Шығыс Қазақстан облысында қар еріп, су деңгейі көтеріле бастады. Бұл туралы облыстық ақпараттық орталығы базасында аймақтық ТЖД бастығының орынбасары Қанат Әбділов хабарлады.
Қанат Әбділовтың айтуынша, облыс аумағында қар еріп жатыр. Аймақтың 33 пайыз аумағын қар басқан. Риддер қаласында, Қатонқарағай, Бородулиха аудандарында қар жамылғысының биіктігі 50 см-ден аспайды, тек Алтай ауданында – 71 см. Өзендердің ашылуы және су деңгейінің көтерілуі байқалып жатыр деседі. Су шекті деңгейден асып кеткен жоқ. Оның сөзінше, ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті 8 рет аэровизуалды тексеру жүргізді. Облыс су тасқынына дайындық жоғары деңгейде, жедел штабтар құрылған. Су тасқынына қарсы іс-шаралардың облыстық жоспары іске асырылуда, қар шығару, автомобиль және темір жолдардағы су өткізу құрылыстарын, көпірлерді, арықтар мен арналарды тазарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Шұғыл шығындарға және төтенше жағдайларды жоюға қаражат көзделген. 2 412 бірлік техника, 379 мотопомпа мен 106 эвакопункт дайындыққа келтірілді. ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Елдос Чикеновтің мәліметінше, зардап шеккен халықты қабылдаудың барлық пунктіне тексеру жүргізілген. Уақытша паналауға, тамақтануға жағдайлар жасалған, санитарлық-тұрмыстық жағдайлар жасалып, ыстық тамақпен қамтамасыз етуге, эвакуациялық іс-шараларды өткізу үшін көлікті тартуға ниет-шарттар жасалған. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша су тасқыны болуы ықтимал 4 ауданда (Алтай, Глубокое, Катонқарағай, Бесқарағай) қосымша резерв құрылған. Онда су айдау құрылғыларының санын 2 есеге және адам ресурстарын 50 пайызға ұлғайту көзделген. «Семей қаласындағы Ертіс, Бұқтырма, Уба, Күршім өзендеріндегі, Алтай ауданындағы, Күршім, Бородулиха, Шемонаиха, Катонқарағай аудандарындағы барлық 19 кептеліс қаупі бар учаскеде жалпы алаңы 180 мың шаршы метрден астам профилактикалық жарылыс жұмыстары жүргізілді, 9,5 тоннадан астам жарылғыш зат пайдаланылды», – деп атап өтті ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Қанат Әбділов.А.ЕРСҰЛТАН