Жергілікті жеміс-жидек ауылда өңделеді
Жергілікті жеміс-жидек ауылда өңделеді
387
оқылды

Сарқан ауданындағы «Сарқан жеміс консервілеу зауыты» жергілікті жерде өсетін жеміс-жидектен тосаптың және шырындар мен сусындардың түр-түрін  шығаруды қолға алды. Сонымен бірге басқа елден жеткізілетін апельсин сынды цитрустық жемістерден тұтынуға дайын өнімдер өндіруде. 

Жұмысын 2018 жылы бастаған зауыт, содан бері өндіріс желісін қалыптастырып қана қоймай, әр жыл сайын  өнім түрлерін көбейтіп, бүгінде  оның санын 15-ке жеткізген. Күзде жеміс-жидек жи­налып, қайта өңдеу қарқын алған кезеңде кәсіпорын күніне 120 тоннаға дейін өнім шығаруға қауқарлы. Зауыттағы барлық қондырғылар Ресей мен Қытай елінен әкелінген. Жақында  зауыт басшылығы бірнеше өнім түрін сынамадан өткізіп, соның нәтижесінде жергілікті алмадан ешқан­дай қоспасыз дайындалған тосап шы­ғаруды қолға алып, сатылымға SIVERS джем брендімен өз өнімдерін ұсына бас­тады. «Үш жыл бұрын жұмысқа кіріскенде, өн­дірісті бір өніммен бастадық. Алмадан шығарған сусынымыз жергілікті тұрғын­дардың сұранысына ие болғаннан кейін, өнім көлемін жыл сайын арттырып, түрлендіруге кірістік. Біздің мақсатымыз – отандық өнімге деген сұранысты қа­лыптастыру. Сондай-ақ алыс-жақын шетелдерге де өнімдерімізді экспорттау», – дейді зауыт басшысы Ринат Калиуллин. Кәсіпорындағылар  алдағы уақытта алманың жергілікті сортынан шыққан тосап, сусындарын елге кеңінен танымал ететін ерекше дәм жасап, табиғи артық­шылығы бар өнім ретінде тұтынушыларға ұсынуға ниетті. Бұл қадам  зауыттың одан әрі табысына өз септігін тигізіп, ау­данның экономикалық дамуына үлесін қосары анық. жеміс-жидек Әлемдегі алмалардың  атасы, жабайы алманың отаны – Жоңғар Алатауы екені дәлелденген. Соның бірі  осы өңірде өсетін сиверс алмасының дәмі керемет. Сондықтан оны біздің еліміздің брен­дінің бірі десек болады. Алдағы міндет – алманың осынау  жабайы түрін жоға­лып кетуден сақтап, түрлерін көбейту. Айта кетейік, сиверс жабайы алмасының гүлденуі кезінде ауданға жыл сайын мыңдаған турист келеді.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы