Цурцумия қырқында қамал ала ма?
Цурцумия қырқында қамал ала ма?
123
оқылды

2004 жылы Афина Олим­пиада­сы­ның күміс жүлдесін жеңіп алған Георгий Цурцумия бозкілемге 13 жылдан кейін қайта оралды. Биыл 41 жасқа толатын атақты палуанның бұл әрекеті еліміздегі күрес федерациясын ғана емес, көптеген спорт жанкүйерін елең еткізді. Спортшы Алатау баурайында болатын балуандар бәсекесіне қатысып, қырық жасында қамал алуды көз­деп отыр.

Нақтырақ айтқанда, 9-11 сәуір аралығында Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында күрес түрлерінен Токиода жалауы желбірейтін Жазғы олимпиада ойындарына жолдама беретін Азия аймақтық іріктеу турнирі өтеді. Құрлықтың ең мықты деген балуан­дарының басын қосатын жарыста Токио Олимпиадасының 36 жолдамасы сарапқа салынады. Лицензиялық тур­нирді аяқтағаннан кейін балуандар ертеңінде Азия чемпионатын бастайды. Отыз медаль жиынтығы сарапқа салы­натын турнир 18 сәуірде мәресіне жетеді. Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық коми­тетінің баспасөз қызметі таратқан мәлі­метке сүйенсек, грек-рим күресінен Қазақстан командасының бас бапкері Бақтияр Байсейітов аламанға 14 балуан қоспақшы. Оның төртеуі жолдама үшін белдессе, қалған 10 балуан Азия бірін­шілігінде өнер көрсетеді. Азия чемпионатына ел құрамасы сапынан төрт палуан, атап айтқанда, Мейіржан Шермаханбет (67 келі), Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі), Олжас Сырлыбай (97 келі) және Георгий Цурцумия (130 келі) қатысады. Бір қызығы, ұлттық құраманың ұзақ жылдар бойы үздігі атанып, екі олимпиадаға қатысқан Алмат Кебіспаев лицензиялық турнирден сырт қалды.  Ол Италияда өткен рейтингтік турнирдің финалында Мейіржан Шермаханбеттен 0:9 есебімен жеңілген болатын. Осыдан соң бапкерлер Мейіржанға мүмкіндік беруді жөн сана­ған. Ал Нұрсұлтан Тұрсынов пен Олжас Сырлыбай биыл ел чемпионатында көзге түсіп, Италиядағы турнирде жүлдегерлер қатарынан көрінген еді. Бәрінен бұрын бізді Бақтияр Бай­сейітовтің 130 келі салмақтағы 33 жас­тағы Нұрмахан Тінәлиевті емес, үлкен спортпен әлдеқашан қоштасып, бірнеше жылдан бері бапкерлікке бет бұрған апай­төс балуан Георгий Цурцумияны таңдағаны таңғалдырды. Ал бас бап­кердің өзі Алматыдағы лицензиялық тур­нирде белдесетін ауыр салмақтағы спортшылар арасынан не үшін Георгийді таңдағанын былайша түсіндіреді: «Геор­гий Цурцумия бұл бәсекеге бір жыл бойы дайындалды. Оқу-жаттығу жиыны кезінде бапкерлерге де көмектесіп, өзі де жаттығудан қол үзген жоқ. Қазір ол нағыз бабында. Алдағы жарысқа қатысуға сақадай сай болған соң, осы балуанды таңдадық. Георгий құрамада жүрген біраз балуанға бәсекелестік таныта алады. Сәуір айы тартысты жекпе-жектерге толы болмақ. Біз өз кезегімізде жанкүйер­лерге керемет көңіл күй сыйлауға тырысамыз», – деді Байсейітов. Грек-рим күресінен Атланта Олим­пиадасының чемпионы, қазақстандық балуан Юрий Мельниченко да Цурцум­ия­ның әлі де бабында екенін айтады. – Афиныдағы аламаннан кейін күні бүгінге дейін күрестің басы-қасында жүріп, Ұлттық құрама сапындағы талай палуанның айтулы додаларда олжа салуына сүбелі үлес қосып келе жатқан маман. Азия ойындарының чемпионы атануы да өз салмағының үздігі екенін аңғартады. Георгий Алматыдағы ала­манда бақ сынаймын деп нақты шешім қабылдаса, тек сәттілік тілейміз. Бәрі оңынан болып, жолдамаға иелік етіп жатса әрі қарай олимпиадада бақ сынай ма, жоқ басқа командаласына бере ме, ол жағы өз қалауында, – дейді ол. Енді Цурцумияның мұндай қадамға не үшін барғанын саралап көрейік.  Бірінші себеп, қазір ауыр салмақтағы­лардың арасында бәсекелестіктің бол­мауы болып тұр. Оған қоса бетке ұстар балуандарымыздың бірі Нұрмахан Тін­әлиев те жарақатынан әлі айыға алмай жүр. Былтыр Қазақстан біріншілігінде сол жарақатының салдарынан өз деңгейінде өнер көрсете алмады. Одан бөлек, 130-да Әлімхан Сыздықов пен Мансур Шадукаев сияқты алыптарымыз бар. Сыздықов бұған дейін 97 келіде күрескен. Былтыр Қазақстан чемпионаты қарсаңында 130 келіге ауысып, чемпион атанды. Бірақ жақында Италиядағы ха­лық­аралық турнирде екі балуанымыз да алғашқы белдесулерінде жеңіліп қалды. Бәлкім, содан кейін шығар бапкердің екі балуанға да лицензиялық жарыста күре­суге мүмкіндік бермегені. Өйткені бал­уан­дарымыз өз жерімізде өтетін жарыста жолдама алу үшін барын салуы керек. Оның үстіне, осыдан екі жыл бұрын Нұр-Сұлтандағы әлем чемпионатында грек-рим күресінен екі-ақ жолдама алдық. Енді Алматыдағы турнирде жоғымызды түгендемесек, одан кейін Болгарияда болатын соңғы әлемдік іріктеу тур­нирінде біздің жігіттерге оңай бола қой­майды. Ұзақ үзілістен соң бөзкілемге қайта оралған 40 жастағы Георгийге Азияда Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Үндістан елдерінің балуандары басты қарсылас саналады. Осыдан екі жыл бұрын елордадағы әлем чемпионатында ирандық Амир Газеми үздік бестікке еніп, олимпиада жолдамасын иеленген еді. Сондықтан бұл салмақта ирандық балуан күреспейді. Мұның өзі ардагер спортшымызды жолдамаға бір қадам болса да жақындата түседі. Дегенмен отан­дасымызға 2018 жылғы жазғы Азия ойындарының жеңімпазы, Азия чем­пион­атының күміс жүлдегері, өзбек­стандық Муминжон Абдуллаев пен Азия­ның алты дүркін жүлдегері Мурат Рамонов қарсылық танытады. Осы орайда айта кетейік, Токио Олимпиадасының жолдамасы әр салмақ бойынша тек екі балуанға беріледі. Яғни, жолдама алу үшін кем дегенде финалға шығу міндетті. Георгий Цурцумия Алма­тыдағы іріктеу турнирінде жасындай жарқылдап, Токио Олимпиадасына жол­дама жеңіп алатын болса, араға 16 жыл салып лицензия алған Қазақстандағы санаулы спортшының қатарына кіреді. Не де болса, осыдан 17 жыл бұрын Афины Олимпиадасының күміс жүлдесін жеңіп алған балуанымыздың шама-шарқын турнирден соң байқайтын боламыз.

 Абылайхан ЖҰМАШ