде жергілікті бюджет есебінен су жаңа емхана салынды және халыққа қызмет көрсетуге әзір. Нысанның құрылысы сапалы, заман­ауи талаптар толық ескеріле отырып, бар­­лық қажетті құрал-жабдықпен қамтыл­ған. Осылайша, Мемлекет басшысының халық денсаулығын көздің қарашығындай сақтау жөніндегі міндеттемесін орындауда тағы бір нақты қадам жасалды, елдің тілегі орындалды. Игілігін көріңіздер», – деді өзінің құттықтау сөзінде Амандық Баталов. Еркін ауылының тұрғыны, еңбек ардагері Шолпан Мұсанова алдағы кезде сырқаттарына ем іздеп қалаға сабылмайтын жерлестері атынан қала, облыс басшы­лығына алғысын айтып,  халықтың мем­лекет тарапынан жасалып отырған қол­дауды жақсы сезініп отырғанын жеткізді. Облыста тұрғындардың сапалы меди­циналық қызметке қолжетімділігін арт­тыру мақсатында биылдың өзінде «Жұмыс­пен қамтудың Жол картасы» аясында Қарасай және Жамбыл аудандарында тағы екі дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліп, өңірдің басқа да аймақтарында 20 медициналық бекет салынады. 2020 жылы облыс бойынша 14 денсаулық сақтау нысаны іске қосылса, оның ішінде 8 дәрігерлік амбулатория мен бір медпункт бар.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы