Адамзатты аман алып қалған вакциналар
Адамзатты аман алып қалған вакциналар

University College London ғалым­дары келесі аптаның басында Ұлы­британияда COVID-19 вирусына ұжымдық им­мунитет пайда болады де­ген болжам жасап отыр. Өйт­кені 12 сәуірге қарай корона­вируспен ауыр­ғандар не вакцина салдырған­дардың үлесі барлық тұрғынның 73 пайызына тең болады деседі. Вак­цина әлемді құтқарып, мил­лиондаған адамның жа­нын аман сақтауға қауқарлы ма? Тарихта белгілі қандай жағдай бар? Шолып шыққан­ды жөн көрдік.

Бір жыл бұрын індет енді тарай бас­тағанда-ақ мұның бүгін-ертең ауыз­дық­талатын ауру емесі белгілі болған. Өйткені аз уақытта әлем­нің түкпір-түкпіріне тара­лып, адам өлімі көптеп тіркелді. Әркім­нің әлсіз тұсынан шап беретін вирус расында жаһанды жаулады. Жалпы алғанда, мұн­дай жағдайда екі-ақ амал болады. Біріншісі – бәрін «қамап ұстап», вакцина шық­қанын күту. Екіншісі – вирус­тың күндердің күнінде барлық жерге таралып, ұжымдық им­муни­тет қалыптасқанша қол қусырып отырып, күту. Ұжымдық иммунитет деп қан­дай да инфекцияның белгілі бір топтың ара­сында еркін таралатын жағдайын айтады. Яғни, ол топ­тың басым бөлігі ауырып болған немесе тиісті вакцина салдырған деген сөз. «Пандемияға дейінгі алаңсыз ке­зеңге тезірек оралудың бірден-бір жолы – осы», – дейді мамандар. Әлем халқы­ның басым бөлігі вирусты жұқтырып, корона­вируспен ауырып болғанын күтіп, ұжым­дық иммунитеттің өздігімен қалыптасуын күту әдісіне қатысты күмән көп. Өйткені адам жанын жалмаудан әлі тайсалмай отырған індеттің беталысы жаман. Сон­дықтан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы вакцина ғана құт­қарады деген пікірде. Иммунитет қалыптасатын дең­гейге мына қарқынмен қазір жету қиын бо­лып отыр. Әрі бір ауырған соң қай­та жұқтырғандардың дерегі жылт етіп шыға бастады. Бұл бол­са, екпе қажетін тағы бір рет дә­лел­­дегендей болды. «Бізде вакци­на болмайынша, әлемнің ешбір елі эпиде­мияны тоқтата алмайды» деген еді ДДСҰ бас директоры Тедрос Гебрейесус.

Ел мен әлемдегі ахуал

Тарихтағы оқиғаларға қарасақ, вак­цинаның күшімен ғана жан бағу мүмкін секілді. «Корона­вирус­­пен күресте осы әдіс әл­де­қайда тиімді әрі дұрыс», – дейді мамандар. Өзімізде жасалған ал­ғаш­қы вакцина сәуірдің соңында жөнелтіледі. QazVac вакцина­сы­ның қазір 50 мың дозасы дайын. Бүгінде олар биологиялық бақы­лауда. Айдың аяғына қарай «СК-Фармация» хабтарына тиеледі. Осы вакцинамен 25 мың адамды егуге болады. Ал қазақстандық вак­цинаның жеткізіле­тін жалпы көлемі 2 млн доза екен. Еске са­ла кетсек, биылғы 1 ақпаннан бастап елі­мізде ерікті вакциналау кам­па­ниясы бас­­талған. Алғашқы жарты жылда – 2 млн, екінші жартыжыл­дықта 3-4 млн адамға екпе салу жоспарланып отыр. Осы ретте ресми статистикадан аз-кем келтіре кетсек. 7 сәуір күнгі жағдай бойынша, салынған екпенің жалпы дозасы бойынша алғашқы үштікте АҚШ, Қытай және Үндістан тұр. Атап айтқанда, Америкада – 171,48 млн доза, Қытайда – 149,07 млн доза, Үндістанда 90,2 млн доза егілген. Ал тұрғындарының ішінде кемі бір дозасын алған елдер көшін Израиль бастап тұр. Мұны басын­да айтып кеткен едік. Бір рет бол­сын вакцина алғандардың үлесіне келсек, Израиль жұртының 61,2 пайызы салдырған. Бұдан кейінгі орында – Ұлыбритания, Чили, АҚШ және Бахрейн. Екі дозасын да толық алғандар­дың рейтингі осыған ұқсас. Израиль тұр­ғын­дарының – 56,5 пайызы, Чилидің – 22,2 пайызы, Бахрейннің 19,6 пайызы то­лық салдырған. Вак­цина­ланғандар үлесі арта түскен сайын, ауыр індеттің беті қай­татын уақыт та жақындай түседі.

Алғашқы вакцина – ірің

Ендеше адамзатты аман сақ­таудың бір жолы – вакциналаудың тарихына тоқталсақ. Әр заманда адам баласының басына түскен ауыр індетпен күрестің түрлі тәсілі жасалды. Соның бірқатарын тіз­бектеп көрейік. Мәселен, 1796 жылы британ дәрігері Эдуард Дженнер адамзат тарихындағы ең алғашқы вакцинаны ойлап тапқан болатын. Дегенмен екпенің адам­ға қалай әсер ететінін біл­меген еді. Сөйтіп, ең бірінші болып вак­цина 8 жасар ұлға салынған. Нә­тижесінде, оң әсер бе­ріп, шешек ауруына тосқауыл қойылған. Біле білсеңіз, бір Еуропаның өзінде ХVIII ғасырда осы шешектен жыл сайын 400 мың адам қайтыс бо­латын. Жасалған түрлі ем қонбай, кейбірі тіпті кері әсер бер­­ген. Содан бұл індетті барынша зерт­теген Эдуард Дженнер сиыр бағатын ша­руа­лармен сөйлескен кезде олардың «сиыр шешегін» жұқтыратынын, бірақ табиғи адам шешегімен ауырмайтынын бай­қайды. Сөйтіп, тәжірибе ретінде 8 жасар Джеймс Филлипске вак­цина жасап көреді. Ол үшін «сиыр шешегін» жұқ­тырған сауыншы әйелден кішігірім ірің алып, әлгі баланың қолындағы жараның үс­тіне жағады. Бала бірнеше күн ауырып, артынша жазылып ке­теді. Одан соң Джен­нер әлгі про­це­дураны тағы бір қай­талайды. Бірақ бұл жолы табиғи шешекті қолданады. Нәтижесінде, бала да ауырмайды, отбасын­дағылар да жұқ­тыр­майды. Бұл әлемдегі ең алғашқы вак­цина еді. Айтпақшы, латын тілінен ау­дар­ғанда vacca – «сиыр» деген мағы­наны береді. Дженнердің ашқан жаңалығы демде ауыздан-ауызға таралады. Сөйтіп, Ис­пания королі Карл IV вакцинаны им­пе­рия­сының түк­пір-түкпіріне жеткізуді тапсыра­ды. Әрине, вакцина пайда болса да, одан кейін де шешектен талай адам көз жұмып жатты. 2 ғасырға жуық уақыт жалғасты. Кейіннен вакциналауды бұ­қаралық, кейде тіпті міндетті ету белең алды. Осылайша, табиғи түрде шешек жұқтырудың соңғы дерегі – 1977 жылы Сомалиде, зертханалық жұқтырудың соңғы дерегі 1978 жылы тіркелген.

Аяқасты пайда болған екпе

Британ дәрігерінің жұмысына там­са­нып, тіпті көп ғалым сондай жаңалық ашу­ға білек сыбана кі­рісті. Солардың бірі – фран­цуз ғалымы Луи Пастер. Оның вак­цина жасаудағы жаңалығын ерек­ше атап өту керек. «Шешек вак­цинасы жасалса, демек басқа да ауруларға қарсы екпе ойлап табуға болады» деген ойға келеді Пастер. 1870 жылдары ол тауық тырысқағы қоздырғышына қатысты зерттеу жасауға кіріседі. Бірақ тауықтарға жасаған тәжірибесі сәтсіз аяқта­лып, қайта-қайта қырылып қала берген. Ең қызығы сол, дерттің шипа­сы бол­ған екпе аяқасты 1879 жы­лы пайда бо­лады. Ол қалай де­сеңіз, айтайық. Пастер демалысқа шыққалы жатқан көмекшісіне құстарға тауық холерасы қоздыр­ғышының жаңа өсіндісін егуді тапсырады. Бірақ ассистенті асы­ғып жүріп ұмытып кеткен. Сөйтіп, араға бір ай салғанда патогеннің ескі үлгісін қолданып, екпе сала­ды. Нәти­жесінде, барлық құс аман қалады. Пастер жаңа өсінді еккен кезде бірде-бір тауық ауыр­майды. Ойлана келе, бұған не әсер еткені белгілі болады. Сөйтсе, па­то­ген­ді оттекпен ұзақ уақыт әре­кет­тескені әлсіреткен екен. Кейін­нен Пастер осыған ұқсас жолмен түйнеме мен құтыруға қар­сы вакцина жасап шығарады. Құтырудан екпе алған алғашқы адам ретінде 9 жасар Джозеф Мейстер белгілі. 1885 жылы вак­цина салынып, оң әсер береді. Осыдан соң француз ғалымы вак­цинаны коммерциялауға кі­ріседі. Одан түскен пайдаға Париж­дегі жеке ғылыми-зерттеу орталығын ашады. Пастер инс­титуты 1894-1921 жылдары Азияда белең алған обамен күресте ал­дың­ғы шепте қызмет еткен. Пас­тердің шәкірттері де ұста­зының жолын жалғаған. Оба таяқша­сының қоздырғышын Александр Йерсен тапса, вакцинаны Владимир Хавкин жасаған.

Екпені алдымен өзіне салған Хавкин

Тарихта вакцинаға қатысты түрлі оқиға белгілі. Соның ішінде әсерлісі де бар. Бактериолог Владимир Хавкин холераға қарсы алғашқы вакцинаны ойлап тап­қан. Оның тиімді екенін дәлел­деу үшін вакцинаны бірінші болып өзіне салған екен. Дегенмен кү­мән көп болған­дықтан, Ұлыбри­тания билігі Хавкинді вакцинаны Үндістанда сынауға бағыт­тай­ды. 1893 жылы Хавкин Калькуттаға ба­рып, жыл соңына қарай 10 мың британ және үнді әскеріне екпе егеді. Нәти­же­сінде, 93 пайызға тиімді болып шығады. Ұлыбритания бұған қуанып, әлемді үшінші рет оба жаулаған кезде Хавкинді Үндістанға қайта­дан шақырады. Сөйтіп, оған бри­тан азаматтығын ұсынып, мем­лекеттік қызметке алады. Бом­­­­бей­­­дегі ме­дициналық кол­ледж­ден жеке зертханасын жасақ­тап береді.

Сал қылатын полиомиелит қалай ауыздықталды?

Шешек сияқты миллиондаған адам­ның өмірін жалмамағанымен, салдары өте ауыр ауру бар. Ол – полиомиелит. Көбіне мұнымен бала кезде ауырады. Вирус ауыз арқылы ағзаға кіріп, қанға өтеді. Сөйтіп, жүйке жүйесін зақымдап, сал ауруына шалдықтырады. Сырттай білінуі қиын аурудың инфекциялық табиғатын 1905 жылы швед дәрігері Ивар Викман анықтайды. Ал 1952 жылы аме­рикалық дәрігер Джонас Салк вакцина жасап шығарады. Араға 9 жыл салып әріптесі Альберт Сейбин жаңартылған жақсырақ нұсқасын ойлап тапқан. Айыр­ма­шылығы – ине түрінде салын­байды, жұтуға арналған. Соның арқасында АҚШ пен Еуропада ауырғандар саны күрт тө­мендеген. 1988 жылы ДДСҰ полио­мие­лит­ті әлем бойынша жою бағдарла­масын бастағаны туралы хабар­лайды. 1994 жылы – АҚШ-та, 2000 жылы – Қытай, Жапония және Оңтүстік Кореяда, 2002 жылы – Еуропада, 2014 жылы Оңтүстік Шығыс Азияда аурудың таралуы тоқтайды. Сарап­шы­лардың бағалауына сүйенсек, осы вакцинаның арқасында әлемде 1,5 мил­лион адам аман қалып, 18 миллионы емін-еркін жүріп тұрады екен. Әйтпесе, бұл аурудың ең қиын тұсы – өмір бойына тө­секке таңып қояды. Қазір полио­миелит Ауғанстан, Пәкістан, Нигерия сынды елдерде бар.  

Айша ЕРСҰЛТАН