Жемқорды хабарлағандарға 58,9 млн теңге
Жемқорды хабарлағандарға 58,9 млн теңге

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аумақтық органдары 2019 жылдан бері жемқорлық фак­тісі туралы мәлімет бер­ген 396 адамға 58,9 млн теңге сыйақы төлеген.

«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің аумақтық ор­гандары жемқорлық фактісін хабарлаған 396 азаматты жалпы сомасы 58,9 млн теңгеге ынта­ландырды. 2019 жылы  214 тұлғаға 31,8 млн теңге, 2020 жылы 182 тұлғаға 27,1 млн теңге төленді. 2020 жылы көтермеленгендердің 122-сі ауыр қылмыстар туралы мәлімет берді. Орташа ауырлық­­тағы істер бойынша – 55, әкім­шілік құқықбұзушылық туралы хабарлағаны үшін үш адам мара­патталды», – деді агенттіктің аса маңызды істер бойынша тер­геушісі Данияр Бегайдаров. Ол сондай-ақ азаматтар негі­зінен пара беру және алу, дел­­далдық, ақша жымқыру фактілері туралы хабарлайтынын жеткізді. Соның арқасында биыл лауа­зымды тұлғалардың өз өкілет­тіктерін теріс пайдалануы бойын­ша тағы 5 факт анықталған. «Биыл әзірге жемқорлық фактісін мәлім еткен 213 адамды көтермелеуге бюджеттен 33,9 млн теңге бө­лінді», – деді ведомство өкілі. Сондай-ақ Данияр Бегай­даровтың айтуынша, олардың өзіне пара бергісі келетіндер бар екен. Мысалы, жемқорлықпен күрес са­­­пындағы мамандарға пара ұсын­ған мәдениет сарайының басшысы 4,5 млн теңге айыппұл арқалаған. «Лауа­­зымды тұлғалар сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қыз­­меткерлеріне өздерінің жеке мәсе­­лелерін шешу үшін пара беруге ты­­­рысатын жағдайлар да бар. 4 нау­­­рызда Қазығұрт аудандық мә­­­дениет сарайының директоры Қазығұрт аудандық сотының үкі­­­мімен 4,5 млн теңге айыппұл арқа­­­лады. Пара ұсынғандардың тағы бірі – сол ұйымның бас есеп­шісі. Оған 1,5 млн теңге айыппұл са­лы­­н­­­­­ды», – деді Данияр Бе­гайдаров. Оның сөзіне қарағанда, Түр­кістан облысының Сарыағаш аймағы бойынша сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл жө­ніндегі ауданаралық басқар­ма­сының қызметкері 2018-2020 жыл­дарға арналған бюджет қа­ра­жатының игерілуін, оның ішінде «Еңбек» аясында бө­лінген қара­жаттың игерілуін тексерген. Осы істе құзырлы орган өкіл­дерінің қамқорлығына ие болу үшін директор мен бас есепші 300 мың теңге көлемінде пара беруге әре­кеттенді деген күдікке ілінген.

Исмаил ҚУАНЫШ