Былтырғы көктемнен басталған індетке қарамастан Жетісу жерінде өткен жылдың өзінде ғана «Жұмыспен қамту – 2020 Жол картасы» бағдарламасы аясында 18,8 млрд теңгеге 487,7 шақырым жолға түрлі деңгейдегі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы іске асырыла бастағаннан бері тағы 3,2 млрд теңгеге 97,2 шақырым жол ретке келтіріліпті.
Облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметі бойынша, соның арқасында өңірдегі 240 елді мекеннің ауылішілік жолдарының сапасын жақсартуға мүмкіндік туған. Атқарылған және жыл соңына дейін қолға алынатын жұмыстар нәтижесінде келер жылға дейін сапасы жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 89 пайызға жетіп, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 95 пайызды құрамақ. «Нұрлы жол» бағдарламасы да облыстың жол-көлік инфрақұрылымын дамытуға өзіндік серпін беріп отыр. Облыстық Жолаушы көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысы Ғалымжан Дәрібаевтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасының ауқымында жергілікті маңызы бар 1 800 шақырым автожол қайта жаңартылып, жөнделген. Аумақты дамыту бағдарламасына сәйкес, алдағы 5 жылға автомобиль жолдары желісін дамытудың облыстық жоспары әзірленіпті. Соған сай, 2025 жылға дейін 1 700 шақырымға жуық жол түрлі сатыдағы жөндеуден өтеді және оған 150 млрд теңге бағытталады. Соның ішінде Үлкен Алматы айналма автокөлік жолына шығатын алты жол салынады, Алматы қаласындағы Саин көшесін Үлкен Алматы айналма автокөлік жолына дейін жеткізу биыл басталады. Мұның бәрі 2025 жылға қарай жолдардың сапасын 95 пайызға жақсартуға мүмкіндік береді. Алматы қаласына көліктің кіріп-шығуын одан әрі жеңілдету мақсатында жоғарғы Қаскелең тасжолы мен Талғар трактін бірінші санатқа жеткізіп, қайта жаңарту көзделген. Сол сияқты ұзындығы 170 шақырым болатын «Сарыөзек – Көктал» жолы да қайта жаңғыртылады. 2023 жылға қарай «Қапшағай – Күрті» және «Күрті – Бурылбайтал» жолдарының 233 шақырымы толық жаңартылады. Алматы облысының туристік тартымдылығын арттыру мақсатында өңірдегі туристік нысандарға апаратын жолдарды жөндеудің маңызы аса зор. Сондықтан бұған да баса назар аударылып отыр. Осыған орай, жазда демалушылар ағылатын Алакөл көлдер жүйесіне апаратын «Алматы – Өскемен» автожолының «Талдықорған – Үшарал» бөлігінің, «Үшарал – Достық» автожолының қайта құрылымдалуы биыл аяқталады. Бұл жаз айларында ауданға келетін туристер санының артуына оң ықпал етпек. Балқаш көлінің жағалауына баратын ұзындығы 140 шақырым жол да қайта жаңартылып жатыр. Көлсай көліне жеткізетін жол құрылысы аяқталған. Ал Қайыңды көліне дейінгі 12 шақырым жолды жөндеу жұмыстары биыл басталады. «Алтынемел» ұлттық паркіне дейінгі жолды қайта жаңартуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. «Ақбұлақ» демалыс аймағына бару үшін Талғар қаласын айналып өтетін жол мен көпір салынды, Талғардағы «Лесная сказка» демалыс орнына, Шарын шатқалына кіретін жолдар жасалып, бұл жұмыстарға 6,3 млрд теңге жұмсалыпты. Облыста күре жолдарды қайта төсеу, жаңарту мен жөндеу жұмыстарымен қатар жол бойындағы сервистің сапасын жақсарту да ұмыт қалмапты. Қазір өңірдегі үлкенді-кішілі трассалар бойында осындай 344 нысан бар, оның 60 пайызы ұлттық стандарт талаптарына сай. Өткен жылы «Алматы – Өскемен» автожолының Іле ауданының аумағы арқылы өтетін бөлігінің 20-шақырымында көлемі 2 гектардай жерге салынған, D санатындағы Compass автожанармай құю бекетіне қарасты жаңа форматтағы, заманауи талаптарға жауап беретін трассалық қызмет көрсету кешені іске қосылды. Әзірге Қазақстанда теңдесі жоқ нысанда жолаушылар мен жүргізушілерге қажетті жағдайдың барлығы қарастырылған. Кешен аумағында 14 жанар-жағармай құятын орын мен 2 электромобиль қуаттандырғыш, жүк көліктеріне арналған тұрақ қарастырылған. Көлемі шамамен 1 000 шаршы метрлік ғимаратта жолаушыларға арналған асхана, кофе мен тіскебасар тағам сататын экспресс-кафе орналасқан. Кешен санитарлық желілермен де жабдықталған, мүгедек жандарға да қолайлы жағдай жасалған. Мұндағы басты ерекшелік – автокөлікке жанармай құюдан бастап ыстық тамақ ішіп, жолға қажетті азық-түлік және басқа да заттарды сатып алуға дейінгі қажетті қызметтің барлығын ұсынады. Алдағы уақытта облыстағы жолдар бойында дәл осындай сапалы сервис қалыптастыру жұмыстары жалғасады. Алматы облысындағы автокөлік жолдарының ұзындығы 9 634 шақырым болса, оның 6 811 шақырымы – жергілікті маңызда, 2 823 шақырымы – республикалық дәрежедегі жол. «Талдықорған – Өскемен» (313,5 шақырым), «Күрті – Бурылбайтал» (166 шақырым), «Ұзынағаш – Отар» (80 шақырым), «Қапшағай – Күрті» (67 шақырым), «Үшарал – Достық» (180 шақырым), «Алматы – Бішкек» («Алтын орда» базары) сынды автокөлік жолдарының құрылысы енетін ірі инвестициялық жобалар облыстағы жол инфрақұрылымын дамытуға зор ықпалын тигізіп отыр.Болат АБАҒАН, Алматы облысы