Биыл «Жамбыл су» мекемесінің төңірегінде шу көп. Тарифпен тұрғындардың теңгесін қағып отырған кәсіпорынның өз басына тықыр таянғандай.
Жалпы, наурыз айының бел ортасында «Жамбыл су» мекемесінің басшысы Марат Смайылов аймақ басшысының алдында жылдық есебін берген болатын. Алайда кәсіпорын басшысының жұмысын тыңдамас бұрын облыс әкімі «Барысхан» иініне берілмей отырған ауызсудың себебін анықтау үшін Жауғаш батыр көшесіндегі сорғы стансасына ат басын бұрған. Мамандардың жауапсыздығынан тіршілік нәрін тұтына алмай отырған тұрғындардың жағдайын көзбен көрген облыс әкімі есепті жиынға ашуына мініп келген-ді. Кездесуде М.Смайыловтың есепті баяндамасын ысырып қойып, нақты сауалдарға жауап беруін талап етті. Басқосуда белгілі болғаны кәсіпорын 101 мыңнан астам абонентке қызмет көрсетеді. Мекемеге 649 шақырым су құбыры, 249 шақырым кәріз жүйесі және 97 ұңғыма қарайды. Теңгерімінде 75 автокөлігі бар. Жылдық айналымы – 1,8 миллиард теңге. Кәсіпорын Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлесіп облыс орталығының сумен жабдықтау желілерін жаңғырту бойынша бір миллиард теңгенің ауқымды жобасын жүзеге асыруда. Алайда мекеме былтырғы жылды 283,7 миллион теңге шығынмен қорытындылаған. Су құбырларының тозуы 71 пайыз болса, кәріз желілерінің тозуы 43 пайызды құрап отыр. Кәсіпорында 609 адам жұмыс істейді десек, олардың орташа жалақысы – 121,4 мың теңге. – Әкімшілік-басқарушылық аппаратта 50-дей қызметкер жұмыс істейді, ал директордың төрт орынбасары бар. Бұл тым көп емес пе? Сонымен қатар кәріз қалдықтарымен жұмыс істеуге тура келетін қарапайым жұмысшылардың жалақысы 3 мың теңгеге ғана өскен. Бұл ретте инфляция мен басқа да себептерді ескере отырып, жалақы жыл сайын кемінде 10 пайызға өсуі тиіс. Сіздер тарифтер төмен дейсіздер. Бірақ басқа кәсіпорындар да осындай жағдайда жұмыс істеуде, соған сәйкес қосымша резервтер іздеуге тырысады. Сонымен қатар әр пәтерде есептегіш құралдар тұрғанда 70 бақылаушы ұстау керек пе? – деген аймақ басшысы штат санының көптігіне күмәнмен қараған. Кәсіпорында кейінгі кездері қызметкерлер тарапынан түсетін шағым да көбейген. Ол ұжым ішіндегі жағдайды шиеленістірген. Міне, осы мәселелерді баса айтқан Б.Сапарбаев орынбасары Ұлан Жазылбекке мекеме жұмысын егжей-тегжейлі тексеруді тапсырған. Апта басында осы зерделеу жұмыстарының қорытындысы тыңдалып, бірқатар былықтың беті ашылды. Тексеріс қорытындысын тарқатып айтсақ, кәсіпорынның бекітілген тарифтік сметасында 569 штат қарастырылғанымен, бүгінде кәсіпорынның штат саны 609 бірлікті құрап, 40 қызметкер жұмысқа артық қабылданғаны анықталған. Бас инженермен қоса алғанда, бас директордың 4 орынбасары, 10 бухгалтер, тұрғындармен қызмет ету бөлімінде орынсыз 2 бөлім, оның бөлім басшысы, сондай-ақ бақылаушы қызметкерлердің, инженерлердің, бір бөлімде бірнеше шебердің нормадан артық саны тіркелген. Осылайша, бір жылда орташа есеппен 80 миллион теңгеге жуық қаражат тиімсіз жұмсалған. 2020 жылы кәсіпорынның қаржы айналымындағы 1,8 миллиард теңгенің 51,3 пайызы жалақыға жұмсалған. Сондай-ақ кәсіпорын 32 606 901 теңгеге инвестициялық бағдарламаны және 213 992 теңгеге бекітілген тарифтік сметаны орындамаған. Мекемеде жалақының уақытылы төленбеуі де тіркеліпті. Соның салдарынан былтыр жұмыскерлер кәсіпорын аумағында наразылық акциясын өткізген. Облыс басшысы аталған мәселелерге қаныққаннан кейін «Жамбыл су» мекемесі басшысының қызметіне сәйкестігіне қатысты мәселені көтерді. Бұл бойынша бір апта ішінде ұсыныс беруді Тараз қаласы әкіміне тапсырды. Міне, осылайша «Жамбыл су» мекемесі басшысының жағдайы мүшкіл болып тұр. Естеріңізге сала кетсек, Марат Смайылов 2013 жылы Т.Рысқұлов ауданының әкімі болып тұрған кезде де басы дауға қалған болатын. «Үй қызметкері мен оққағарларына қазына қаржысынан жалақы төлеп, бюджет теңгесін талан-таражға салды» деп айыпталған әкімнің ісі тәртіптік кеңесте қаралып, соңында ол өз еркімен жұмыстан кеткен болатын. Енді, міне «Жамбыл су» мекемесіндегі басшылық қызметі де айқай-шуға ұласып отыр.Саятхан САТЫЛҒАН, Жамбыл облысы