Алматыда ҰҚТ құрған полиция қызметкерлері ұсталды

Алматыда ҰҚТ құрған полиция қызметкерлері ұсталды

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аса маңызды ісі бойынша тергеушісі Данияр Бегайдаров төрт жыл бойы азаматтардың  айыппұлдарын заңсыз өшіріп келген полицейлерге қатысты қылмыстық іс қалай тергеліп жатқанын айтты.

«Жергілікті Полиция департаментінің қызметкерлеріне қатысты қылмыстық істі тергеу аяқталды. Полиция қызметкерлері 2016 жылдан бастап, бұрын сотты болған азаматты делдал ретінде тарту арқылы ұйымдасқан қылмыстық топ құрған. Олар бұл әрекеттерін 2020 жылға дейін ұсталғанша жалғастырған. Осылайша полицейлер лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланып, жол қозғалысы ережелерін бұзған азаматтардың әкімшілік айыппұлдарын есептен шығарып отырған», - деді аса маңызды істер жөніндегі тергеуші.
Оның айтуынша, бұл қылмыстық әрекеттерден мемлекетке 247 млн. теңгеден астам шығын келген.
«Сотталушыларға қатысты тиісті бұлтартпау шаралары қабылданып, іс Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына берілді. Түпкілікті шешімді сот қабылдайды», - деді Данияр Бегайдаров.