Оза шапқан оғлан
Оза шапқан оғлан
127
оқылды

Кәсіпқой бокс әлемінде тағы бір жаңа жұлдыз пайда болды. Ол – былтыр тамыз айының басында ғана кәсіпқой боксқа ауысқан әлем чемпионы Тұрсынбай Құлахмет есімді қазақ боксшысы.

Отандасымыз күні кеше Дубайда (БАӘ) өткен бокс кешінде сәтті өнер көр­сетіп, бірінші орта салмақта WBC International атағын қорғап қалды.  Қарсыласы осыған дейін 20 рет жеңіске жетіп, оның 13 кездесуін нокаутпен аяқтаған тәжірибелі венесуэлалық Хебер Рондон болғандықтан, көпшілік бұл кездесудің тартысты өтетіне сеніп, 10 раунд­тық жекпе-жек күтті. Бірақ спорт­тық мансабында кәсіпқой бокстағы үшін­ші кездесуін өткізген қазақстандық боксшы 10 раундқа есептелген жекпе-жек­тің алғашқы раундында-ақ Рондонды сұ­латып салды. Сол айқаста Құлахметтің жеңіске жетуіне небәрі 70 секунд жеткі­лікті болды. Осы жеңісі үшін боксшымыз орта салмақтағы BoxRec рейтингінде 48-сатыға көтерілді. Кездесуден соң қазақстандық сарап­шы Айдар Махметов боксшы Тұрсынбай Құлахметтің венесуэлалық Эбер Рон­донмен өткізген жекпе-жегі үшін қанша гонорар алғанын көпшілікке жариялады. – Былғары қолғап шебері Тұрсынбай Құлахмет кәсіби шаршы алаңдағы үшінші жекпе-жегі үшін 210 000 доллар табыс тапты. 70 секунд үшін жақсы табыс! – деп жазды спорт сарапшысы MakhmetovSport  Telegram арнасында. Бұл – кәсіпқой бокста үш кездесу өткіз­ген боксшы үшін тамаша жетістік, қо­мақ­ты қаржы. Біз осы ретте Тұрсынбай Құлахметтің бұған дейінгі өткізген екі кездесуіне шолу жасап көрмекпіз. Ол кәсіби ринг­тегі алғашқы жекпе-жегін 23 тамыз күні Алматы қаласында өткізіп, онда отан­дасы Сағадат Рахманқұловты (6-2, 4КО) уақытынан бұрын жеңген болатын. Сөй­тіп, Тұрсынбай кәсіпқой бокстағы ман­са­бын сәтті бастады. Одан кейінгі Тұр­сын­бай Құлахмет пен Маклей Макгоуэн арасындағы кездесу MTK Global және TOP Rank компаниялары ұйымдастырған Йоркширдегі (Англия) бокс кешінің басты жекпе-жегі болды. 10 раундтық ай­қас тартысты өтті. 7-раундта қазақстан­дық былғары қолғап шебері қарсыласын нокдаунға жіберді. Алайда ұлыбритания­лық боксшы тез есін жиып, кездесуді соңына дейін жалғастырды. Айқас соңын­да төрешілердің шешімімен бір­ауыз­дан Құлахмет жеңімпаз атанды. Кә­сіпқой бокстағы екінші жеңісінен-ақ қазақстандық боксшы бірінші орта сал­мақта WBC International белбеуінің ие­гері атанды. «Міне, жаңа чемпион! Тұрсынбай Құлах­мет өзінің екінші кәсіпқой жекпе-жегінде төрешілердің бірауыздан шығар­ған шешімімен Маклей Макгоуэнді жеңіп, WBC Халықаралық титулын жең­іп алды. Қазақтың шоқ жұлдызын жар­қын болашақ күтіп тұр!»  деп жазды MTK Global ресми Twitter-де. Кездесуден соң боксшы да жекпе-жек­тен алған әсерімен бөлісті. – Мен екінші жекпе-жегімнің Ан­глия­да өткеніне қуаныштымын. Бұл – бокстың  отаны. Мұнда бокс жыл сайын дамып келеді. Жергілікті жанкүйерлерге жақсы жекпе-жек көрсеттім деп ой­лай­мын. Екінші жекпе-жегімде WBC бел­беуін жеңіп алғаныма қуаныштымын. Құдай қаласа, келесі жылы толық белбеу үшін күресемін, – деп уәде берді. Қазақстандық боксшыны қазір Ұлы­британиядағы беделді мамандардың бірі Джейми Мур жаттықтыратынын айта кеткен ләзім. Ол Карл Фрэмптон, Джек Кат­тералл, Рокки Филдинг, Стивен Уорд сияқты боксшылармен жұмыс істеген. Сонымен қатар Мур Геннадий Голов­киннің бұрынғы қарсыласы Мартин Мюррейді де жаттықтырған. Бүгінде сол тізім ішінде біздің боксшымыздың есімі қатар аталады. Кәсіпқой боксқа ауысқан сәттен бастап MTK Kazakhstan менеджерлік компаниясымен келісімшартқа отырған Құлахмет жөнінде аталмыш менеджерлік компанияның басшысы Асқар Салық­баев әуел баста оң пікірін білдірген. – Тұрсынбай – әуесқой бокстан қазақ елінің үш дүркін чемпионы. Ислам ойындарының және бірқатар халық­ара­лық турнирдің жеңімпазы. 2019 жылғы Азия чемпионы. 2019 жылғы әлем чем­пион­атының қола жүлдегері. Әуесқой бо­кста 75 келіге дейінгі салмақ дәре­жесін­де өнер көрсетті. Ол – өз қатарын­дағы Қазақстанның ең үздік боксшы­ларының бірі. Біздің ынтымақтастығымыз нәтижелі және жемісті болып, үлкен жеңістерге бірге жетеміз деп үміттенеміз, – деп боксшыға үлкен сенім артты. Бү­гінде сол сенім толықтай ақталуда. Бокс­шы діттеген мақсатына қадам басып келеді. Оның қазіргі деңгейі, алдағы мүмкіндігі жөнінде PR менеджер, спорт журналисі Серік Ноян айтып берді. – Рингте өзін өте сенімді ұстайды, еркін қимылдайды, аяқпен де жақсы жұмыс істейді. Соққылары да мығым. Көбіне қарсыласын бақылауда ұстап жүріп, оған қысым көрсету арқылы жеңіс­ке жетуге әрекет жасайды. Әр жекпе-жек сайын дами түсетініне еш шүбә келтірмейміз. Болашағынан көп үміт күттіреді. Жасы небәрі 27-де. Үлкен айқастарға шығуына толық мүмкіндік бар. Бірінші орта салмақта мықтылар өте көп. Қазақстандық Садриддин Ахмедов те осы салмақта. Эрисланди Лара, Брайан Карлос Кастаньо, Тим Цзю, Джермалл Чарло секілді үздік боксшылар бар. Тұрсынбай да алдағы уақытта осы қарсыластарымен кездесуді мақсат тұтып отырғаны анық. Ол алдағы 1-2 жылдықта чемпиондық айқастарға толықтай дайын болады деп ойлай- мын, – дейді Серік. Тұрсынбай Құлахмет үшінші кез­десуінде де өзінің толық бабында екенін көрсетті, дәлелдеді. Венесуэланың мақ­таулы спортшысын қиналмай-ақ, көп күш жұмсамай-ақ жеңді. Әзірге Құлах­меттің еншісінде үш жеңіс бар. Бұл бастамасы ғана. Осы мақтаулы жетістік­тері оған алдағы кездесулерде үлкен мүмкіндік сыйлап, чемпиондық жекпе-жектерге даңғыл жол ашары сөзсіз.

Абылайхан ЖҰМАШ