Украина VS Ресей
Украина VS Ресей
187
оқылды

Соңғы  күндері Украина мен Ресей шекарасында мұздай қаруланған әскер топтастырылып жатқаны жайлы  деректер көп тарап жатыр.  Сарапшылар  қазір шиеленістің ушығып кетуінен қауіптенеді. Тіпті,  соғысқа ұласуы мүмкін дейтіндер де бар. Дегенмен  қос мемлекеттің бұдан арғы қадамы қалай боларын болжау қиын.

Ресей әскері шекараға шоғырланып жатыр

Негізі, Ресей қарулы күш­терінің түрлі бөлімшесі Украи­на­мен ше­караға шоғырлана бас­тағаны жай­лы мәліметтер наурыз айында та­рай бастады. Алғаш рет танк ко­лон­наларының Ук­раи­на­­ның До­нецк облысындағы Горлов­ка елді мекенінің төңі­ре­гінде байқалған. Алайда шекара маңын­да Ресейдің нақты қанша әскері мен техникасы шоғыр­ланғаны белгісіз. Тек Conflict Intelligence Team тобы екі елдің ше­карасына 2015 жылдан бері алғаш рет мол әскер жиналғанын хабар­лаған. Ал бірқатар сарапшы Дон­басс пен Қырымда Ресейдің 28 батальон-тактикалық тобы бар екенін алға тартады. Соның ішінде Қырымда 32 мың Ресей әскері тұр­­са, Дон­бастағы сеператистердің күші шамамен 30 мыңдай адам ретінде айтылып жүр. Украина қарулы күштерінің бас қолбас­шысы Руслан Хомчак ресейліктер өңірге тағы 25 батальон-так­тика­­лық топ әкелуі мүмкін екенін айт­­­қан. Со­­­­нымен бірге ресейлік 2 мыңдай әскери кеңесші де шие­леніс айма­ғында жүргені жайлы деректер келтіреді. Бірақ Мәскеу бұл мәлі­меттердің ешқайсысын мойын­даған жоқ. Керісінше, «біз тек армияның даярлығын тексеріп жатырмыз» деуден танар емес. Ресей қорғаныс министрі Сергей Шойгу әскерлердің шиеленіс ай­мағына шоғырландырылуын қа­тар­­дағы жаттығуға теңеді. Дәлі­рек айтқанда, Мәскеу батыс және оңтүстіктегі әскерлерді кезектен тыс тексеруге кіріскенін айтады. Бірақ С.Шойгу Псков, Кемеров облыстары сияқты алыс аймақ­тардағы әскерлердің, соның ішінде әскери әуедесанты күштерінің не себепті Украинамен шекараға шо­ғырландырылғанын түсіндіріп жа­­­ту­ды қажет деп санамады. Ал кейбір мамандар, жалпы алғанда өңірге Ресейдің 50 мыңдай әскері шоғырланғанын айтады. Біздің пайымдауымызша, шекара төңі­регінде шамамен 40-50 мың әскер топтастырылса, Донецк пен Лу­ганс төңірегіндегі сеператистер жасағын қоссақ, аймақта Украи­наға қарсы шамамен 80 мыңдай адам қарсы тұруы мүмкін. Оның үстіне, Ресей­ден келіп жатқан ерік­тілер де бар екенін атап өткен жөн.

Украина НАТО-ға үміт артады

Бірер күн бұрын әлеуметтік желілерде Украина қарулы күш­терінің ауыр техникаларының пойыз­дарға тиелгені жайлы видео­лар тарай бастаған-ды. Өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы мен танктердің белгісіз жаққа та­сы­малданып жатқаны айтылады. Әлеуметтік желі қолданушылары мен бірқатар сарапшы бұл техни­каның Донбасс пен Қырым жаққа жіберіліп жатқанын жеткізді. Алай­да Украинаның экс-пре­зиденті Леонид Кравчук ел билі­гінің бү­лікшілдер жиналған ай­маққа әскер жібермегенін мәлімдеді. Ол жур­­налистерге бер­ген сұхбатының бі­рінде «әскер топтарының бір орын­нан екіншісіне жылжытылуы қа­лыпты дүние. Киев Донбасқа әскер шоғырландырған жоқ» депті. Де­мек, Киев елдің шығы­сына нақ­ты қанша әскер жібергені белгісіз. Яғни, ақпараттарды мей­­лінше жасырын ұстауға тыры­сып жатыр. Бұл жағынан Украина ұтып тұр. Шамасы, Таулы Қара­­бақтағы Әзербайжан тәжі­рибесін ескеріп, артық-ауыс ақпараттың таралуына жол бермеуге тырысып жатқан болар. Ол жағы бізге беймәлім. Бі­рақ масс-медиада жылт ете қала­тын кейбір мәліметке қара­ғанда, Дон­­­­басс жаққа Киев шамамен 100-ге жуық бронды техника мен танк жіберген. Бұл –бір танк полкы деген сөз. Сонымен бірге 57 мото­атқыштар бригадасы күшей­тіліп жатқанға ұқсайды. Дегенмен Ук­­­раи­­наның аймаққа шоғы­лан­дырған күштері егер ұрысқа Ресей араласар болса, аз­дық ететіні бел­­­­гілі. Global Fire Power рей­тингінде Украина қорға­ныс қа­білеті жағынан әлемде 25-орын­да тұр деп көр­­­­сетілгенімен, іс жүзінде елдің ар­­­­миясы сепера­тистер мен Ресейдің тұрақты әс­керіне төтеп беруі қиын. Оның үстіне, Украина әскерінің саны да аз. Шамамен 255 мың. Ал шиеленіс аймағына жи­налып жат­­­­қан қарулы топтар мен әскер саны күн санап өсіп келеді. Содан да шығар, Киев НАТО күш­­терінің ел­дің әуекеңіс­тігін күзе­туіне мүмкін­­­дік жасады. Дәлі­­рек айт­қанда, сон­­­дай келісімге қол жет­­­­кізді. Бірақ ел аумағында НАТО-ның әскері жоқ. Тек ин­структорлар жүруі мүм­кін.

«Ер болсаң, бопсаға шыда»

Қазақтың осынау көне сөзі заманауи геосаясаттың бұлжымас қағидасына айналған сияқты. Өйткені Украина – Ресей шие­ленісінде бір-біріне дөң айбат көр­сету басым тәрізді. Украиналық журналист, сарапшы Д.Гордон Мәскеу қоқан-лоқы жасаумен ғана шектеледі деген болатын. Біз де солай пайымдағанбыз. Өйткені В.Путин өзін кісі өлтіргішке теңе­ген АҚШ президенті Джо Байденге мінез көрсеткісі келгендей кө­рінген. Бірақ Мәскеудің гибридті ұрыс тәсілдерінен ешқашан бас тартпайтынын ұмытпау керек. Бірер күн бұрын екі жақтың жана­сатын сызығынан 15 шақырым жерде 4 жастағы бала мерт болды. Сеператистер оны Украина дроны тастаған қолдан жасалған жарыл­ғыштан көз жұмды десе, украиндар минаға жарылып қайтыс болды деп санайды. Бірақ ресейлік масс-медиа осы оқиғаны өз пайдаларына жаратып, шу көтеріп-ақ жатыр. Ресми Киев болса, ұшқышсыз ұша­тын аппараттарды майдан шебінен 15 шақырым ішкері кір­гізудің әскери де, саяси да мәні жоқ екенін, стратегиялық та, так­ти­калық та пайдасы шамалы қадам боларын алға тартып, бала өліміне өздерінің айыпты емес екенін айту­­­да. Керісінше, 3 және 5 сәуірде аймақта 2 украин сар­базының мерт болғанын мәлімдеген. Ал ЕҚЫҰ-ның аймақтағы тобы бала өлімін растаса, әскерлердің мерт болғаны жайлы бірауыз болса да мәлімдеме жасаған жоқ. Тіпті, соңғы күндері аймақта салыстырмалы түрде ты­ныштық орнағанын мәлімдеді. ЕҚЫҰ-ның мониторинг миссиясы 2-5 сәуір аралығында Донецк об­­лысындағы қарсыластар шебінің түйісетін аймағында 1,4 мың, Лу­ганск жақта 126 рет оқ атылғанын анықтаған. Бұл дегеніңіз былтырғы наурыздың соңы мен сәуірдің ба­­сындағы жағдайдан әлдеқайда жақ­сы. Былтыр екі жақ осы кезде бір-біріне 16 мыңнан астам рет оқ атқан. Соның ішінде 4 мыңнан ас­там жарылыс болыпты. Әрине, әң­гіме бұл жерде ауыр артиллерия, танк, зымыран туралы емес, авто­мат пен пулеметтен оқ ату, граната мен жолдарға төселген миналар­дың жарылуы туралы болып тұр. Әйт­песе, қақтығыс аймағында біраз­дан бері артил­лерия қолда­нылған жоқ. Яғни, Украинаның шығысындағы дүр­белеңнің дақ­пырты көп тәріз­деніп тұр. Екі жақ бір-бірін боп­салауға көшкендей. Алайда «ойын­нан от шығады» де­­ген бар. Сая­саткерлер сабырлы бол­­маса, құр бопсалаудың өзі со­­ғысқа ұласып кетуі мүмкін.

Ардақ СҰЛТАН