Батыс Қазақстанда 10 жастағы оқушы қыз көрген зорлық-зомбылыққа қатысты директор күдікке ілінді
Батыс Қазақстанда 10 жастағы оқушы қыз көрген зорлық-зомбылыққа қатысты директор күдікке ілінді
227
оқылды

Жаңақала ауданының тұрғыны он жастағы өгей қызын үш жыл бойы зорлап келген. Бірақ кішкентай қызға ешкім араша түспеген. Енді олар осы салғырттығы үшін жауапқа тартылып жатыр.

Телеарнаның хабарлауынша, мектеп директорына тағылған айыппен қорғаушысы келіспейді. Өйткені қыздың жәбірленгенін алдымен ата-анасы әлде туыстары хабарлауы керек екен. Қорғаушының айтуынша, мектеп ұжымының олардан бұрын полицияға шағымдануы міндетті емес.

«Біздің қорғауымыздағы директор мен прокурордың арасындағы ашу-араздыққа байланысты іс насырға шауып жатыр. Намысы тапталған прокурор Лариса Тұраровнаға солай айтып тұр ғой: «Мен сені жұмыстан шығартып, соттатамын», – деді. Туған шешесі «параноидальный шизофреник» деп есепте тұр. Бір баласының ақыл-есі кеміс, үш баласын үш еркектен туғаны туралы мәлімет бар», – дейді Айсұлу Биялиева.

Мұндай уәжді заңгерлер де құптап отыр. Өйткені қылмыс мектептен тыс жерде жасалған. Сондықтан ұстаздарды бұған кінәлаудың қисыны жоқ.

«Адам құқықтарын қорғау жөніндегі» Қазақстан халықаралық бюросының БҚО филиалының директоры Павел Кочетков: «Бұл іске оқытушылар мен директордың қандай қатысы бар? Егер осы оқиға мектепте болып, олар жасырып қалса, бір сәрі. Сондықтан бұған ең алдымен ата-анасы мен туысқандары жауапты. Егер құзырлы органдар тергеуді осылай біржақты жүргізетін болса, онда психологтар бастаған мектептің бүкіл қызметкерін жабу керек сияқты», – дейді.

Өгей қызына озбырлық жасаған ер адам былтыр 22 жылға сотталып кетті. Енді полиция қылмысты жасырып қалды деген күдікпен мектеп директорына қатысты іс қозғады.

Облыстық Полиция департаментінің өкілі Мөлдір Садырғалиева: «Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті тарапынан бұл іске қатысты Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша тергеу амалдары жүргізілді. Қазіргі таңда іс сотқа жолданған. Азаматша облыс аумағынан шықпау бойынша қолхатпен қазіргі таңда үйінде отыр», – дейді.

Қылмыс әшкере болған соң, мектеп психологі мен интернат меңгерушісі, әлеуметтік педагог секілді мамандар қатаң сөгіс алды. Ал директордың кінәсі дәлелденсе, 6 жылға абақтыға қамалуы мүмкін.