Құс шаруашылығы шатқаяқтап қалды
Құс шаруашылығы шатқаяқтап қалды
280
оқылды

Әдетте құс еті мен жұмыртқаға сұраныс төмендемейді. Алайда соң­ғы кездері құс шаруа­шылығы өнім­дерінің бағасы шарық­тап барады.  Ал былтыр Қазақстанға Ресей арқылы келген құс тұмауы салдарынан қан­шама үй құстарының қатарын сиретіп алдық. Оған қоса, жемшөп те күрт қымбаттап, соған кеткен шығынды өтеу мұңға айналды. Әрине, мемлекеттен субсидия алып та жарытпайтын шаруашылық иелеріне құс еті мен жұмыртқасының бағасын көтеруден басқа амал қал­майды мұндайда.

Құрдымның бастауы – құс тұмауы

Статистикаға сүйенсек, қазір елімізде 46,7 миллион үй құсы тіркелген. Ал қанат­тыларды өсіріп-өндірумен 64 құс фаб­рикасы айналысып жатыр. Былтырғы қыркүйекте жоғары пато­генді құс тұмауы әлемнің 26 елінде анық­талып, барлығы 459 ошақ тіркелген бо­латын. Соның салдарынан Ресейдің өзінде 1,5 миллионнан астам құс қырылып қалды. Ал бұл індеттің соңғы өршуін 2005 жылы бастан өткерген Қазақстанда оның алдын алу мақсатында дереу 4,7 миллион құсқа вакцина егу үшін 1,4 миллион доза бөлінді. Тіпті, елде тұмау басталмай тұрып 11,8 мил­­лион құс егілген. Алайда одан айтар­лықтай пайда болмады. Ауыл шаруа­шылығы министрлігінің ресми дерегінше, H5N8 құс тұмауының өршуі Ақмола, Жамбыл, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстарында тіркелді. Ауру ошақтарын оқшаулау және жою барысында 1,9 миллион құс жойылса, оның 97 пайызы – 4 құс фабрикасына тиесілі. Сонымен, АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Республикалық эпизоотияға қарсы отряд» РММ жеке қосалқы шаруашылықтарға 94 470 бас үшін 295,3 миллион, ал «Агро­интерптица» ЖШС-іне 433 066 құс үшін 445,9 миллион теңге төледі. Бұл ретте өтем­ақының құс тұмауынан өлген қанат­тылардың өлексесі ресми тіркеліп, ко­миссиялық актілер жасалмай жойылған жағдайда төленбейтінін ескерген жөн. Сол шешімге сүйенген «Республикалық эпи­зоотияға қарсы отряд» РММ өздерінде төленбеген қарыз жоқ екенін мәлімдеді. Алайда індеттен қырылған тауықтары үшін өтемақы толық берілмегенін алға тартқан Арқалық құс фабрикасының құрыл­тайшылары мемлекеттен қосымша 200 миллион теңге талап етіп, сотқа жүгінді. Иә, құстарының көбі қырылып, «Агро­интерқұс» ЖШС тоқырауға ұшырағанда, сонда жұмыс істейтін 220 адамның абдырап қалғаны рас. Нарыққа жылына 120 миллион дана жұмыртқа шығарып отырған кәсіпорынды қайта қалпына келтіру үшін 1 миллиард теңге қажет екен. «Қырық кісі – бір жақ, қыңыр кісі – бір жақ» дегендей, әлгі өтемақыны беруден бас тартқан тарап та фабрикадағы құстардың желдетудің болмауынан қырылып қалғанын ескерте қойды. «Агроинтерқұс» ЖШС-інде 391 мыңнан астам құс өлді. Оның ішінде желдетудің болмауы салдарынан асфик­сиядан 256 040 құс қырылды. Бұл тауықтар үшін өтемақы қарастырылмаған», – деді сонда АШМ Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының міндетін атқарушы Тұрсын Қабдолданов. Сонда дейміз-ау, 1970 жылдан бері тәп-тәуір жұмыс істеп келе жатқан құс фабри­касының дәл былтырғы құс тұмауы кезінде желдеткіші болмай қалғаны қызық екен... Одан бөлек, Жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының басшысы Максим Божко аурудың тек мекиендерде ғана болғанын, бройлер құсының залалдану жағдайлары тіркелмегенін алға тартып отыр. Сол себепті құс етін және одан жасалған өнімдерді тұтынудың еш зияны жоқ көрінеді. Ол түгіл, кейбір жоғары патогенді штамдар ауыр тыныс алу ауруын тудыруы мүмкін болғанмен, адамға құс тұмауының вирустары ауырған құстан да жұқпайды-мыс.

Өз өніміміз өңірлерді қамти алмайды

Құс шаруашылығы дегеніміз тәуелсіздік алған 30 жыл бойы Қызылорда облысында алға баспай қойған салалардың бірі екен. Сол себепті қазір өңірге құс еті мен жұ­мыртқасы сырттан тасымалдануда. «Кісі­дегінің кілті аспанда» дегендей, сол сырт­тан келетін өнім сәл кешіксе болды, базар мен дүкендегі баға шарықтап шыға келеді. «Құс шаруашылығын субсидиялау шарттарына еліміздегі ең ірі компаниялар ғана сай келеді. Олардың қатарына біздің облыс енбейді. Ену былай тұрсын, тіпті маңайлай алмайды. Мысалы, шаруашылық жылына 20 миллион жұмыртқа өндіргенде ғана әр данасына 1 теңгеден субсидия беріледі. Өндіру көрсеткіші ұлғайған сайын мемлекеттік қолдау да арта береді. Ал біздің аймақта ең көп өнім өндіретін кәсіпорын – «Шиелі құс» шаруашылығы. Оның өзі де былтыр нарыққа 7 миллион жұмыртқа ғана шығарды», – дейді «Ата­мекен» ҰКП өңірлік агроөнеркәсіп кешені бөлімінің басшысы Жасұлан Серіков. Сонымен қатар құс фабрикасын салуға қарастырылған инвестициялық субсидия да бар. Бірақ ол үшін кәсіпорын өнімді 50 миллионға жеткізуі керек. Сонда ғана мемлекет құрылысқа кеткен шығынның 25 пайызын қайтарып береді. Өкініштісі, қызылордалық шағын шаруашылықтар субсидиялаудың осы екі талабына да сай келмейді. Сондықтан палата мамандары облыстық Ауылшаруашылық басқармасы өкілдерімен бірлесіп, Ауыл шаруашылығы министрлігіне шағын құс фермаларына да субсидия беру туралы бірнеше ұсыныс жолдаған. Жауап жоқ. [caption id="attachment_127180" align="alignnone" width="1648"]құс © коллаж: Еркебұлан Дүйсеболатов[/caption] Мамандар ол екі субсидияның өзі 2022 жылға дейін ғана жоспарланғанын айтады. Өйткені қазір біраз өңір жұмыртқа өн­дірісін жолға қойып, Ауғанстан, Өзбекстан сияқты елдерге экспорттай бастаған екен. Енді ет бағытындағы құс шаруашылығын қолдауға көңіл бөлінуі мүмкін. Өйтпесе елімізде әлі күнге дейін импортқа тәуелді құс етінің 40 пайызын сырттан тасымалдап отыр екенбіз. Ал өзіміздің өнім ішкі өңір­лерді де толық қамти алмайды. Неге десеңіз, экспорттан гөрі импортқа иек артуымызға қымбатшылық  басты себеп болып отыр. Біріншіден, тауық бала­панына 4 айға дейін 18 түрлі вакцина салынады. Өнім сапалы болу үшін жемге қосылатын 19 түрлі қоспаны және алу ке­рек. Ал сырттан жеткізіліп отырған оның бәрінің бағасы биыл 60-70 пайызға көте­рілді. Жарайды, дәрумен жасауға әзір дәр­меніміз жете қоймас, бірақ құрама жемге қосылатын жүгері, соя, күнбағысты өзім­ізде-ақ егуге болады ғой?!. Мысалы, бір тонна жемге 25 литр өсімдік майы қо­сылады. Ал оның да дәрігерлер мен мұға­лімдердің айлығымен қоса өскені белгілі. Керек десеңіз, қазір нарықтағы 1 тонна бидайдың бағасы 90 мың теңгенің үстінде. Бірер жыл бұрын ол 55 мың теңге болған. Ал құс азығына қажетті арпаның әр тон­насы 2019 жылы 45 мың теңгенің төңір­егінде болса, былтыр оның құны 75 мың теңгеге жетті. Демек, құс азығының баға­сына қосылған шығын оның еті мен жұ­мыртқасының өзіндік құнын көтеруге әкелген.

Жұмыртқа құны – «жығылғанға жұдырық»

Жалпы, Қазақстанда қазір 35 кәсіпорын жұмыртқа өндірісімен айналысады. Оған құс тұмауының тигізген әсеріне келсек, індет жұмыртқа өндіру бағытындағы екі құс фабрикасынан анықталған. Олардан өнім жөнелту үдерісі тоқтатылып, еліміздің көп өңірінде жұмыртқа бағасы күрт қым­бат­тады. Биылғы ақпан айында шарықтау шегіне жетіп, бір дана жұмыртқаның нарықтағы ресми құны 30 теңгеден 57 теңгеге дейін өсті. Ал қазір жекелеген сауда нүктелерінде 60 теңгеден тұр. Яғни, 10 дана жұмыртқаны құс тұмауының алдында ғана 300 теңгеге сатып алған тұтынушы енді оған 600 теңге төлеуге мәжбүр. «Қазақстан жұмыртқа өндірушілер қауымдастығы» ұйымының дерегінше, өткен жылы еліміздегі фабрикалар жұ­мыртқа туатын тауықтың бестен бірінен айырылған. Яғни, құс тұмауы 2,5 миллион бас құсты жаусатқан. Одан келген қар­жылай шығын 3 миллиард теңгеден асып, жағдай шағын шаруашылықтардың бан­крот болуына дейін жетіпті. Ал карантин салдарынан зардап шеккен ірі кәсіп­орындар қатарында Солтүстік Қазақстан облысындағы 3 шаруашылық, Қостанай мен Алматы облысындағы 2 шаруашылық бар. Жұмыртқа өндірісіндегі ірі ойыншы санатындағы бұл фабрикалардың құс саны 2,3 миллион басқа дейін кеміген. Соның салдарынан 2020 жылы отандық жұмыртқа өндірісінің қарқыны 8,8 пайызға төмендеп кетіпті. «Онсыз да Үкімет біз өндірген өнім үшін көк тиын субсидия төлемейді. Құстарға дер кезінде вакцина егілмеуіне де шаруашылықтардағы қаржы тапшылығы себеп болғаны анық. Өйткені отандық өндірістің өнімі арзан, өзіндік құнды әзер өтеп отыр. Мұндайда құс фабрикаларының жұмысы шатқаяқтамағанда қайтеді?!» – дейді «Когер ЛДТ» компаниясының ди­рек­торы Светлана Иванова. Сондай-ақ сенатор Сұлтан Дүйсем­бинов кейбір отандық құс фабрикалары жабылу алдында тұрғанын, ал құс етінің негізгі бөлігі Ресей мен Беларусьтен келе­тінін айтып, Премьер-Министрден отан­дық өнімнің қымбаттауына байланысты тиісті шара қолдануды сұрады. «Ол үшін 5 жылдық кредиттік демалыс ұйымдастыруға жәрдемдесу, сақтандыру жарналарын және асыл тұқымды құс басын сатып алуды субсидиялау, жемшөп қорын құру, әкім­шілік кедергілерді жою және бәсеке­лес­тіктен қорғауды ұйымдастыру қажет», – деді ол.

Еркеғали БЕЙСЕН