Қытайда 13 жыл түрмеде отырған Зейнолла Рақыжан Шыңжаңнан Алматыға келді
Қытайда 13 жыл түрмеде отырған Зейнолла Рақыжан Шыңжаңнан Алматыға келді

Оқиға орнынан хабар таратқан Азаттық тілшісі Манас Қайыртайұлының айтуынша, Рақыжанды кеден қызметінің өкілдері ұзақ ұстап, жолаушылардың соңынан шығарды. Бұған жұрт наразы болды.

«Елге жеткеніме қуаныштымын. Екі елдің достығы мәңгі жасай берсін. Туыстарың шығады. Вирус ұстап тұр. Бәріңнің туыстарыңды жібереді» – деді Зейнолла Рақыжан.

Рақыжан Қытайдағы жағдайды айтуға ықылас білдірген жоқ. «Сізге келер алдында Қытай тарапынан қандай да бір ескерту жасалды ма?» деген сұраққа «жоқ» деп жауап берді. Ақпарат бойынша, 58 жастағы Рақыжан Зейнолла Қытайдың Боро-Тала-Монғол автономиялық облысының Арасан ауданына қарасты Қарабұқа кентінде туып-өскен. 2000 жылы отбасымен бірге Қазақстанға қоныс аударып, Алматы облысына келіп тұрған. 2004 жылы Шыңжаңға қыдырып барған Рақыжан Зейнолланы полиция ұстап, жауапқа тартқан. Туыстарының айтуынша, «тыңшы» деген айыппен 13 жылға соттап, түрмеге қамаған. Түрмеден шыққан соң саяси лагерьде бір жарым жыл отырған. Қытайда да, Қазақстанда да мемлекеттік органдарда қызмет істемеген, тек ұсақ саудамен айналысқан. Бір ұл, бір қызы бар.

Фарида Қабылбектің айтуынша, күйеуі 6 сәуірде Үрімжіден Чэнду қаласына ұшқан. Себебі, Чэнду – Алматы бағыты бойынша ғана рейс болған. Ол енді наразылығын тоқтататынын айтады.